Сират көпірі
Сұрақ: Ұстанған ағымы бұзықтау біреу, өз ақылынша бөсіп: «Құранда және хадисте Сират көпірі деген нәрсе жоқ. Егер ондай көпір бар болса, Аллаһ мені одан өткізбесін» деді. Сират көпірі жоқ па?
Жауап: Өз ақылдарын діннен үстем тұтатын Мутазила деп аталатын адасқандар Сират көпіріне сенбейді. Әһли сүннет ғалымдары Сират көпірінің хақ екендігін Құран кәрім және хадис шәрифтермен дәлелдеген. Құран кәрімде былай делінеді:
«Оларды жаһаннам сиратына (сират көпіріне) апарып қамаңдар! Өйткені олар сұраққа алынады» (Саффат 23, 24)
«Нухбетул-Ләали» кітабында былай делінеді: Сират – жаһаннамның үстіне құрылған көпір. Бір аятта: «Іштеріңнен ешбірің қалмай, міндетті түрде жаһаннамға барасыңдар. Бұл Раббыларың нақтылаған үкім. Бірақ жаннаттық адамдар жанбай өтеді, ал жаһаннамдықтар отқа түседі» делінген. (Мәрйәм 71)
Хадис шәрифтерде былай делінеді:
«Қияметте сират көпірінің басында тұрып, үмметімнің өтуін күтемін. Аллаһу та’ала "қалағаныңды сұра, қалағаныңа шапағат ет, шапағатың қабыл болады" деп бұйырады. Үмметіме шапағаттан кейін жалбарынуды жалғастырамын. Раббым маған "Үмметіңнен ықыласпен бір рет "Лә илаһа иллаллаһ" деген және иманмен өлген барлықтарын жаннатқа кіргіз" деп бұйырғанға дейін орнымнан тұрмаймын.» (И. Ахмед)
«Сират көпірінен ең оңай өтетіндерің, әһли бәйтімді және асхабымды қатты жақсы көргендерің» (Дәйләми)
«Жаһаннам оты сираттан өткен мүминдерге "Ей мүмин тез өт, сенің нұрың отымды сөндіруде" деп айтады.» (Табарани)
«Көп адамдар Сираттан өткендігін білмей, періштелерге: "Сират және жаһаннам қайда қалды, біз бұлардан өттік пе?" деп сұрайды. Періштелер былай деп жауап береді: “Сендер жаһаннамның үстіндегі сираттан өттіңдер, бірақ жаһһаннамның оты, сендердің нұрларыңнан, тартылып, бүркеніп алды”» (Жами-ус-Сағир)
«Кімде кім дін бауырының рахатқа қауышуы үшін немесе қиындықтан құтылуы үшін сұлтанға (мемлекет мекемелеріне) барып, мәселесін атқарса, қиямет күні Сират көпірінен адамдардың аяғы тайған шақта, Аллаһу та’ала оның жылдам өтуі үшін көмектеседі.»(Табарани)
«Ешбір әһли бидғат сираттан өте алмайды, жаһаннамға түседі.» (Ибн Асакир)
Пайғамбарымыздың үмметінен болған кейбір адамдар, мазардан тұрғанында тікелей жаннатқа кіреді. Періштелер бұлардан былай сұрайды:
- Есепке тартылдыңдар ма?
- Жоқ, біз есепке тартылмадық.
- Сират көпірінен өттіңдер ма?
- Жоқ, сиратты да өтпедік.
- Жаһаннамды көрдіңдер ме?
- Жоқ, жаһаннамды да көрмедік.
- Сендер қандай амал істедіңдер,қалайша есепке тартылмастан, сираттан өтпестен тікелей жаннатқа келдіңдер?
- Біз екі қасиетіміз арқылы осы ниғметке қауыштық. Аллаһтан ұялатын едік, жалғыз кезде де күнә істемейтінбіз. Сондай-ақ Аллаһтың берген аз ризығына разы болатын едік.
- Бұл ниғметтер сендердің ақыларың. (Ибн Хиббан)
Имам Раббани хазреттері Мәктубат кітабында былай дейді:
Адамдар жаһаннам үстіндегі сират көпірінен өтеді, жақсылар өтіп жаннатқа барады, тозақтықтар жаһаннамға түседі. (3/17)
"Көпір" делінгенде біз білетін кәдімгі көпір түсінілмеуі тиіс! «Сыныптан сыныпқа көшу үшін емтихан көпірінен өтіледі» дейміз. Ал негізінде емтиханның көпірге ұқсас ешнәрсесі жоқ. Сират көпірі де біз білетін көпірлерге немесе емтихан көпіріне еш ұқсамайды. (С. Әбәдийә)
Сұралатын сұрақтар
Сұрақ: Сират көпірінде қандай сұрақтар сұралады?
Жауап: Сират көпірінде жеті жерде, жеті нәрседен сұралады.Алдымен иманнан сұралады. Иманы дұрыс болса бірінші тұрақтан өтеді. Дұрыс болмаса жаһаннамға құлайды.
Екінші тұрақта намаздан сұралады. Хадис шәрифтерде былай делінді:
«Намаз Аллаһу та’аланың ұнатқан бүкіл амалдарының ең құндысы. Ол қабірде нұр, сират көпірінен найзағайдай өткізуші» (М. Жәннат)
«Қияметте ең бірінші намаздан сұралады. Намазы дұрыс болған адамның, басқа амалдары да қабыл етіледі. Намазы дұрыс болмаған адамның ешбір амалы қабыл етілмейді.» (Табарани)
(Сол себепті мұсылман міндетті түрде намазын оқуы тиіс! Намаз діннің тірегі. Тірексіз ғимарат болмайды. Намазға немқұрайлы қарайтын, мән бермейтін адамның кәпір болатынын білдірген көптеген хадис шәрифтер бар.)
Үшінші тұрақта зекеттен,
Төртінші тұрақта оразадан,
Бесінші тұрақта қажылықтан,
Алтыншы тұрақта құл ақысынан, ата-ана ақысынан, туыстарға қаншалықты қамқор болғанынан,
Жетінші тұрақта ғұсылдан сұралады.
Қайсысында құсыры бар болса, сол құсырының мөлшеріндей жаһаннамда жанады, кемшілігі-құсыры болмағанынан оңай өтеді. Хадис шәрифтерде былай делінеді:
«Адамдар жаһаннамның үстіндегі көпірден өтеді. Көпірде тікенді темірлер, ілгектер бар. Адамдарды оңынан, солынанан ұстайды. Көпірдегі періштелер, "Аллаһым саламат бер" деп дұға етеді. Адамдардың бір бөлігі көпірді найзағайдай, бір бөлігі желдей, бір бөлігі шапқан аттай, бір бөлігі жүгіріп, бір бөлігі жүріп, бір бөлігі еңбектеп, бір бөлігі сүйретіліп өтеді. Жаһаннамдықтар болса өлмейді де, жаңа өмірге де қауышпайды. Күнәһарлар күнәсы мөлшеріндей жаһаннамда жанғаннан соң оларға шапағат етілуге рұқсат беріледі.»(Бұхари)
«Сират қылдан жіңішке, қылыштан өткір. Періштелер мүминдерді құтқаруға тырысады. Жәбрейіл алейһиссалам мені белімнен тұтады. Мен "Йа Раббым үмметіме саламат бер, оларды құтқар" деп дұға етемін. Ол күні аяғы сүрініп құлайтындар көп болады.» (Бәйһақи)
«Байлығымен Аллаһу та’алаға мойынсұнған және мал-мүлкінің ақысын өтеген адам қияметте сиратқа келгенінде, мал-мүлкі “қане өте ғой, өйткені сен менде болған Аллаһтың ақысын өтедің” дейді. Кейін мал-мүлкіндегі Аллаһу та’аланың ақысын өтемеген адам келеді. Мал-мүлкі "Неге менде болған Аллаһу та’аланың ақысын өтемедің?" дейді. Ол "қап, обалым жоқ, қап не істедім?" деп санын соғады.» (Бәйһақи)
«Жаннатқа кіргенге дейін, сиратта көз қағым уақыт күттірілмеуді қалайтын адам Аллаһтың діні турасында өз көзқарасымен ешнәрсе айтпасын!» (Қуртуби)
Сиратты өткен мүминдер екі бұлаққа кезігеді. Бұл бұлақтың бірінен жуынып, екіншісінен суын ішеді. Осылай материалдық та, рухани да тазарғаннан кейін жаннаттың есігіне келеді. Періштелер Зумәр сүресінде блдірілгеніндей: «Сендерге сәлем болсын, қош келдіңдер. Мәңгілікке мұнда кіріңдер!» дейді. Кейін жаннат киімдері кидіріледі. Барлығы жаннатқа кіреді.