Аллаһты мүлдем ұмытпау
Сұрақ: «Ислам Ахлақы» кітабында 54 парыздың алғашқы бөлімінде «Аллаһты бір біліп, мүлдем ұмытпау парыз болып табылады» делінген. Біз таңнан кешке дейін көп ұмытамыз. Бұл парызды тәрк еткен болсақ, үнемі харам істеп жүрген боламыз ба?
Жауап: Бес уақыт намазын оқып, харамдардан сақтанып жүрген мұсылман Аллаһты ұмытқан болып саналмайды. Бір уақыт намазды оқып, келесі намазды күтумен үнемі ғибадат еткен, Аллаһты ұмытпаған боламыз. Таң намазына тұру ниетімен түнде жатсақ, таңға дейінгі ұйқыда ғибадат жасаған, Аллаһты ұмытпаған боламыз. Алайда ұйқы – нағыз ғафлет. Бұған қарамастан, таза ниетіміз үшін ұйқымыз да ғибадатқа айналуда.
Бес уақыт намазды оқып, дұрыс ниет етіп жұмыс істеген адамның әр істегені ғибадат болады.
Аллаһу та’ала өте мейірімді, өте рақымды, өте кешірімді болғандықтан, намаздар арасындағы қателіктеріміз жуылсын деп бес уақыт намазды әмір еткен. Бір хадис шәрифтің мағынасы мынадай:
«Күніне бес рет жуынған адам кірлерінен тазаланғанындай, бес уақыт намаз оқыған адам да күнәларынан тазаланады.»(Бұхари)
Ислам ғалымдары «Бес уақыт намазын дұрыс оқыған адам бүкіл ниғметтердің шүкірін өтеген болады» деген. 24 сағат үздіксіз Аллаһу та’аланы еске алу, ойлау, Оған шүкір ету керек. Ал бұларды ғафлетте жүріп орындау мүмкін емес. «Кімде-кім бес уақыт намазды оқыса, бір уақыттан кейін келесі уақытты ойлағандықтан, жатарда таң намазын ойлап жатқандықтан, бүкіл күн бойы Аллаһты ойлаған және Оған шүкір еткен болып саналады» делінеді. Бес уақыт намаз оқитындар үшін осындай үлкен сүйінші берілген.
Аллаһу та’аланы мүлдем ұмытпау дегеніміз – барлық іс-әрекеттерді Ислам дініне сай істеуге тырысу деген сөз.
Әр таңда «Өзімнің және жанұямның ризқын табу, оларды ешкімге мұқтаж қылмау, Аллаһу та’алаға рахат және таза күйде ғибадат ете алу, ахирет жолында жүре алу үшін жұмысқа бара жатырмын» деп ниет еткен адам түгелдей сауап алады. Оның барлық істері ғибадат болады.(К.Сәадәт)
Оқу орнына бара жатқан оқушы «Оқу орнына, оқуым біткеннен кейін мұсылмандарға, адамдарға қызмет ету үшін бара жатырмын. Йа Раббым, маған пайдалы білім нәсіп ет!» деп ниет етсе, оқу орнында және үйде сабағын оқып жатқанда әр сәтте сауап алады. Аллаһты ұмытқан болып саналмайды.
«Бұл нәрсе күнә» деп одан сақтануға тырысқан немесе «Бұл нәрсе сауап» деп істемекші болған адамның осы ойларынан оның Аллаһты ұмытпағандығы аңғарылады.