Жәннатқа тек мейірімділер ғана кіреді
Мейірімділік – жан ашырлық дегенді білдіреді және бұл ризықтың бір түрі. Ризықтар материалдық және рухани болып екіге бөлінеді. Материалды ризықтарға қауыштыратын себептер болатынындай, рухани ризықтарға да қауыштыратын себептер болады.
Рухани ризықтардың негізі – иман. Дененің аштығын басу үшін азығын қамтамасыз етіп жүрген адам, рухының аштығын басу үшін де себептерге жабысады және бұл жолда тырмысатын болса, иманға байланысты болған бұл рухани ризыққа да қол жеткізеді. Аллаһу та’аланың әмірлеріне мойынсұнылмаса, тыйым салғандарынан тыйылмаса, материалдық және рухани ризықтар азаяды. Өйткені Таха сүресінің жиырма төртінші аятында «Мені ұмытсаңдар ризықтарыңды азайтамын» деп бұйырылған.
Иман, денсаулық, азық, адамгершілік, мейірімділік және басқа да көптеген ризықтардың азаюына басты себеп Аллаһу та’аладан ғафил болу.
Дінін үйренген және соған сәйкес өмір сүрген адам дос, дұшпан барша адамдарға жылы жүзді, жұмсақ мәміледе болады және ешкіммен айтысып, сөз таластырмайды. Бәріне мейіріммен қарайды және кешірім сұраған адамдарды кешіреді, кемшілігін көрмейді, олардың берген зияндарына зиянмен жауап бермейді. Хазреті Абдуллаһ Бәлйани былай деген: «Мұсылмандық тек намаз оқу, ораза тұту және түндерде ғибадат етумен шектелмейді. Бұлар онсыз да әрбір мұсылманның істеуі керек болған құлдық міндеттері. Шынайы мұсылмандық ешкімді ренжітпеу. Мұны атқара алған адам Аллаһу та’аланың разылығына қауышады.»
Мұхаммед Салим хазреттерінен “Адамның шынайы мұсылман екендігін қалай аңғаруға болады?” деп сұрағанда “Күлімдеген жүзді, көркем мінезді, жылы сөзді, жомарттығы, ешкіммен сөз таластырмауы, кешірім сұрағанды кешіруі және бәріне мейірімділік етуінен аңғарылады” деп жауап берген.
Адамның ең алдымен өзіне мейірім етуі керек. Өзіне мейірім етуі дегеніміз өзін мәңгі азаптан құтқаруы, яғни иман етуі және исламды үйреніп, ұстануы, Ислам бойынша амал етуі деген сөз.
Көңілде иман болған кезде мейірімділік және қайырымдылық сезімдері онымен бірге болады. Көңілде бұларды ұстап тұра алу үшін Ислам ғұламаларының сөздерін оқу және ешкімі жоқтарға, кедей-кепшіктерге қамқор болу, оларға көмекші болу керек. Ешкімді ғайбаттамау керек және ғайбаттағандарға кедергі болу керек. Жақсылық істеу керек, күнә істеуден сақтану керек. Күнәдан сақтанған адам өзіне де, өзгелерге де мейірім еткен болады. Пайғамбарымыз сахабаларына: «Жәннатқа тек мейірімділер ғана кіреді» деп бұйырғанда ол жерде болғандардан кейбіреулері: «Йа Расулаллаһ біз бәріміз мейірімдіміз» дейді. Пайғамбарымыз «Бірақ сендердің мейірімдерің тек өз бастарыңмен шектелмеуі тиіс. Керісінше мейірім бүкіл адамзатқа болу керек. Шынайы мағынада адамдарға мейірім етуші тек Аллаһу та’ала.» деп білдірген.
Мейірімділікпен байланысты пайғамбарымыз сахабаларына мынадай оқиға айтып береді: «Ескі замандарда бір кісі жолда кетіп бара жатып қатты шөлдейді. Шөл қысып келе жатып бір құдыққа кезігеді. Құдықтан су тартатын еш нәрсе таба алмағандықтан ішіне түседі. Су ішіп шөлін қандырады. Құдыққа түсерде де, шығарда да қатты қиналады. Су ішіп құдықтан шыққан кезінде құдық басынан бір итті көреді. Иттің тілі салақтап дем алысы жиілеп, шөлдегендіктен жерді қазбалап жалап тұрады. Әлгі адам иттің бұл халін көргенде, өз-өзіне бұл ит дәл мендей қатты шөлдеген екен. Оның шөлін басуым керек деп құдыққа қиналып қайта түседі. Су құятын ыдысы болмағандықтан суды аяқ киіміне толтырады. Аяқ киімді тісімен ұстап, қиналып құдықтан шығады. Аяқкиімімен алып шыққан суды итке беріп шөлін басады. Бұл адамның шөлдеген жануарға деген мейірімділігі үшін Аллаһу та’ала оның күнәларын кешіреді.»
Пайғамбырымыздан бұларды естіген сахабалардың бірі: “Йа Расулаллаһ жануарға жасаған жақсылығымыз үшін бізге де сауап беріле ме?” деп сұрады. Расулуллаһ алейһиссалам «Иә, Барлық жандыларға жасаған жақсылықтар үшін сауап бар.» деп бұйырды.
Сондықтан кез келген адамның қатесі үшін оған бетдұға (қарғыс) етпеу керек, мейіріммен әрекет ету керек және «Аллаһым оған мейірім ет, күнәларын кешіре гөр» деп дұға ету керек және ыңғайы келгенде насихат айту керек. Өйткені пайғамбарымыз: «Мұсылмандар өз араларында бір-бірлеріне үнемі насихат айтулары керек, хақты және дұрысты үгіттеуі керек. Әркез бір-бірлеріне мейірімді болу керек» деп бұйырған.
Хазреті Абдулхалиқ Ғиждуани ұлына айтқан өсиетінде: «Адамдарға мейірімді бол! Ешкімді төмен санама! Ешкіммен таласып-тартыспа! Ешкімнен ешнәрсе сұрама! Азығың фиқһ, үйің мешіт болсын!» деген.