Садақа бәлені қайтарады және өмірді ұзартады
Аллаһу та’аланың разылығын көздеп, Оның разылығы үшін ниет етіп, ақысын талап етпей мұқтаждарға сыйға берілген мал-мүлік, ақша және жасалған әр түрлі жақсылықтар және көмектер, ихсандар – садақа болып табылады. Мұсылман алдымен жанұясын, бала-шағасын халал жолдан қоректендіруі және халал жолдан киіндіруі керек. Сосын артылған ақшасының зекетін беруі керек және содан кейін садақа беруі керек.
Аллаһу та’ала барлық нәрсені белгілі бір себептер арқылы жаратуда. Бір нәрсеге қауышуды қалаған адам сол нәрсенің себебіне қол жеткізу үшін дұға етуі керек. Себебіне қол жеткізгеннен кейін, сол себепке жабысуы, яғни сол себепті орындауы керек. Аллаһу та’ала адамға денсаулық, шипа беру үшін дұға етуді, садақа беруді және дәрі қолдануды себепші қылған. Пайғамбарымыз “саллаллаһу алейһи уәсәлләм”: «Мал-мүліктеріңді зекет беру арқылы қорғаңдар. Ауруларыңды садақа беру арқылы емдеңдер! Дұға ету арқылы бәле-жаладан сақтаныңдар!» деп бұйырған.
“Задул-муқуин” кітабында былай делінген:
«Бес нәрсені істемеген адам бес нәрседен құр қалады:
1) Мал-мүлкінің зекетін бермеген адам мүлкінің қайырын көре алмайды.
2) Егістігінің ұшырын бермеген адамның тапқан табысының берекесі болмайды.
3) Садақа бермеген адамның денсаулығы қалмайды.
4) Дұға етпеген адам қалауына қауыша алмайды.
5) Намаз уақыты кіргенде оқығысы келмеген адамның соңғы демінде кәлимаға тілі келмейді.»
Имам Ғазали хазреттері: «Қаза-и муаллақ Ләуһул Махфузда жазылған. Егер ол адам жақсы амал жасап, дұғасы қабыл болатын болса, ол қаза өзгереді» деген. Хадис шәрифте де: «Тағдыр алдын алу, сақтану арқылы өзгермейді. Бірақ қабыл болған дұға, бәле келген кезде сақтайды» делінген.
Дұғаның бәлені жоюы да, қаза мен тағдырдан. Қалқан оққа тосқауыл болғанындай, су жерден шөптің өсуіне, ауадағы оттегі жандылардың клеткаларындағы азықтардың сіңдірілуіне, зат алмасуына себепші болғанындай, дұға да Аллаһу та’аланың мейірімділігіне себепші болып табылады. Хадис шәрифте: «Қаза-и муаллақты еш нәрсе өзгерте алмайды. Тек қана дұға өзгертеді және өмірді де тек ихсан, жақсылық ұзартады» делінген.
Біреуге тағдыр етілген бәле қаза-и муаллақ болса, яғни ол адамның дұға етуі де тағдырында жазылса, дұға етіп қабыл болғанда, бәленің алды алынады. Ажал-и қазаны да жақсылық жасау кешіктіреді. Бірақ, ажал-и мусәмма өзгермейді. Ажал-и қаза деп мәселен бір адам егер бір жақсылық жасаса немесе садақа берсе, қажылыққа барса өмірі алпыс жыл болады, ал бұларды жасамаса өмірі қырық жыл болады деген сияқты жазылатын тағдырдың түрі. Біреудің үш күндік өмірі қалып туысқанына Аллаһ ризалығы үшін барып хабар алғанында өмірі отыз жылға ұзарады. Отыз жыл өмірі бар адам да, туысқанымен араласуды тәрк еткені үшін өмірі үш күнге қысқарады.
Хазреті Омар жараланғанда Қа’бул ахбар хазреттері:
- Омар “радиаллаһу анһ” әлде де өмір сүруді қалағанда, дұға етер еді. Өйткені оның дұғасы әлбетте қабыл болар еді,- дегенде бұны естігендер таң қалып:
- Неге олай дейсің? Аллаһу та’ала: «Ажал бір мезетке кешікпейді және уақытынан ерте келмейді» деген, деп айтқандарында:
- Иә, ажал өз уақытынан кешікпейді. Бірақ, ажал келмес бұрын садақа, дұға және салих амалмен өмір ұзарады. Өйткені “Фатыр” сүресінде: «Барлығының өмірі және өмірлерінің қысқаруы да жазылған» делінген, - деп жауап берді.
Бр күні Иса алейһиссалам асхабымен бір жерге бара жатқанда жолда кір жуып жатқан адамды көріп, сәлем беріп өтеді. Ол жерден біраз алыстағаннан кейін Иса алейһиссалам:
- Қайтарда бұл адамның жаназасына дайын болыңдар,- дейді. Кейін қайтар жолда әлгі адамның тірі екенін көреді. Бұған таң қалған Иса алейһиссалам Жәбрейіл алейһиссаламнан:
- Йа Жәбрейіл! Бұл адамның өлетіні маған білдірілген еді. Алайда өлмепті. Себебі не?- деп сұрайды. Сонда Жәбрейіл алейһиссалам:
- Йа Иса, ол адамның кірлерінің арасында жатқан қара жылан оны шағып өлтіруі керек еді. Бірақ, ол адам садақа беріп, берген садақасының арқасында оның өмірі ұзартылды,- деп жауап берді. Кейін сол адамның кірлерінің арасын қарағанда қап-қара өліп қалған жыланды көреді.
Қорыта айтқанда қабыл болған дұға және садақа келе жатқан бәлені қайтарады. Келген бәлелердің кетуіне, өмірдің ұзаруына себеп болады. Пайғамбарымыздың алейһиссалам хабар бергеніндей: «Садақа бәлені қайтарады және өмірді ұзартады.»