Аллаһ жәннатта көрінеді
Сұрақ: Жәннат ниғметтері тек денеге ғана болады ма? Мүминдер ахиретте және жәннатта Аллаһу та’аланы көреді ме?
Жауап: Жәннат ниғметтерін, ләззаттарын тек дененің ләззаты екен деп санау дұрыс емес, қате. Өмірде дәрежесі көтеріле бастаған рух, денеден айрылғаннан кейін де, қияметке дейін әр сәтте дәрежесінің көтерілуі жалғасады. Жәннатта дене мәңгілікке қалуға бейім болған түрде, өмірдегіден мүлдем басқа ерекшелікте жаратылады. Дәрежесі көтерілген рух осы денеменен бірігіп, қиямет өмірі басталады. Жәннатта дененің және рухтың басқа-басқа ниғметтері, ләззаттары болады. Үстем болғандар жәннатта да рухтың ләззаттарына мән береді. Рухтың ләззаты дененің ләззаттарынан тым өзгеше және әлдеқайда көбірек болады. Рухтың ләззаттарының ең тәттісі, ең үстемі де Аллаһу та’аланы жамал сипатымен көру болады.
Жәннат ләззаттарының дәмін сезіне алу үшін алдымен азап, қиыншылық шегу қажет емес, өйткені жәннаттағы дененің құрылысы бұл өмірдегідей емес. Өмірдегі дене жоқ болуға бейім болған күйде жаратылды. Шамамен жүз жылға шыдай алатындай дәрежеде бекем. Ал жәннаттағы дене мәңгілікке қалатындай, мүлдем ескірмейтіндей дәрежеде бекем болады. Араларындағы ұқсастық адам мен айнадағы көрінісі арасындағы ұқсастық сияқты. Адамның ақылы қияметтегі болмыстарды түсіне алмайды. Ақыл сезім мүшелерімен сезілетіндерді және осыларға ұқсағандарды ғана түсіне алады. Жәннат ниғметтерін, ләззаттарын дүниедегіге ұқсату, бұларды логикамен, өз пікірімен түсінуге тырысу адамды қате нәтижелерге апарады. Белгісіз нәрселердің белгілі нәрселерге ұқсатылуы қателік болып табылады.
Аллаһу та’аланы дүниеде басымыздағы екі көздермен көру жаиз болса да, әлі ешкім көрмеген. Пайғамбарымыз алейһиссалам миғражда ахиретке барып көрген.
Аллаһу та’ала қияметте махшар алаңында кәпірлерге сұсты және ашулы күйде, яғни азаптаушы күйде, ал салих мүминдерге мейірім және жамалымен, яғни үлкен ниғмет, үлкен рахаттық ретінде көрінеді. Жәннатта да жамал сипатымен көрінеді.
Түсте көру – дүниеде көру деген сөз емес. Сүйікті пайғамбарымыз Аллаһу та’аланы түсінде көргендігін "Жами-ус-сағирдағы" хадис шәрифте білдірген. Ислам ғалымдары арасында да түсінде көргендер болған.
Барлық уақытта көрінеді ме?
Сұрақ: Жәннатқа кірген мүминдер Аллаһу та’аланы қалаған кезде, кезкелген уақытта көре алады ма?
Жауап: Көрінуі жалпы және жеке болып екіге бөлінеді:
Жалпы көрінуі бір жұма күні бойы болады. Хадис шәрифте былай делінген:
«Аллаһу та’ала жәннаттағыларға әр жұма күні көрінеді.» (Жами-ус-сағир)
Жеке көрінуде жәннаттағылар тең емес. Ғылым мен амалдағы кемелділіктеріне қарай әртүрлі көреді. Ең жоғары дәрежеде болғандар әрдайым көреді. (Фәраид-ул-фәуаид)
Жәннатта көру деген не?
Сұрақ: Абдуррахим Самарқанди «Фусули имади» атты фиқһ кітабында былай деген: «Бір адам Аллаһты жәннатта көріп тұрмын десе кәпір болады. Жәннаттан көріп тұрмын десе кәпір болмайды. Себебі біріншісінде Аллаһ мекенге байланған. «Жәннаттан көріп тұрмын»сөзінен мақсат «Аллаһ жәннатта болғандықтан, Оны жәннатта көремін» десе де кәпір болады.»
Ал оқыған басқа кітаптарымда «Жәннатта Аллаһ көрінеді» делінген. Бұл қалайша күпір болып тұр?
Жауап: Бұл жерде сөйлем дұрыс аударылмаған. "Жәннатта" немесе "жәннаттан көріп тұрмын" деп айтылмайды. Өйткені олай айтатындай әлі жәннатқа кірген жоқ қой. Жәннатта немесе жәннаттан көрінеді делінеді.
Аударма дұрыс емес, мақсат анық түсіндірілмеген. Ахиретте, махшарда Аллаһу та’ала көрінеді. Бұл сөз, әстағфируллаһ «Аллаһ ахиретте, махшарда тұрады» деген сөз емес. Аллаһ жәннатта да көрінеді. Жәннатта мүминдерді шақырады. Бұлай айту да әстағфируллаһ «Аллаһ жәннатта» деген мағынада емес. Аллаһ мекенге мұқтаж емес. «Аллаһ жәннатта, ахиретте, дүниеде, әлемде, Аршта» деген сияқты сөздердің бәрі қате. Ол жәннатта мекеннен пәк болып көрінеді.
Жәннаттан көрінеді деген кезде бір тараптан көрінеді деу де дәл осылай жаиз емес. Бұл да мекенге байлау болып саналады. Діни кітаптарда былай делінген:
"Аллаһу та’аланы мүминдер жәннатта тарапсыз, алдында болмай, қалай болатыны белгісіз түрде және нақты бір түрде болмай көреді. Аллаһу та’аланы ахиретте көруге сенеміз. Қалай көрінетінін ойламаймыз. Өйткені Оны көруді ақыл түсінбейді. Сенуден басқа ешқандай шара жоқ. Философтарға, Мутазила ағымына және Әһли сүннеттен басқа бүкіл ағымдарға қандай обал, олар соқыр болғандықтан бұған сенуден мақрұм қалды. Көрмеген, білмейтін нәрсені көрген нәрселеріне ұқсатуға тырысып, иман құрметіне қауыша алмады." (Мәктубати Раббани 2/67)
"Аллаһу та’аланы мүминдер жәннатта көреді. Бірақ қалай болатындығы белгісіз болған көру арқылы көреді. Қалай болатындығы белгісіз болғанды көру де қалай болатыны белгісіз бір көру болады."(Мәктубати Раббани 3/17)
"Аллаһу та’ала жәннатта мүмин құлдарына «Құлдарым, Менен тағы не қалайсыңдар, берейін» дейді, жәннатта мекенге тәуелсіз болған күйде жамалын көрсетеді." (Мифтах-ул жәнна)
"Қияметте махшар алаңында кәпірлерге сұсты және ашулы күйде, ал салих мүминдерге мейірім және жамалымен көрінеді. Мүминдер жәннатта жамал сипатымен көреді." (Итиқаднама – Мәулана Халид Бағдади)
Сенбегендер мақрұм болады
Сұрақ: Жәннатта Аллаһу та’аланың көрінетіндігін жоққа шығарған адам, қате сенімінің жазасын тозақта тартқаннан кейін жәннатқа кірсе, Аллаһу та’аланы көре алмайды ма?
Жауап: Сенімі (итиқады) қате болған бір адам иманмен өліп, тозақта қате сенімінің жазасын тартқаннан кейін жәннатқа кірсе, Аллаһу та’аланы көреді. Жәннат – ниғметтерден мақрұм қалу орны емес. Аллаһу та’аланың жәннатта көрінетіндігін жоққа шығарғандардың «насс»-тарды, яғни мағынасы ашық (анық) болған аяти карима және хадис шәрифтерді жоққа шығарғандары үшін жәннатқа мүлдем кірмейтіндіктері білдірілген. Құран кәрімде «Қияметте жалт-жұлт етіп жарқыраған жүздер (мүминдер)Раббыларына қарайды» делінген. (Қиямет 22, 23)
Кезкелген аяти каримаға қарсы шығу, жоққа шығару күпір болғанындай, бұл аяти кариманы да жоққа шығару күпір болады. Сүйікті пайғамбарымыз бұл аяти кариманың түсініктемесі ретінде Кутуби ситтаның бәрінде орын алған мәшһүр (атақты) және сахих хадис шәрифте, ай толған күндердің бірінде былай деген:
«Аспандағы мына айды қалай анық көріп тұрған болсаңдар,(жәннатта) Раббыларыңды осылай ап-анық көресіңдер.» (Бұхари, Мүслим, Ибн Мажа, Тирмизи, Әбу Дауд, Нәсаи, И.Ахмед, Ибн Хузәйма, Ибн Хиббан)
Осы мәшһүр хадиске қарсы шығу жоғарыдағы аятқа қарсы шығу сияқты болады. Имам Раббани хазреттері былай деген: Аллаһу та’ала адамдарға ақыл мен ынсап берсін, Аллаһу та’ала жәннатта көрінбейді дегендер Құран кәрімде ашық түрде білдірілген насстарға қарсы келмесін. Сахих хадистерге қарсы шықпасын. Осылар сияқты ашық түрде білдірілгендерге иман ету керек. Бұлардың қалай болатындығын Аллаһ біледі деу керек. Түсінбегендіктен «Ақылым жетпейді» деу керек. Өз ақылына сеніп, түсінбеген нәрсесіне сенбеу үлкен қателік. (3/44)
Аллаһу та’аланы жәннатта көруге сену абыройынан мақрұм қалғандар бұл бақытқа қауышумен қалай қадірлене алады? «Қарсы шыққан адам мақрұм қалады» делінген. Жәннатта бола тұра көрмеу де дұрыс емес, өйткені Ислам діні «Жәннатта болғандардың барлығы көреді» деген. Бір бөлігі көреді, бір бөлігі көрмейді демеген. (3/17)
Аллаһу та’аланы көруді жоққа шығарғандар ашық насстарды жоққа шығарғандықтан жәннатқа да кірмейді.