Амалдардың ең үстемі
Исламға толық мойынсұну – ілім, амал және ықыласпен жүзеге асады. Сондықтан ғибадаттарды ықыласпен жасау керек. Аллаһу та’ала дұрыс және ықыласпен ғибадат еткендерді жақсы көретінін, бұлардың көңілдеріне дүниеде файз-берекелер, нұрлар жаудыратынын, ал ахыретте сауап яғни жақсылық беретінін уәде еткен.
Хазреті Абдуллаһ Руми хазреті Әбулләйс Самарқандиден нақыл етіп былай дейді:
Бір заманда Бағдатта байлар қажылыққа ниет етіп, олардың керуеніне бір кедей де қосылып жолға шығады. Керуендегі байлардың бірі кедейді кекете сөйлейді:
– Көлігің жоқ, азығың жоқ, қалтаңда алтының да жоқ. Сен қажылыққа қалай бармақсың?- дейді. Кедей байдың мазағына қатты ренжиді:
– Аллаһу та’ала ең сенімді қолдаушы. Махлұқтардың ризығын Ол беруде. Бәріміз де Оның бергендерін жеудеміз,- дейді де мұңайған түрде олардан алыстап кетеді. Қажылық міндеттері біткенге дейін олармен кезікпейді. Мекке мукаррамадан Мәдина мунаууараға барар жолда баяғы бай кедейді аман-сау көргенінде өзін-өзі ұстай алмай тағы да келемеждей кетеді:
– Көрші сен мұншама жер жүріп қажылық міндетіңді атқара алдың ба?- деп сұрайды. Кедей:
– Аллаһу та’алаға (шүкір) хамд болсын, жүзіміздің қарасына қарамай бұл қасиетті мекенді зиярат етуді бізге нәсіп етті. Аман-есен қайтып келемін,- дейді.
– Ал саған бәрат (тозақтан құтылды деген құжат) берілді ме?
– Қандай бәрат?
– Қағбаны зиярат еткендерге жаһаннамнан азат болдың деген бәрат қағазы беріледі,- деп бір қағаз шығарып көрсетеді. Кедей өзіне бәрат қағазы берілмегеніне қатты ренжіп дереу артқа қайтады, көзінен жастары ағылып Аллаһу та’алаға: «Ей әлемдердің иесі, ей ұлы Раббым! Сен барлық нәрсеге құдыреттісің. Ихсандарың бүкіл құлдарыңа әр сәтте жаууда. Жаһаннамнан азат болып, ахыретте қиналмаулары үшін құлдарыңның кейбіреулеріне бәрат беріпсің. Бұл кедей құлыңа бәрат берілмеді, әлде бұл құлыңның азат болмағаны ма?» деп жалбарынып жатып есінен танады. Ессіз күйде жатқанында қасына біреу келеді: «Ей кедей! Басыңды көтер, мына бәратыңды алып достарыңа жетіп ал!» деп қолындағын оған береді.
Кедей есін жиғанында қолында дүние қағазына мүлдем ұқсамайтын жасыл түсті, нұрдан жазылған, әдемі иісті бәрат қағазын көреді. Қағазды сүйіп маңдайына басады. Қатты қуанады, шүкір сәждесін жасап керуенге қарай бет алады. Керуендегі байлар кедейдің келгенін көргенде бәрі күліп, келемеждеп:
– Жаһаннамнан азат болдың деген бәратты ала алдың ба?- деп сұрайды. Кедей бәратын шығарып:
– Міне! Раббымыздың ихсан етіп берген бәратым!- деп әдемі иісті бәратын әлгі байға береді. Бәратты қолына алған бай нұрдан жазылған жазулардан кедейдің жаһаннамнан азат болғанын оқығанда есінен танып қалады. Есін жиғанында өз-өзіне: «Қап, обал жоқ маған, қайран босқа кеткен өмірім-ай! Мен де осы кедей сияқты дініме берік болғанымда. Оның қауышқан бақытына мен де қауышқан болғанымда. Бұл кедей шын жүректен, ықыласпен дініне берік болғаны үшін осы мәртебелерге қауышты. Ал мен байлығымның себебімен тәкаппарлыққа салындым және бұл мәртебеден махрұм қалдым. Бүкіл мал-мүлкімді берсем, бұл қағаздағылардың бір нүктесін де ала алмаспын» деп өкініп, көз жасын төгеді. Кедей:
– Қажеке! Бәратым сізде қалсын. Мен өлгенімде өзіммен бірге қабіріме қойыңыз сұрақ алатын періштелер келгенде оны көрсетейін,- дейді. Бай бәратты алып үйіндегі сандығына салып қояды.
Біршама уақыт өткенде бай сауда үшін басқа қалаға кетеді. Ал бұл арада кедей қайтыс болады. Бірнеше ай өткеннен соң бай саудадан келіп кедейдің қайтыс болғанын естиді. Қатты қапа болып, қайғырып, жылайды. «Оның менде құнды аманаты бар еді. Өсиетін орындай алмадым, бәратты жанына қоя алмадым» деп дереу үйіне барып сандығын ашады. Бірақ қанша іздегенімен бәратты қойған жерінен таба алмайды. «Қабіріне қарап көрейін бәлкім біреу алып оған берген болар.» деп ойлап, күрек алып қабріне барады. Мазарын ашпақшы болғанында «Қабірді ашпа! Біз ол бәратты оған бердік, сыртта қалдырмадық!» деген дауыс естиді де есінен танады. Сол ессіз күйінде кедейді көреді. Кедей оған: «Ей Қажеке! Аллаһу та’ала саған амандық берсін! Ол бәрат маған берілді. Әлхамдулиллаһ, Мүнкәр және Нәкир періштелеріне көрсеттім. Бәратты көргенде сұрақ-жауап алмады. Бұл бәратты алуыма қажылықтан қайтып келе жатқанда сен себепші болған едің. Хақ та’ала сенен разы болсын!» деп көзден ғайып болады.
Бай есін жиа-сала үйіне келеді. Кедей үшін хатым оқытады, ас беріп, жетімдерді, кедейлерді тойдырады.
Хазреті Шах Уәлиуллаһи Дәһләуи былай дейді:
«Жаңа иман келтіріп мәртебеленген адамның бұрынғы күнәлары өшірілетіні сияқты, шарттарына мойынсұнып ықыласпен жасалған және қабыл болған қажылық та күнәлар үшін кәффарат (кешірім) болады.»
Қорыта айтқанда ғибадаттарды шарттарына мойынсұнып, ықыласпен орындау керек. Хазреті Малик бин Динардың айтқанындай: «Амалдардың ең үстемі ықыласпен жасалған амал.»