Екінші Ақаба анты
Расулуллаһ алейһиссаламның пайғамбарлық міндетін атқарғанына 13 жыл болған еді. Меккелік мүшриктердің мұсылмандарға жасаған зұлымдығы шектен шығып, шыдау мүмкін емес жағдайға келген-ді. Мәдинада болса Әсад бин Зурарә мен Мусаб бин Умәйрдің (радиаллаһу анһума) қызметтерінің арқасында Әус және Хазрәж тайпалары мұсылмандарға құшақ жайып, оларды бауырына басып барлық көмекті көрсететіндей дәрежеде сүйіспеншілік пен ынтада еді. Пайғамбарымыздың да тезірек Мәдинаға көшуін сұрап, Ол үшін мал-жандарын құрбан ететіндіктеріне сөз беруде еді. Қажылық маусымы келген болатын. Мусаб бин Умәйрмен бірге мәдиналық 73 еркек және 2 әйел мұсылмандар Меккеге келді. Қажылықтан кейін барлығы тағы да Ақабәда пайғамбарымызбен кездесті. Әсад бин Зурарә мен оның 12 өкілі, тайпаларының атынан пайғамбарымыздың Мәдинаға көшуін ұсынды. Расулуллаһ оларға Құран кәрімнен біраз аяттар оқығаннан кейін өз жандарын, өз бала-шағаларын қалай қорғаса, Оны да солай қорғайтынына олардан уәде талап етті.
Әлі мұсылман болмаған Расулуллаһтың көкесі Аббас та сол жерде болатын. Ол топқа қарап: «Ей, мәдиналықтар! Бұл – бауырымның ұлы. Адамдардың ішіндегі ең жақсы көретінім де сол. Егер Оны растап, Аллаһтан әкелгендеріне сеніп, өздеріңмен бірге алып кеткілерің келсе, мені қанағаттандыратындай сөз берулерің керек. Мұхаммед алейһиссалам біздің адамымыз. Біз Оны Оған сенбейтін адамдардан қорғадық. Ол біздің арамызда адамгершілігімен, абыройымен қолдау көріп келеді. Ол осылардың барлығына қарамастан сендерге қосылып кетуге шешім қабылдады. Егер сендер бүкіл араб тайпалары бірігіп сендерге шабуыл жасағанда оларға қарсы тұра алатындай күшке ие болсаңдар ғана бұл іске кірісіңдер. Бұл турасында да араларыңда жақсылап келісіп алыңдар, кейін бір-біріңнен бөлініп кетіп жүрмеңдер. Берген сөздеріңде тұрып, Оны дұшпандарыңнан қорғай аласыңдар ма? Қорғай алсаңдар жақсы. Жоқ, Меккеден шыққаннан кейін Оны жалғыз қалдыратын болсаңдар, қазірден бас тартыңдар, Ол өз елінде абыройымен қорғалған түрде өмір сүрсін» деді.
Хазіреті Аббастың бұл сөзіне мәдиналық мұсылмандар ренжіді. Оның сөздері мәдиналықтарға Расулуллаһ саллаллаһу алейһи уәсәлләмді елдеріне алып барып, мүшриктерден қорғай алмайтындай, қиналған кезде Оны тастап кететіндей болып тиді. Мәдиналық сахаба Әсад бин Зурарә пайғамбарымызға қарап: «Йа, Расулаллаһ! Рұқсат етсеңіз бір ауыз сөзім бар» деді. Пайғамбарымыз рұқсат бергеннен кейін хазіреті Әсад (радиаллаһу анһ): «Ата-анам сізге құрбан болсын, йа Расулаллаһ! Әр дағуаттың жұмсақ дәне қатты әдісі бар. Қазір сіз бізді адамдардың қабылдауы қиын нәрсеге шақырып тұрсыз. Өйткені, адамдардың бұрыннан табынып келе жатқан пұттарын тастап, Исламды қабылдауы өте қиын нәрсе. Осыған қарамастан біз Исламды шын көңілімізбен қабылдадық. Және де мүшрик туыстарымызбен байланысты үзуді бұйырдыңыз, шын ниетпен оны да қабылдадық. Мұны қабылдау да қиын екенін білесіз. Тіпті көкелеріңіз Сізбен қатынасын тоқтатқанда, біз құшақ жайып, сізді қорғау секілді мәртебелі міндетті өз мойнымызға міндет деп білдік. Бәріміз берген сөзімізде келістік. Аузымызбен не айтқан болсақ, сол айтқанымызды жүрегімізбен растаудамыз. Өз бала-шағамызды қалай қорғасақ, сізді де қасық қанымыз қалғанша қорғауға ант береміз. Егер бұл антымызды бұзсақ, Аллаһу та’алаға берген сөзімізде тұрмай шақилер (тозақтықтар) тобына кірген болайық. Йа, Расулаллаһ! Біз осы сөзімізге берікпіз, сөзімізде тұрамыз. Аллаһу та’ала істі оңғарсын» деді. Содан соң «Йа, Расулаллаһ! Бізден өзіңіз үшін не қалайтыныңызды айтып, шарт қоя аласыз» деп жалғастырды. Пайғамбарымыз оларды Исламға үндеді. Құран Кәрім оқыды. «Сендерге Раббым үшін қояр шартым Аллаһу та’алаға ғибадат етулерің және еш нәрсені оған серік етіп қоспауларың, өзім және сахабаларым үшін қоятын шартым бізді паналатуларың, маған және сахабаларыма көмекші болуларың, өздерің қорғанған нәрселерден бізді де қорғауларың» деді.
Бәра бин Марур «Сізді хақ дін және кітаппен пайғамбар етіп жіберген Аллаһу та’алаға ант етемін, бала-шағамызды қорғағанымыз сияқты сізді де қорғаймыз. Бізбен серттес, йа Расулаллаһ!» деді.
Мәдиналық мұсылмандардан Аббас бин Убадә (радиаллаһу анһ) Пайғамбарымызбен жасалған келісімді нығайту үшін жолдастарына «Ей, Хазрәждіктер! Мұхаммед алейһиссаламды не үшін қабылдағандықтарыңды білесіңдер ме?» деді. Олар «Иә» деп жауап берді. «Сендер оны бейбіт уақытта да, соғыс кезінде де қабылдап, Оған бағынасыңдар. Егер малдарыңа бір зиян келіп, туыстарың қырылса, Пайғамбарымызды жалғыз тастайтын болсаңдар, қазірден айтыңдар. Егер осылай жасайтын болсаңдар дүние мен ахыретте құрисыңдар. Егер малдарың кетіп, туыстарың өлтірілсе де Оған бағынатын болсаңдар бұл осы дүниелерің мен ахыреттерің үшін қайырлы» дегенде жолдастары «Біз Пайғамбарымыздан малымызға зиян келсе де, туыстарымыз өлтірілсе де бас тартпаймыз. Одан ешқашан айрылмаймыз. Өлу бар, сөзден таю жоқ» деді. Сосын Пайғамбарымызға қарап, «Йа, Расулаллаһ! Біз осы антымызды орындасақ бізге не беріледі?» деп сұрады. Пайғамбарымыз сонда «Аллаһу та’аланың разылығы мен жұмақ бар» деді. Олардың барлығы тайпасының өкілі ретінде уәде берді. Алдымен хазіреті Әсад бин Зурарә «Мен Аллаһу та’алаға және Оның расулына берген сөзімде тұруға, жаныммен, мал-мүлкіммен Оған көмектесу туралы уәдемді орындауға ант беремін» деп қол алысты. Одан кейін барлығы осылайша ант беріп, «Аллаһу та’аланың және расулының шақыруын қабылдадық, тыңдадық және мойынсұндық» деп ризалықтарын, бағынатындықтарын білдірді. Осылайша, Расулуллаһ үшін мал-жандарын пида ететіндіктерін білдірді. Әйелдер ауызша ант берді.
Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Аллаһу та’алаға еш нәрсені серік етіп қоспау, ұрлық, жала және зинақорлық жасамау, балаларын өлтірмеу, өтірік айтпау, жақсы істерге қарсы келмеумәселелерінде олардың уәдесін алды.
Мәдиналықтар Пайғамбарымызға ант берген уақытта Ақабә төбесінен «Ей, Мина тұрғындары! Пайғамбар мен мәдиналық мұсылмандар сендермен соғысу үшін келісті» деген дауыс келді. Пайғамбарымыз «Бұл - Ақабәның шайтаны» деп, «Ей, Аллаһу та’аланың дұшпаны! Сені жеңермін» деді. Ант берген мәдиналықтарға«Сендер қонатын жерлеріңе барыңдар» деді. Аббас бин Убадә «Йа, Расулаллаһ! Ант етемін, қаласаң ертең Минадағы кәпірлерге шабуыл жасап, оларды қырып саламыз» деді. Пайғамбарымыз ризалық білдірді, бірақ «Бізге бұлай әрекет жасауға әлі бұйрық келген жоқ. Қазір орындарыңа қайтыңдар» деді.
Имам Нәсаидің Абдуллаһ ибн Аббастан алған риуаяты бойынша ансардың ішінен Ақабә антында болғандары Расулуллаһтың қасына келу арқылы Мұхажирлердің қатарынан саналатын болды.