Сүт анаға берілуі
Әмина анамыз нұрлы сәбиін қолына алғанда күйеуі Хазіреті Абдуллаһтың өлім қайғысын ұмытқандай болатын. Тоғыз күн емізгеннен кейін Әбу Ләхәбтің күңі болған Суәйбә ханым бірнеше күн сүт анасы қызметін атқарды. Суәйбә ханым бұрын хазіреті Хамзаны, одан кейін Әбу Сәләмәні емізген болатын. Хафиз ибни Жәзри айтады: «Әбу Ләхәб түсіме кіріп, одан халін сұрағанда «қабір азабын шегудемін. Бірақ, жыл сайын рабиуләууәл айының он екісіне азабым жеңілдейді. Екі саусағымның арасынан шыққан салқын суды сорып, рахат табамын. Бұл түні Расулуллаһ дүниеге келгенде Суәйбә деген күңім осыны айтып сүйіншілеген еді. Мен қуанғанымнан оны азат етіп, оған сүт ана бол деп бұйырған едім. Сол үшін де осы түні азабым жеңілдейді» деді».
Ол кезде Мекке халқы әдет бойынша балаларын бір сүт анаға беретін. Ауасы таза, суы дәмді жерлердегі жайлаудағы үйлерге жіберілген балалар біраз уақыт сүт аналарымен бірге болатын. Бұған Меккенің ыстық ауасы себеп болатын. Жыл сайын осы мақсатта Меккеге көптеген әйелдер келетін. Олар емізуге балалар алып кететін. Балалары өсіп, оларды әкеп тапсырғаннан кейін көп ақша мен сыйлықтар алатын.
Пайғамбарымыз туылған жылы да Бәни Са’д тайпасының бірнеше әйелі сүт ана болу ниетімен Меккеге барады. Емізуге балалар алады. Бәни Са’д тайпасы Мекке маңындағы тайпалардың ішінде абырой, жомарттық, кішіпейілділік және араб тілін жетік білуі тұрғысынан танымал болатын. Құрайыш тайпасының алдыңғы қатарлы адамдары балаларын көбіне осы тайпаға беруге тырысатын. Сол жылы Бәни Са’д тайпасының мекенінде қатты құрғақшылық болып, жұт болады. Осы тайпаның өкілі Халима ханым бұл жағдайды былай әңгімелеген: «Мен сол жылы қырды кезіп, шөп жинап, оны тапқаным үшін Аллаһу та’алаға шүкіршілік ететінмін. Кейде үш күнге дейін ешнәрсе жемейтінмін. Осылай жүріп балалы болдым. Бір жағынан аштық, екінші жағынан босанудың ауыртпалығы бар еді. Аштықтан жер мен көкті, күндіз бен түнді айыра алмаған кездерім де болды. Бір түні ұйықтап қалыппын. Түсімде бір адам мені сүттен ақ бір судың ішіне батырып, «Осы судан іш» деді. Мен қанғанша іштім. Сосын іш деп тағы да қинады. Іше бердім, іше бердім, су балдан да дәмді еді. «Сүтің көп болсын, ей Халима! Мені таныдың ба?» деп сұрады. Танымайтынымды айтқанымда «Мен сенің қиналған кезіңде айтқан шүкіршілігіңмін. Ей, Халима! Меккеге бар. Сол жерде саған бір нұр жолдас болады, береке келеді. Бұл түсті ешкімге айтпа» деді. Оянған кезімде омырауым сүтке толып, аштық пен қиналыстың жойылғанын сездім».
Жұтқа байланысты ақыға бала емізіп, күнкөріс қамын жасау үшін басқа жылдарға қарағанда сол жылы Меккеге әйелдер көп барады. Барлығы да бай отбасыларынан алуға тырысады. Асығыс келген әйелдер біраз балаларды алған еді. Бірақ, Пайғамбарымыз жетім болғандықтан аз ақы аламын деген оймен Оны ешкім қаламайды. Бұл әйелдердің ішінде инабаттылығы, тазалығы, кішіпейілділігі және жақсы мінезімен танылған Халима ханым да бар еді. Мінген жануарлары әлсіз болғандықтан Меккеге кеш келген еді. Бірақ, бұл кешігу оларға үлкен пайда әкелді. Күйеуі екеуі Меккені аралап, бай үйдің балаларының алынып қойғанын көреді. Бірақ, бос қайтқылары да келмейді. Бала алып қайтқылары келеді. Ақыры бір жылы жүзді, тартымды бір адамға кездеседі. Ол Меккенің басшысы Абдулмутталиб болатын. Олардың ниеттерін түсінгеннен кейін ол өзінің немересін алуды ұсынып, сол арқылы үлкен дәулет пен бақытқа қол жеткізетіндерін айтады. Абдулмутталибтің тартымдылығы оларды баурап алып, оның ұсынысын қабылдайды. Сосын қарт ата Халима ханымды Хазіреті Әминаның үйіне алып барады. Халима ханым былай дейді: «Баланың қасына барған кезімде құндаққа оралған, жасыл жібектен тоқылған жамылғының үстінде пырылдап ұйықтап жатыр еді, одан хош иіс аңқып тұрды. Таң қалып, оған мейірімім ауғаны соншалық оны оятқым келмеді. Қолымды көкірегіне қойғанымда ол оянып, маған қарап жымиды. Менің бұл жымиысқа есім ауғандай болды. Сосын анасы осыншалықты әсем баланы маған бермей қояр деп бетін жауып, көтеріп алдым. Оң омырауымды бердім, ол еме бастады. Сол омырауымды беріп едім ембеді. Абдулмутталиб маған қарап, «Сүйінші, әйелдердің ішінде сен сияқты нығметке қол жеткізген әйел жоқ» деді. Әмина ханым да маған сүйкімді баласын бергеннен кейін «Ей, Халима! Үш күн бұрын «сенің балаңа сүт беретін кісі Бәни Са’д тайпасының Әбу Зуейб тегінен шыққан бір әйел болады» деген дауыс естідім» деді. Мен оған «Мен Бәни Са’д тайпасынанмын, әкемнің аты Әбу Зуейб» дедім». Халима ханым сөзін жалғастырып былай дейді: «Әмина ханым маған көп нәрселер айтып, насихаттар берді. Мен де Меккеге келместен бұрын көрген түсімді және келе жатқанда оң жағымнан, сол жағымнан «сүйінші, ей, Халима! Әлемдерді жарқырататын нұрды емізу саған бұйырды» деген дауыстар естігенімді айттым.
Үлесімізге түскен бұл нұрдай сәбиді алып Хазіреті Әминаның үйінен шықтым. Күйеуімнің қасына барғанымда қолымдағы баланы көріп, таңданып «Ей, Халима! Өмірімде мынадай нұр жүзді сәби көрген емеспін» деді. Оны үйімізге алып кеткеннен кейін шаңырағымызға келген берекені көріп, «Әй, Халима! Сен не деген қасиетті және қадірлі бала алғансың» дейтін. Мен «Менің де тілегім дәл осындай берекелі сәби болатын, тілегім орындалды» дейтінмін».
Халима ханым күйеуімен бірге Мұхаммед алейһиссаламды алып, Меккеден шыққан кезден бастап, қасиетті сәбидің берекесін көре бастады. Азып-тозып кеткен, зорға жүрген есектері аттай жорғалай бастаған еді. Өздерімен бірге келген керуендері олардан бұрын жолға шығып, өте алыстап кеткеніне қарамастан оларға жетіп алып, тіпті озып та кетеді. Бәни Са’д еліне барғаннан кейін оларды бұрын соңды болмаған молшылық пен береке қаптады. Аз сүт беретін малдарының желіндері сүтке толды. Мұны көрген көршілері таңданып, бұл беркеттің сыры емізуге әкелген балада екенін ашықша байқаған еді.
Бір ара олар мекен еткен елде құрғақшылық болды. Сусыздықтан қатты қиналған халық жаңбыр дұғасына шығуға бел буады. Мұхаммед алейһиссаламды қастарында алып барып, Жаратқанға дұға етеді. Соның құрметіне мол жауын жауып, шартараптың барлығы беркеге қауышады.
Пайғамбарымыз сүт анасы Халима ханымның оң омырауын еміп, сол омырауын ембейтін. Оны сүт бауырына қалдыратын. Ол екі айында еңбектеді. Үш айында аяқта тұра алатын болды, төрт айында қабырға жағалап жүре алатын болды. Бес айлығында жүрді, алты айында нық басып тез жүре алатын болды. Жеті айлығында барлық жерге бара алатын болды. Сегіз айынан бастап былдырлап сөйлеп, тоғыз айында анық сөйлейтін болды. Он айында оқ атып үйрене бастады. Халима ханым былай дейді: «Алғаш сөйлей бастағанында «Ла илаһә иллаллаһу уаллаһу әкбар. Уәл-һамдулилләһи раббил аләмин» деді. Сол күннен кейін Аллаһу та’аланың есімін айтпастан ешнәрсені ұстамайтын. Сол қолымен ешнәрсе жемейтін. Жүре бастаған кезінде балалар ойнаған жерден алысырақ тұрып, «Біз бұл үшін жаратылған емеспіз» дейтін. Күн сайын оны күннің сәулесі сияқты бір нұр қаптап, кейін қайтып ашылатын. Аймен сөйлесетін, оған белгі бергенде ай қозғалатын.
Мұхаммед алейһиссалам екі жасқа толғанда Оны емшектен шығардым. Сосын анасына беру үшін күйеуім екеуміз Меккеге қарай жол тарттық. Бірақ, бұл береке бұлағы болған сәбиден айрылып қаламыз, оның нұрлы жүзін енді көрмейміз деген ой бізді қатты қынжылтып жатқан еді. Оның ғажайып халдері жайлы анасына айтып бердім. Әмина ханым «Менің баламның үлкен даңқы бар» деді. Мен «Ант етемін мен бұл баладан да қасиетті ешкімді көрген емеспін» дедім. Сосын баланы тастап кетуге қиа алмай, бірнеше сылтаулар тауып, Әмина ханымнан баланың тағы біраз уақыт бізбен бірге болуын сұрадым. Ол бізді ренжіткісі келмей, рұқсат берді. Оған қайта қауышқанымызға төбеміз көкке жетіп, құшағымызға ала салып елімізге қарай асықтық. Соның арқасында үйімізге тағы да береке кіріп, малымыз, мүлкіміз, даңқымыз артты, шексіз ниғметтерге бөлендік».