Өзгелер жайлы жаман ойда болу
Нақты білмей тұрып, кез-келген адам жайлы жаман деп ойлау және солай деп шешім қабылдау жаман мінез болып табылады. Бұлай ойлау харам және үлкен күнә болады. Өйткені Құран кәрімде: «Ей иман келтіргендер, суизан етуден (біреу туралы жаман ойлаудан) өздеріңді сақтаңдар! Ойлаудың кейбірі күнә болады.» деп бұйырылған.
Расулуллаһ алейһиссалам бір хадис шәрифінде: «Суизан етпеңдер! Суизан қате шешім қабылдауға себеп болады. Адамдардың жасырын нәрселерін іздестірмеңдер, кемшіліктерін көрмеңдер, талас-тартыс, күншілдік және дұшпандық етпеңдер, бір-бірлеріңді шағыстырмаңдар, бір-бірлеріңді бауырдай жақсы көріңдер! Мұсылман – мұсылманның бауыры. Оған зұлымдық етпейді, көмек береді. Оны өзінен төмен көрмейді.» деп бұйырған.
Кез келген бір мұсылманды күнә істеді деп ойлау, “анық сол істеді” немесе “онсызда ол адамнан бұдан басқа не күтуге болады” деген секілді ойлармен тұжырымдарға келу, суизан болып, үлкен күнәға жатады. Мұндай күнәлар тек тәубә етумен кешірілмейді. Өйткені мұндай күнәларға құл ақысы да араласады. Сондықтан тәубә етумен қатар, жаман ойда болған адаммен халалдасу (кешірім сұрау, разылығын алу) да керек болады. Көңілге кейбір жаман ойлар келген кезде ауызбен айтпайынша немесе сол ой бойынша әрекет етпейінше суизан болмайды.
Өзгелер туралы жаман ойда болу және оларды жаман деп білу харам болғанындай, адамдардың жаман ойлауына себеп болатын сөздер айту және сондай әрекеттерге бару да дұрыс емес. Бір күні пайғамбарымыз көшеде әйелімен сөйлесіп тұрып, қасынан өтіп бара жатқан бір адамға:
- Бұл сөйлесіп тұрғаным, менің әйелім Сафийә - деді. Әлгі адам болса:
- Йа Расулаллаһ, сізден де күмәндануға бола ма екен? – дегенінде пайғамбарымыз:
- Қан тамырда қалай айналатын болса, шайтан да адамның ішіне кіріп солай айналып ойына әсер етеді, көңіліне күмән кіргізеді – деді.
Хазреті Омардың халифалығы кезіндегі күндердің бірінде бір адам бір әйелмен көшеде күмән туғызатындай дәрежеде сөйлесіп тұрады. Мұны көрген хазреті Омар әлгі адамға жақындап, ашулы назармен қарай бастайды. Хазреті Омардың бұлай қарағанынан мән-жайды түсінген әлгі адам:
- Бұл әйел маған бөтен емес, менің әйелім – дейді. Оған хазреті Омар:
- Бұл сенің әйелің болатын болса, неге күмән туғызатындай дәрежеде алаңдап сөйлесіп тұрсыңдар?! – деп жазғырады.
Ислам ғұламаларының бірі шәкірттеріне дәріс беріп жатып: “Кез келген тақырыпта белгілер мен ишараларға қарап дереу үкім беру, кесіп айту дұрыс емес. Бұлай істеуден сақтаныңдар, дереу нақты шешім шығармаңдар!” деп мынадай мысал келтірді: “Мәселен үйлеріңе бара жатып, тұмсығына айран жағылған бір иттің үйден шыққанын көрсеңдер және үйге кіргенде айран ыдысы иттің тұмсығы сиятындай ашық тұрса, сонда да өз көздеріңмен көрмегендерің үшін немесе көрген басқа адам болмағаны үшін “Әлгі иттің айранның ыдысына тұмсығын тыққаны күмәнсіз” деп нақты шешім қабылдамаңдар!” деп түсіндірді.
Шәкірттерінің бірі ұстазының бұл айтқандарына іштей наразылық білдіріп, көңілінен: “Бұл иттің айранға тұмсығын тыққаны анық болса, неге нақты шешім қабылдауға болмайды?” деген ой өтеді. Ұстазы шәкіртінің бұл ойын біледі, бірақ үндемей қоя салады.
Біраз уақыт өткеннен кейін бұл шәкірт қаланың сыртындағы үйінде, орманды бір жерде мал сояды. Мал сойып жатып бұл шәкіртті дәрет қысады. Қажеттілігін кетіру үшін қолындағы пышағын тастамай талдардың арасына барады. Сол уақыттарда қалада бір адам пышақталып, пышақтаған адам қашып кеткен болады. Сол адамды іздеп жүрген тәртіп сақшылары, талдың арасында қажеттілігін кетіріп тұрған әлгі шәкіртті, тығылып тұрған адам деп ойлап қасына келеді. Қолындағы пышақ пен үстіндегі қан іздерін көріп, қылмыскер адам осы деген оймен шәкіртті алып кетеді.
Шәкірт бұл қылмысқа ешқандай қатысым жоқ деп қанша айтса да, қолындағы пышақ пен үстіндегі қан күдік тудырып, тергеуге алынуына себеп болады және қазының құзырына шығарылады. Сол уақыттың қазысы (соты), бұл шәкіртке тағылған айыпты және шәкіртті тыңдағаннан кейін: “Өзінде күдік тудырып тұрған бұл адамның, талдардың арасында тығылып тұруы, қолында пышақ, үстінің қан болуы оған деген күдікті арттырып тұрса да, оның пышақтағанын көрген куәгер болмағаны үшін, бұл адам айыптан босатылады.” дейді.
Шәкірт суизан етудің жазасынан бірнеше күн қамауда қалу арқылы оңай құтылған болады. Белгілер мен ишараларға қарап шешім қабылдаудың дұрыс болмайтындығын түсініп, ұстазына істеген суизанына тәубә етеді.
Шәмсәддин Сиуаси хазреттері айтады:
“Аллаһу та'аланың әмірі бойынша ешкімге суизан етпеу керек, хүсни зан ету (жақсы ойда болу) керек. Өйткені өзгелерді тексеруге, тергеуге міндеттелген емеспіз.”
Аллаһу та’алаға хусни зан ету керек
Тек адамдарға ғана емес Аллаһу та'алаға да суизан етуден ұзақ болу керек. Мәселен адамның “менің күнәларым кешірілмейді” деп ойлауы Аллаһу та'алаға суизан болып табылады. Өйткені Аллаһу та'ала шарттарына сай жасалған тәубәні қабыл ететінін және барлық түрлі күнәні кешіретінін білдіруде. Сондықтан Аллаһу та'алаға әр уақытта хүсни зан ету керек, тәубәмді қабыл етіп, мені кешіреді деп ойлау керек және осылай сену керек. Өйткені хадис құдсида: «Құлым мен туралы қандай ойда болса, онымен ойлағанындай мәміледе боламын.» делінген.
Тәубәсінің және дұғасының қабыл болатынына үміт етіп тәубе еткен адамды да Аллаһу та'ала кешіреді. Хадис шәрифте: «Ант етемін, Аллаһу та'ала Өзіне хүсни зан етіп жасалған дұғаны әлбетте қабыл етеді.» делінген.
Пайғамбарымыз өлім төсегінде жатқан бір жас жігіттен:
- Өзіңді қалай сезінудесің? – деп сұрағанында жас жігіт:
- Күнәларымнан қорқып жатырмын, Аллаһу та'аланың мейірімінен де үмітімді үзбей жатырмын – деп жауап береді. Сонда пайғамбарымыз алейһиссалам:
- Осы қорқыныш пен үміт өлім аузында кімде болса, Аллаһу та'ала ол адамға үміт еткенін береді және қорққанынан сақтайды – деп бұйырады.
Қады Яхия бин Әксәм хазреттері қайтыс болған еді. Бір адам оны түсінде көріп жағдайын сұрағанында, былай деп жауап береді:
“Аллаһу та'ала менен:
- Ей қарт, бұл жағдайың не? – деп сұрағанында, мені үлкен бір үрей қаптап:
- Йа Раббым, маған дүниеде бұлай білдірмеді – дедім. Аллаһу та'ала:
- Қалай білдірді? – деді. Мен риуаятшылардың аттарын санап айтып:
«Мен мұсылман болып шашы мен сақалы ағарған құлыма азап беруден хайа етемін (ұяламын)» деп бұйырылғанын білдірді. – дедім. Сонда Аллаһу та'ала:
- Сен және риуаятшылар садықсыңдар. Мен де сендерді кешірдім – деп бұйырды.”
Исраил ұлдарынан бір адам адамдарды Аллаһтың мейрімінен үмітсіздендіріп, оларға үнемі қиындық көрсететін еді. Қиямет күні Аллаһу та'ала бұл адамға: «Сен құлдарымды мейрімімнен үмітсіздендірдің. Бүгін сен де рахметімнен (мейрімімнен) махрұм қалдың.» деп айтады делінген.
Адамның өлімі жақындаған сайын Аллаһу та'алаға деген хүсни заны қуатты болуы керек. Яғни мен қанша күнәһар болсам да Аллаһу та'ала мені кешіреді деп үміттенуі керек. Өйткені хадис шәрифте:«Сендерден әр бірің өлім аузында міндетті түрде Аллаһу та'аланы хүсни зан етсін.» деп бұйырылған. Тағы бір хадис шәрифте: «Аллаһу та'ала: Мен құлымның ойлағанындаймын. Мені қалай ойласа, солай табады – деді.» делінген.
Мұсылман адам суизан етуші емес, хүсни зан етуші болуы керек. Хүсни зан – суизаның терісі, біреу туралы жақсы ойда болу деген сөз. Хүсни зан етілу керек болғандардың алғашқысы – Аллаһу та'ала. Хадис шәрифте: «Аллаһу та'аланы хүсни зан ету ғибадат болып табылады.»делінген.
Аллаһтың мейірімінің, кешірімінің мол екенін білу керек. Күнәларымыз көп болса да Аллаһу та'аланың кешіре алатындығын ойлау хүсни зан болып табылады. Құран кәрімде: «Ей күнәсі көп болған құлдарым, Аллаһтың мейірімінен үміттеріңді үзбеңдер! Аллаһ күнәлардың барлығын кешіреді.Ол шексіз кешіріммен мейірім иесі.»деп бұйырылған.
Қорыта айтқанда нақты білмей және көзбен көрмей тұрып ешбір адам туралы жаман ойда болмау керек және ол адамды жаман деп білмеу керек, хүсни зан ету керек, яғни ол туралы жақсы ойда болу керек. Өзге адам туралы жаман ойлау дұрыс болмағаны секілді, өзгелердің қате және жаман ойлауына себеп болатын іс-әрекеттер істеумен сөздер айту да дұрыс емес. Бұдан да абай болу керек. Сондай-ақ Аллаһу та'алаға да хүсни зан ету керек, яғни “менің күнәларым қанша көп болса да тәубә еткенімде кешіреді” деп ойлау керек және осылай сену керек.