Сараңдық
Сұрақ: Сараңдық туралы мәлімет бересіздер ме?
Жауап: Дін, ождан және адамгершілік тұрғысынан беру керек болған жерлерде бермеу және беруге қиналу сараңдық болып табылады. Аллаһу та’ала нисап мөлшерінде байлық берген адам уақыты келгенде оның зекетін, пітірін бермесе және құрбандығын шалмаса, бала-шағасының да нафақасын толық бермесе бұл адам сараң деген сөз. Аллаһу та’ала Құран кәрімде былай дейді:
«Хақ та’ала ихсан етіп берген мал-мүлікте сараңдық еткендер, оның зекетін бермегендер осы тірліктерімен байлықтарын сақтап қалып, өздеріне жақсылық жасадық деп ойлайды. Ал негізінде өз-өздеріне жамандық жасады. Ол мал-мүліктер жаһаннамда азап құралдарына айналады, жылан кейпінде мойындарына оралып, бастан аяққа дейін шағады.» (Али Имран 180)
Хадис шәрифте: «Сараңдықтан сақтаныңдар! Өйткені сараңдық сендерден бұрынғылардың опат болуына себеп болды» делінді. (Тәбйинул-Мәхарим)
Имам Ғазали хазреттері былай деген: «Ең сараң адамдар діннің борыш еткен міндеттерін өтемейтіндер. Зекетін бермейтіндер, бала-шағасының нафақасын қамтамасыз етпейтіндер немесе бұларды жүк ретінде лажсыз орындайтындар осындай. Бұлар табиғатында сараң. Лажсыз жомарт көрінуге тырысады немесе мүлкінің қалдықтарын немесе қаламай орта дәрежеде бергісі келеді. Азығы көп бола тұра аш көршісіне бермеу, алдында тамақ тұрғанда ұзақтан бір кедейдің келе жатқанын көріп тамақты тығып қою адамгершілікке жат қылық және сараңдық болып табылады.»
Сондай-ақ сараңдық делінгенде көбінесе материалдық, яғни мал-мүліктегі ашкөздік ойға келеді. Алайда мал-мүлікпен қоса сараңдық уақытта, дене мүшеде, сөзде, ілімде және т.б. пайдалы ниғметтерде де болады. Яғни бұл ниғметтерді діннің үкімі бойынша және адамгершіліктің қажет ететін жерлерге бермеу, қолданбау дегенді білдіреді.
Бұл тақырыпта Юсуф Синануддин хазреттері былай деген: «Сараңдық мал-мүлікті жинап, қайырлы жерлерге жұмсамаумен ғана шектелмейді. Ғибадаттарын орындамайтын адам да өзіне сараңдық еткеніндей, пайғамбарымыздың атын естіп салауат айтпаған, мұсылмандарға кезігіп оларға сәлем бермеген адам да сараңдық еткен болады.»
Аллаһу та’ала сыйлаған ілімді, пайдалы нәрселерді адамдарға айтпау, үйретпеу де сараңдық. Ал мұның терісін айту, яғни қате нәрсені айту болса, одан өткен сараңдық.
Мал-мүлкін қайырлы құрылымдарға, кедейлерге беруді ұйғарған кісіге «Мүлкіңе тиіспей қоя тұр. Қазір қажеттіліктер көбейген заман. Өзіңе де әлі керек болады. Егер қазір қайырымдылыққа беріп жіберсең ертең кедей болып қаласың» деп өзгенің істейін деп тұрған жақсылықтарына тосқауыл болу да ең үлкен сараңдықтардан.
Аллаһу та’ала мұсылмандарға күніне бес уақыт намазды парыз еткен. Бір күндік парыз намаздардың қосындысы 17 рәкат. Уәжіп, сүннеттерін де қосқанда барлығы 40 рәкат. Әр қайсысын 1 минуттан есептегенде шамамен 40 минуттық уақыт. Демек Аллаһу та’аланың берген 24 сағатының ішінен 40 минутын Аллаһу та’алаға бөлмеген адам сараңдық еткен болады. Ал уақытын Аллаһу та’аланың тыйым салған нәрселерде қолданғандар болса, харамдарға, ішкілікке, құмар ойындарына сарп етсе исраф еткен болады.
Демек сараңдық жаман болғанындай ысрап ету де соншалықты жаман. Мұның ортасы, ең дұрысы жомарттық.
Пайғамбарымызға бір кәрі кемпір көрші тұратын. «Намаз оқу үшін оранатын киімім жоқ. Маған намазда киетін киім жіберші» деп сұранады. Расулуллаһ алейһиссаламның да сол сәтте үстіндегіден басқа киімі жоқ еді. Мүбәрәк үстіндегі антариін шешіп әлгі кемпірге жібергізеді. Намаз уақыты кіргенде көйлексіз болғандықтан мешітке бара алмайды. Сахабалар бұл жағдайды естігенінде расулуллаһтың жомарттылығы соншалық, көйлексіз қалып жамағатқа келе алмауда. Біз де барымызды кедейлерге таратайық деп ұйғарады. Бұл оқиғаға байланысты Аллаһу та’ала Исра сүресінің 29-шы аяти кәримасын жіберді. Алдымен: «Ей Хабибім сараңдық етпе, қысаңшылық етпе» деп бұйырғаннан кейін: «Қиыншылыққа түсердей және намазыңды жіберіп алардай, қынжылардай дәрежеде таратпа! Садақада орташа мәміледе бол.» деп бұйырды.