Тарауих намазы
Сұрақ: Тарауих намазы қанша рәкат және жамағатпен оқу сүннет пе, қалай оқылады?
Жауап: Пайғамбарымыз 3-4 күн тарауих намазын жамағатпен оқыды, одан кейін үйінен шықпай қойды. Себебін сұрағанда «Тарауих намазының сендерге парыз болуынан қорққаным үшін үйден шықпадым» деп айтты. (Бұхари)
Тарауих намазының 20 рәкат болуы және жамағатпен оқылуы хадис шәрифтермен, ал сүннет екендігі иджмамен білдірілген. Пайғамбарымыз тарауихті 8, 12 және 20 рәкат қылып та оқыған. Хазреті Ибни Аббас былай дейді:
«Расулуллаһ құптаннан кейін, үтір намазынан бұрын 20 рәкат намаз оқығаннан кейін “Рамазанда 20 рәкат тарауих намазын оқыған адамның жиырма мың күнәсы кешіріледі.” деп хабарлады.» (Ибн Әби Шәйбә)
Тарауих намазының жиырма рәкат екендігіне сенбеген адам әһли бидғат (бидғатшы) болатыны “Нур-ул-изах” шәрһінде де жазулы. Хазреті Имам Ағзам «Тарауих намазы муәккәд сүннет. Хазреті Омар тарауихтің 20 рәкат және жамағатпен оқылуын өз бетімен шығармады. Ол қолындағы сенімді негізге, яғни расулуллаһтың сүннетіне сүйеніп әмір етті.» деп білдірген. (Әл-Ихтияр)
Расулуллаһ тарауих намазын мүлдем оқымаған жағдайда да, хуләфа-и рашидиннің (төрт халифаның) оқуының өзі тарауихтің үмметке сүннет болу үшін жеткілікті. Хадис шәрифте «Сүннетіме және хуләфа-и рашидиннің сүннетіне қатты жабысыңдар.» деп бұйырылды. (Бұхари)
Тарауихтің жамағатпен оқылуы сүннети кифая. Яғни бір ауданда жамағатпен оқылғанда қалғандары үйінде оқыса да бұл сүннет орындалған болады. (Нимәти ислам)
Еркектердің мешітте жамағатпен намаз оқулары үйде оқыған намазынан 27 есе артық сауап екендігі, ал әйелдердің үйде намаз оқулары мешітте намаз оқуларынан да артық сауап екендігі хадис шәрифтермен білдірілген. Әйелдер намаз оқу үшін мешітке бара алмайды, өйткені “Рәддул-мухтар” кітабында «Жас әйелдердің және кемпірлердің бес уақыт намаз, жұма, тарауих және айт намаздарын оқу, уағыз тыңдау үшін мешітке барулары жаиз емес. Ескі замандарда тек кемпірлердің шам және құптан намазына барулары рұқсат етілген болса да, қазір бұлардың да баруы жаиз емес.» делінген.
Тарауих намазы екі немесе төрт рәкатта бір сәлем беріп оқылады, бірақ екі рәкатта бір сәлем беріп оқу жақсырақ болады. Тарауих намазын он рәкатта бір сәлем беріп, екі сәлеммен бітіру мәкрух. Ал Шафииде бұлай оқу мүлдем сахих болмайды. Тарауих үтір намазынан бұрын оқылады. Үтірден кейін де оқу жаиз.
Кейбір имамдар тадили әрканға мән бермей тарауихті тез оқытады. Ал негізінде Ханафи мазһабында тадили әркан уәжіп. Уәжіптердің бірін әдейі тәрк етіп оқыған намазды қайталап оқу уәжіп болады. Ұмытып тәрк еткен жағдайда сәждә-и сәһу жасау керек. Ал Шафииде және Маликиде тадили әркан парыз. Парыз тәрк етілген жағдайда намаз сахих болмайды. Тарауих те болса сахих болмайтындай дәрежеде жылдам оқу жаиз емес.