Ақшаға Құран оқу
Сұрақ: Ақшаға Құран оқу, оқылған дайын хатымды сату жаиз ба?
Жауап: Құран кәрімді күнкөріс үшін табыс көзі қылуға болмайды. Хадис шәрифтерде былай делінеді:
«Құран оқыңдар, бірақ күнкөріс үшін табыс көзі қылмаңдар.» (И.Ахмед)
«Бір заман келеді, Құран Аллаһ разылығы үшін емес, дүниелік үшін оқылады.» (Әбу Дауд)
«Құран оқып, оқтың садақтан ұшқанындай діннен шығатындар болады.» (Ибн Мажа)
«Құран кәрім, оқығандарына не шапағат етеді, не дұшпан болады.» (Мүслим)
Ақшаға оқылған Құраннан өліге сауап пайда болмайды. (Хидайа)
Ақшаға Құран кәрім оқыту харам болып табылады. (Бәй уә Шира)
Қари саудаласпай таза Аллаһ разылығы үшін хатым немесе мәуліт оқыса, оқытқан адамның берген сыйлығын алуы жаиз болады. (Хадиқа, Бәриқа)
Құран кәрім оқып, сыйлықтарды алып, мұны кәсіпке айналдырмау керек! Өйткені әдетке айналған сыйлықтар келісілген айлық сияқты болады. (Дуррул мухтар)
Ақшаға ғибадат жасау
Сұрақ: Ақшаға ғибадат жасау, мысалы имам болу, Құран үйрету жаиз ба?
Жауап: Иә, ғибадат жасап, Аллаһу та'аладан дүниелік пайдаларды сұрауға болады. Жаңбыр дұғасына шығу, истихара жасау, жалақы алып имам болу, Құран үйрету, кедейліктен құтылу үшін Құран оқу жаиз (рұқсат). Сауда да жасармын деген ниетпен қажылыққа барса, ғибадат жасау ниеті мүлдем болмаса, рия болады. Ғибадат ниеті көп болса, сауап болады.
Сұрақ: Мазарларда кейбір адамдар жүреді, ақшаға Ясин сүресін оқып береді. Немесе «Оқылып қойған дайын хатым бар, арзан сатамыз» дейді. Бұл күнә емес пе?
Жауап: Ақшаға ғибадат жасау немесе жасату, яки ғибадаттың сауабын басқа біреуге сату сахих емес, яғни бұл жолмен ғибадат жасалған болып саналмайды. Ғибадатты жасамай тұрып саудаласатын болса, ол келісілген ақы болады. Жасағаннан кейін саудаласатын болса, ғибадатты сату болады. Екеуі де жаиз емес. (С.Әбәдийа)
Ғибадаттарды, мысалы Құран кәрімді, мәулітті, дұғаны ақшаға жасау жаиз емес. Ол мақсатта істелінген ғибадатқа ақша алу да, беру де харам. Бұларды Аллаһу та'аланың разылығы үшін жасау керек, егер сыйлық берілетін болса, оқыған адамның алуы күнә болмайды. (Ислам Ахлақы)