Тәуһид кәлимасы
Әһли хикмет ғұламалар былай деген:
Бір рет «Ла илаһа иллаллаһ Мухаммәдун Расулуллаһ» деп айту өте оңай, алайда оның құны өте жоғары. Имам Раббани хазреттері: «Бұл кәлиманың құндылығы соншалық, тараздың бір жағына осы сөзді қойып, екінші жағына жеті қабат жер мен жеті қабат көк толатындай күнә қойылса, бұл кәлима ауыр басады» деген. Иманы бар адамды от жақпайды. Өйткені тәуһид кәлимасы оны қорғайды. Ғасырлар бойы имансыздар осы сөзді айтпау үшін өлді, жаһаннамға түсті. Мұсылмандар болса, бұл сөзді айтқызу үшін шәһид болды, жаннатқа барды. Айырмашылық тек қана осы. Яғни бір шәһадәт кәлимасы дұрысты бұрыстан, хақты батылдан ажыратады. Ғасырлар бойы мұсылмандар мен кәпірлердің арасында болған соғыстардың себебі тек қана – осы еді.
Бұл тәуһид кәлимасын ықыласпен айтуды, яғни бұған иман келтіруді Аллаһу та’ала кімге нәсіп еткен болса, бұл дүниеде ол адамнан асқан бай, бақытты адам болмайды. Сондықтан, Аллаһу та’ала бұл сөзді айтуды кімге нәсіп еткен болса, құл бұдан артық не тілей алады? Өйткені Аллаһу та’ала ол құлға ең құнды нәрсені берді. Бұдан да құнды нәрсе жоқ.
Бізге тәуһид кәлимасын айтуды және оған сенуді нәсіп еткені үшін Аллаһу та’алаға хамд болсын. Мысалы, пайғамбарымызды көрсе де Әбу Жәһл, Әбу Ләһаб секілді бетбақтар тәуһид кәлимасын айтпады. Бірақ, хазреті Әбу Бәкір және қалған сахабалар айтты. Бұл іс ойын емес. Мәселе жаннат пен жаһаннам турасында айтылуда. Бұл сөзді айтқан адам жаннатқа, айтпаған адам жаһаннамға барады. Сондықтан, әр мүмкіншілікте тәуһид кәлимасын айтып жүру керек.
Егер кісінің иман-ақидасы бұзылған, адасқан, Әһли сүннет ғұламаларының білдіргендеріне сай болмаса, ғибадаттардың пайдасы болмайды. Ондай адамның иманмен жан тапсыруы өте қиын болады. Ақида тура болып, бес уақыт намаз да толық болса, үлкен сүйіншілерге қауышылады. Бес уақыт намаз болмаса, жүз мың рет қажылық етілсе де, жүз мың хатым түсірілсе де, жүз мың алтын садақа берілсе де ешқандай пайдасы болмайды. Өйткені намаз – діннің тірегі, негізі. Тірегі, негізі жоқ ғимарат құлап қалады. Намаз – діннің басы, бассыз дене өмір сүре алмайды.
Дүние – ахиреттің қарама қарсысы. Шығыс пен батыс, күн мен түн сияқты. Сондықтан адам шығыс пен батыстай қарама-қайшы болған дүние мен ахирет арасында (шығысқа барайын ба әлде батысқа ма деген) бір шешім қабылдауы керек. Бірақ, қай бағытқа баратын болса, қарсы бағыттан алыстайтынын білу керек. Өйткені екі бағытқа бірдей бару мүмкін емес. Сол себепті адамдар ахиретке жақындаған сайын дүниеден алыстайды. Дүниеге жақындаған сайын, көңілде дүниеге деген сүйіспеншілік артқан сайын, дүние мәселелері көбейген сайын ахиреттен алыстайды. Ахиреттен алыстағандардың қияметте жағдайлары қиын болады.