Сұрақ: Күлімдеп жүру мен жылы сөздің маңызы жайында айтып бересіз бе?
Жауап: Әһли хикмет ғұламалар былай деген:
Мұсылман жылы жүзді, ал мұнафиқ (екі жүзді) қабағын асып жүреді.
Күлімдеу – тегін, оны алған адамды шаттандырады, бергенді қинамайды.
Бақыттың кілті – күлімдеу.
Күлімдей алмайтын адам – бейшара.
Күлімдеудің жылылығында балқымайтын металл жоқ.
Күлімдей алу екі дүниенің бақытына себеп болады.
Ислам діні – сүйіспеншілік, күлімдеген жүз, жылы сөз, дұрыстық және жақсылық діні.
Достарға дұрыстықты айту керек, дұшпандарды күлімдеген жүзбен және жылы сөзбен басқару керек.
Жетістіктің сыры – күлімдеген жүз, жылы сөз және жақсы саясат. Жақсы саясат – бәрінің разы болуы деген сөз.
Сұрақ: Бәрін кешіре беремін, осының кесірінен кейде ақымақ қылатындар да болады. Жалпы кешірімді болу жақсы ма?
Жауап: Кешіру – ақысы болған бір нәрсені алмай, иесіне кешіп жіберу деген сөз. Аллаһу та’ала кешіруші, кешіретіндерді жақсы көреді. Құран кәрімде былай делінген:
«Кешір, жақсылыққа шақыр және надандардан бетіңді бұр!»(Араф 199)
Хадис шәрифтерде де былай делінген:
«Кешіріңдер, Аллаһу та’ала да сендерді кешірсін және құрметтеріңді арттырсын!» (Исфехани)
«Аллаһ разылығы үшін кешірген адамның Аллаһу та’ала дәрежесін көтереді.» (Мүслим)
«Өзінен алыстап кеткендерге жақындау, зұлымдық жасағандарды кешіру, мақрұм қалдырғандарға (ештеңе бермегендерге)сыйлық беру – жақсы мінезді болу деген сөз.» (И.Суюти)
Сұрақ: Көңілімізге әр түрлі ойлар келеді. Бұлар қайдан келеді? Қайбірінің жақсы, қайбірінің жаман екенін қалай ажыратамыз?
Жауап: Адамның көңіліне періштеден, шайтаннан және өз нәпсінен әр түрлі ойлар келеді. Періштеден келетін ойға «илхам», шайтаннан келетініне «уәсуәса», ал нәпістен келетін ойға «хауа» делінеді. Бұлардың бір-бірінен айырмашылығы қалай аңғарылады? Хадис шәрифте:«Періштеден келген илхам Ислам дініне сай болады. Шайтаннан келген уәсуәса Ислам дінінен айрылуға себеп болады» делінген. Олай болса, уәсуәсаны илхамнан ажырата білу үшін діннің әмірлерін жақсы білу керек. Мұсылман болмағандардан ірімшік, шұжық секілді азық-түліктер аларда «Бұлардың құрамына нәжіс зат араластырған» деген ой келсе, дереу діннің осы тұрғыдағы үкімін еске түсіру керек.
Сұрақ: Сөз тартысудың зияндары қандай?
Жауап: Шындықты анықтау ниетімен болса да, басқаларды сөзбен жеңу үшін сөз тыртысулар өте зиянды. Егер бір адамда сөз тартысуда сөзбен жеңуді жақсы көру, шындықты қарсы тараптағы адамнан естуден жағымдырақ болса, жамандықтың бәрі ішіне кіріп алған деген сөз. Сөз тартысуда жеңіп шығу қалауы басқа жамандықтарға себеп береді.
Сөз тартысудың он зияны бар:
1) Хаседке (көре алмаушылыққа) жол ашады:
Ал хасед, жақсылықтарды оттың отынды жаққаны сияқты жағады. Сөз тартысуда сөзбен жеңу де, жеңілу де зиянды. Жеңілген адамға «Пәленшенің ой-өрісі сенен жақсырақ екен» деген кезде, сөзбен жеңген адамға хасед ете бастайды. Сөз тартысуда жеңген адам өзін үстем санай бастайды. Хадис шәрифте: «Аллаһу та’ала тәкәппарланған адамды төмендетеді, қарапайым болғанды көтереді» делінген. (Табарани)
Жақсы көретін және бағалайтын досыңызға оны жақсы көретіндігіңізді әрекетпен, қарым-қатынаспен ғана білдіру жеткіліксіз. Сөзбен де айту керек! Хадис шәрифте былай делінген:
«Досын жақсы көретін адам оның үйіне барып "Сені Аллаһ разылығы үшін жақсы көремін" деп айтсын!» (И.Ахмед)
Осындай дос тапқаннан кейін оны ренжітетін қарым-қатынаста болмау керек. Хадис шәрифтерде былай делінген:
«Достарыңмен сөз тартыспа! Оған қиыншылық келтірме! Оның хал-жағдайын әркімнен сұрама! Бәлкім, оған дұшпан болған біреуге кезігесің, ол досың жайында қате бір нәрсе айтып, араларыңның ашылуына себеп болуы мүмкін.» (Әбу Нуайм)
Сұрақ: Анама «Шаштарымды ашып жүруім негізінде күнә болады. Ал мен бұл күнәні істеп жүрмін, ендеше қолдарым мен аяқтарымды да ашып жүрсем не болады?» деймін. Ал анам бұған қарсы. Тіпті «Намазыңды оқы» дейді. Ал мен «Мүлдем күнә істемесем оқитын едім» деймін. Бір күнә істесем де, үш күнә істесем де, арасында қандай айырмашылық бар» деймін. Менікі дұрыс емес пе?
Жауап: Күнә істеген адамға сенікі дұрыс делінбейді. Өкінішке орай бұл заманда ғибадаттарда «істесең толық істе, немесе мүлдем істеме» деген көзқарас бар. «Не толық, не мүлдем ештеңе» деген нәрсе тек иманда болады, күнәлар мен ғибадаттарда болмайды. Иманның азы-көбі болмайды. Иман не бар, не жоқ болады. Кейбір ғибадаттарды орындай алмаған немесе кейбір күнәлардан сақтана алмаған адамға «Сен күнәхарсың, енді саған ғибадат етуіңе қажеттілік жоқ» деуге болмайды. Күнә кіші болса да, одан сақтануға тырысу керек. Бір күнәға әдеттенген адам басқаларын да істегісі келеді. Бір күнә басқа күнәларды шақырады. Күнә істеу – қарсы шығу деген сөз. Ақылды адам өз Раббысына қарсы шығу мөлшерін арттырады ма? Керісінше азайтуға тырысады.
Сұрақ: Шындықты айтып біреуді бетпе-бет мақтау дұрыс па?
Жауап: Шындықты айтып болса да біреуді бетпе-бет мақтау оның пәлекетке ұшырауына себеп болуы мүмкін. Өйткені жақсы көретін адамды мақтаған кезде тым асырып жіберіп, өтірік араласып кетуі мүмкін. Ал жақтырмайтын адамды мақтау рия болуы мүмкін.
Кейде бір адамды мақтаған кезде мақталған адам қуанады, өз-өзін ұнатады, адамдар менен үлгі алсын деп көрсетіндіге түсуі мүмкін. Өзін басқа адамдардан үстем санауы мүмкін. Алайда өзін әлсіз, кемшілікті, күнәхар санайтын адам салих амал жасайды және харамдардан одан да қаттырақ сақтануға тырысады. Ал өзін басқалардан үстем санаған адам бүкіл құндылықтардан мақрұм қалады. Мақталған адам өзін бір жетістіктерге қол жеткіздім деп ойлайды. Бір адам Расулуллаһ алейһиссаламның жанында бір кісіні мақтайды. Сонда Пайғамбарымыз оған «Оның мойнын үздің, естісе құтыла алмайды» деді. (Бұхари, Мүслим)