Тәһәжжүд намазы
Сұрақ: Түнде оқылатын тәһәжжүд намазының сауабы өте көп деп естідім. Бұл намаз қай кезде оқылады? Мойнында қаза намаздары бар адам да оқи ала ма?
Жауап: Тәһәжжүд намазы – түннің үштен екі бөлігі өткеннен кейін және таң намазы кіргенге дейінгі аралықта оқылатын нәпіл намаз. Тәһәжжүд – ұйқыны тәрк ету (бұзу) дегенді білдіреді. Түнде оқылатын нәпіл намазы күндіз оқылатын нәпіл намаздарға қарағанда құнды саналады. Өйткені түнде ұйқыны бұзып, тұру нәпсіге ауыр тиеді. Хадис шәрифте де былай делінеді:«Ғибадаттың абзалы – машақатпен болғаны.» (М. Фәлаһ, Ибни Әсир-Нихайа)
«Амалдардың құндысы аз да болса, үнемі жасалатыны.»деген хадис шәрифте машақаты көп ғибадатты анда-санда жасаудан, машақаты аз ғибадатты үнемі (күнде) орындап тұрудың пайдалы екендігі білдірілген. (Бәйһақи)
Түнде тұрып оқылатын намаз өте құнды. Хадис шәрифтерде былай делінеді:
«Түнде сәре уақытында оқылатын екі рәкат намаз дүние мен дүниенің ішіндегілерден де құнды. Бұл намаз машақат бермегенде, үмметіме парыз қылар едім.» (Дәйләми)
«Парыздардан кейінгі ең құнды намаз – түнде оқылатын намаз.» (Муслим)
«Сәлемді жаятын, аш адамды тойдыратын, сила-и рахим(туған-туыстармен араласатын, оларға қамқорлық) ететін болсаңдар және адамдар ұйықтап жатқанда түнде тұрып намаз оқитын болсаңдар амандықпен жаннатқа кіресіңдер.» (Тирмизи)
«Мұсылманның беделі түнде тұрып намаз оқуында.»(Хатиб)
«Тәһәжжүд намазы күнәларды кешіртетін салихтердің амалы болып, ауруларға да шипа береді.» (Тирмизи)
«Жатар кезде түнде тұруға ниет еткен адам, таңға дейін ұйықтап қалса да, түнгі намазды оқығандай сауапқа қауышады, ұйқысы да өзіне садақа болады.» (Нәсаи)
«Қыс – мұсылманның көктемі. Күндіздері қысқа болғандықтан ораза тұтады. Түндері ұзақ болғандықтан ғибадат етеді.» (Бәйһақи)
«Түнде тұратынына сенімді болған адам уітір намазын сәре уақытында оқысын! Өйткені ол уақытта рахмет періштелері түседі.» (Муслим)
«Сәре уақытында жасалған дұға қабыл болады»(Тирмизи)
«Сәре уақытында Хақ та’ала былай деп бұйырады: “Истиғфар (әстағфируллаһ) айтқан адамды кешіремін, сұраған нәрсесін беремін және дұғасын қабыл етемін.”» (Муслим)
Аллаһу та’ала жақсыларды мақтағанда: «Олар сәре уақытында истиғфар етеді.» деп бұйырған. (Зарият 18)
Хазреті Яқуб ұлдарына былай деген: «Сендер үшін жақында(сәре уақытында) Раббыма истиғфар етемін.» (Юсуф 98)
“Әли Имран” сүресінің 17-ші аятында сабыр ететіндер, садықтар (сөзде, амалда және ниетінде дұрыс болғандар), намаз оқитындар, зекет беретіндер және сәре уақытында истиғфар ететіндер мадақталған. Бес уақыт намазды тадили әрканмен және жамағатпен оқу керек! Тәһәжжүд намазын оқу керек. Сәре уақытын истиғфарсыз өткізбеу керек. Ғафлетке салынбай, өлім мен ахыретті ойлау керек, харамдардан қашып, ахыретке бет бұру керек. Негізгі іс – осы, бұдан басқасы бекершілік. (Мәктубати Масумийа)
Аллаһу та’ала Мұса алейһиссаламға «Мен үшін ғибадат ет!»деп бұйырғанда, хазреті Мұса «Йа Рабби, ғибадатым қабыл болуы үшін, саған қай кезде ғибадат етейін?» деп сұрайды. Аллаһу та’ала: «Түнде тұрып намаз оқы!» деп бұйырады.(Әййуһәл уәләд илмихалы)
Тәһәжжүд намазы құнды болуымен қатар, нәпіл намазы. Бір кісі өмірінде мүлдем тәһәжжүд намазын оқымаған болса, ахыретте оған жаза берілмейді. Өйткені ол – нәпіл намазы. Бірақ парыз намазының борышын өтемесе үлкен жазаларға душар болады. Хазреті Имам Раббани былай дейді: «Парыз намазының қасында нәпіл намазының ешқандай құны жоқ. Теңіздің жанында бір тамшы суға да татымайды.» (1/29)
Ханафи ғалымдарынан хазреті Абдулһақ Дәһләуи былай дейді:
“Футуһул ғайб” кітабындағы «Парыз намазынан қазасы(қарызы) болған адамның Аллаһу та’ала нәпіл намаздарын қабыл етпейді.» хадис шәрифі парыздан қазасы бар адамның сүннеттері де қабыл болмайтынын көрсетуде, өйткені сүннеттер де нәпіл ғибадатқа жатады.
Түнде тұрып қаза намазын оқыған адам әрі қазасын өтеген болады, әрі тәһәжжүд намазының сауабына да қауышады.(Нәуадири Фиқһийа)
Тәһәжжүд намазының мөлшері
Сұрақ: “С. Әбәдийа” кітабында тәһәжжүд пен сәске намаздарының ең көбі 12 рәкат, әууабин намазы 6 рәкат екендігі білдірілген. Бұл намаздардың мөлшері, шектеуі жоқ емес пе?
Жауап: Бұлар сүннет намаздары болғандықтан пайғамбарымыз қанша деп білдірген болса, соншасын оқу сүннет. Сүннеттерге нәпіл деп те айтылады. Барлық сүннеттер нәпіл ғибадатқа жатады. Ал барлық нәпілдер сүннет бола бермейді. Нәпіл ғибадаттар рәуатиб және рәғаиб болып екіге бөлінеді. Рәуатибке парыздардан бұрын немесе кейін оқылатын муәккад және ғайри муәккад сүннеттер жатады. Ал рәғаибке сәске, тәһәжжүд және әууабин секілді басқа да сүннеттер жатады. (Нимети Ислам)
Тәрауих намазы да сүннет намаз және сүннет болған мөлшері 20 рәкат. Одан артық оқылатын болса, артық мөлшері нәпіл болады. Сәске және тәһәжжүд намаздарының да сүннет болған ең көп мөлшері 12 рәкат, ал әууәбин намазының сүннет болған ең көп мөлшері 6 рәкат. Мәселен бір кісі сәске уақытында 40 рәкат намаз оқыса, оның 12 рәкаты сүннет, қалғандары нәпіл болады. Ақшам намазының парызынан кейін 20 рәкат намаз оқитын болса, оның 6 рәкаты сүннет, қалғандары нәпіл болады. Бір кісі түнде мың рәкат намаз оқитын болса, оның 12-сі сүннет болған тәһәжжүд намазы болады да, қалғандары нәпіл болады.
Сұрақ: Нәпіл намаздардың ішіндегі ең үстемі қайсы?
Жауап: Тәһәжжүд намазы басқа нәпіл намаздарынан үстем. Хадис шәрифте былай делінеді:
«Парыздардан кейінгі ең құнды намаз – түнде оқылатын тәһәжжүд намазы.» (Муслим)
Қазасы бар адам қаза намазына да ниет ететін болса, әрі қазасының борышын өтеген болады, әрі тәһәжжүд намазының сауабына да қауышқан болады.
Сұрақ: Түнде бір сағат ұйықтамай, бұл бір сағатта қысқа сүреден оқып, 30 рәкат қаза намазын оқыған абзал ма? Әлде ұзын сүре оқып, 2 рәкат қаза намазын оқыған абзал ма? Немесе жалпы бір сағат ғибадат етілгені үшін екі түрде де бірдей сауап жазыла ма?
Жауап: Қаза намазын оқып жатқан болсаңыз, неғұрлым көп қаза намаздан құтылсаңыз, соғұрлым жақсы болады. Құптаннан таңға дейін екі рәкат қаза намазын оқитын адам, екі рәкат қаза борышын өтеген болады. Екі минутта екі рәкат қаза намаз оқыған адам да екі рәкат қаза борышын өтейді. Қадір түні құптаннан таңға дейін екі рәкат қаза борышын өтеген адам екі рәкат қаза борышынан құтылады. Бірақ берілетін сауаптары әр түрлі болады. Себебі, қадір түнінде бір сағат ғибадат ету, басқа уақыттарда мың сағат ғибадат етуден де абзал.