Анасының қайтыс болуы
Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) алты жасына дейін анасының қасында өсті. Алты жасында анасы және Үммү Әймән деген күңмен бірге туыстарын барып көру және әкесі Абдуллаһтың мазарын зиярат ету үшін Мәдина қаласына сапар шегіп барады. Ол жақта бір ай болады. Пайғамбарымыз Мәдинада Нәжжар ұлдарының көлшігінде жүзуді үйренеді. Сол кезде бір яһуди білгірі Оның арқасындағы пайғамбарлық мөрді байқап қалады. Қасына барып, есімін сұрайды. «Ахмед» деген кезде ол адам: «Мына бала ақыр заман пайғамбары болады» деп айқайлады. Сол жердегі кейбір яһуди ғалымдары да Ондағы пайғамбарлық белгісін көріп, жақында шығатын пайғамбардың осы бала болатыны жайлы өз араларында әңгімелесіп қалады. Олардың қызғаныш пен қызығу аралас айтып жатқан сөздерін естіген Үммү Әймән, қорқып кеткенінен жағдайды дереу хазіреті Әминаға хабарлайды. Бибі Әмина балаға бір зиян келмесін деген уайыммен Оны алып, тезірек Меккеге қайту үшін жолға шығады. Бірақ Әбуа деген жерге барған кезде хазіреті Әмина аяқ астынан әлсіреп, ауырып қалады. Барған сайын ауруы асқынып, жиі-жиі есінен айрыла береді. Қасынан айырылмай жасты көздерімен қарап тұрған ұлы Мұхаммед алейһиссаламға қарап: «Ей, атылған өлім оғынан Аллаһу та’аланың көмегімен, жүз түйе құнымен аман қалған адамның ұлы! Аллаһу та’ала сені аман қылсын. Егер түсімде көргендерім тура шығатын болса, сен мейірімді, рақымды Аллаһу та’ала тарапынан адамзат баласына харам мен халалды үйретуші ретінде жіберілесің. Хақ та’ала сені көне ғасырлардан бері әр түрлі ру-тайпалардың ұрпақтан ұрпаққа өткізуімен жалғастырып келе жатқан пұттарынан және пұтқа табынушылықтан сақтап, қорғайды» деп, мына өлеңді оқиды:
Ескіреді жаңа тән, өлер барлық тірі жан,
Таусылады бар болған, қалған ба жас сақталған?
Мен де өлермін жетіп бір абыройға, бұйырған
Саған ана болуды нәсіп етті Жаратқан.
Мен артымда қалдырдым нұрдай қайырлы ұрпақ,
Енді рахат көз жұмам, торқа болар топырақ.
Қалар әрдайым атым дастан болып тілдерде,
Ал Сенің махаббатың мәңгілік көңілдерде.
Сосын анасы көз жұмады. Сол жерге жерленеді. Әмина анамыз қайтыс болғанда жиырма жаста болатын. Үммү Әймән жас кезінде ата-ана мейірімінен бірдей махрұм қалған әлемдердің сұлтаны болған пайғамбарымызды қасына алып, бірнеше күндік жолдан кейін Меккеге әкеліп, атасы Абдулмутталибке тапсырады.