Теңізшінің нәзірі
Сәйидат Нәфиса хазреттерінің дәуірінде Мысырда, төрт қызынан басқа ешкімі жоқ кәрі бір әйел өмір сүреді. Олар жіп иірумен күнелтетін. Әр жұма күні әйел иірген жіптерін базарға шығарып, жиырма дирхемге сататын. Он дирхеміне жіп жасауға қажетті мақта, қалған он дирхеміне азық-түлік сатып алатын. Сол алған нәрселерін келесі жұмаға дейін үнемдеп жеткізетін. Бір жұма күні, қарт әйел бір апта бойы иірген жібін бір қызыл матаға орап, базарға қарай жолға шығады. Түйіншегін басына қойып кетіп бара жатқан кезде үлкен бір бүркіт келіп, жіптер салынған түйіншекті жұлып алып ұшып кетеді. Әйел сол бойы құлап, есінен танып қалады. Есін жиғанында, болған жағдай есіне түсіп жылай бастайды. Жанына жиналған адамдарға жағдайын айтып: «Енді балаларым бір апта бойы нәпақасыз не істейді?» деп шағымданады. Адамдар: «Пәлен жерде Сәйидат Нәфиса деген әулие бір әйел бар. Жағдайыңды соған айтып көр» дейді. Әйел Сәйидат Нәфиса хазреттеріне келіп жағдайын түсіндіреді. Ол қолдарын жайып дұға етіп болған соң: «Енді сіз үйіңізге барыңыз. Аллаһу та’ала барлық нәрсеге құдіретті» дейді. Әйел үйіне кетеді. Біраз уақыттан кейін Сәйидат Нәфиса хазреттеріне біреулер келіп: «Біз теңізде едік. Бір кезде кемемізге су кіре бастады. Не істесек те су кіріп жатқан жерді жаба алмадық. Сізді уәсилә етіп (себепші қылып) Аллаһу та’аладан бізді сол қиыншылықтан құтқаруды сұрадық. Сол кезде аспанда үлкен бір бүркіт көрінді. Тұмсығында бір қызыл түйіншегі бар еді. Кемеміздің үстіне келгенде түйіншекті тастап ұшып кетті. Түйіншектің ішінде көп жіптер бар екен. Солармен кемеге су кіріп жатқан тесіктерді жақсылап бітедік. Осылай аман-есен елімізге оралуымыз нәсіп болды. Осы халімізге шүкір ету үшін сізге сыйлық ретінде бес жүз дирхем алып келдік, өтініш қабыл алыңыз» деп кетіп қалады. Сол кезде Сәйидат Нәфиса хазреттері Аллаһу та’алаға шүкір етіп жылайды. Кейін әлгі кәрі әйелді жанына шақыртады. Әйел келгенде оған: «Бүркіт әкеткен жіптерді қаншаға сатасыз?» дейді. Әйел: «Жиырма дирхемге» дегенде, Сәйидат Нәфиса хазреттері оған бес жүз дирхемді беріп, болған оқиғаны айтып береді және «Аллаһу та’ала сіздің әр бір дирхеміңізге 25 есе артық ихсан етті» дейді.