Мазһабтың үкімін ұстану керек
Сұрақ: “Ибн Абидин”, “Хиндийа”, “Дурәр” секілді құнды кітаптарда өткен кейбір хадис шәрифтер аяттарға қарама-қайшы секілді болып көрінеді. Мазһабымыздың кейбір үкімдері де хадис шәрифтерге қайшы секілді. Мұндай жағдайда не істеуге болады? Хадистерге мойынсұну керек па? әлде мазһаб үкімдеріне мойынсұну керек па?
Жауап: Алдымен кейбір ережелерді қысқаша біліп алайық:
1) Бір хадис бір аятқа қайшы болып көрінсе, хадис шәрифке мойынсұнылады.
Өйткені Расулуллаһ алейһиссалам аятты бізден де жақсы түсінеді. Аллаһу та’аланың аяттағы айтпақшы болған мақсатын пайғамбарымыздан да артық түсінетін адам бола ма?
2) Бір хадис мазһаб үкіміне қайшы болып көрінсе, мазһаб үкіміне мойынсұнылады.
Өйткені мазһаб ғалымдары хадис шәрифтерді бізден де жақсы білген. Расулуллаһтың хадис шәрифте айтпақшы болған мақсатын Оның мұрагерлерінен де артық білетін адам бола ма? Мұрагерлерінің әр түрлі ижтиһадтары да расулуллаһтың рұқсатымен, әмірімен жасалынған. Аллаһу та’ала пайғамбарымызға кейбір өкілетті бергеніндей, пайғамбарымыз да мұрагерлеріне кейбір өкілеттер берген. Бұлар қияметке дейін келетін әр түрлі мемлекетте, әр түрлі климатта, әр түрлі жағдайда өмір сүретін мұсылмандар үшін Аллаһтың берген ихсаны, мейірімі. Жалпыға бір ғана үкім болғанда мұсылмандардың жағдайы өте қиын болатын еді. Бұл үкімге мойынсұнбаған адамдар не харам істейтін еді, не күпірлікке түсетін еді.
«Мүжтәһид болмаған адам хадис шәрифтерден фәтуа шығарып, өз ақылымен амал ете алмайды. Мүжтәһид ғалымдардың аяти кәримадан және хадис шәрифтерден түсініп, шығарған фәтуаларымен амал етуі керек. “Тақрир” кітабында да осылай білдірілген.» (Кифайа)
Мұхаммед Хадими хазрет былай деген: «Діндегі төрт дәлел мүжтәһидтер үшін. Біз үшін дәлел мазһабымыздың білдірген үкімдері. Өйткені біз аят және хадистерден үкім шығара алмаймыз. Мазһабтың бір үкімі аятқа немесе хадиске сай келмейтін болып көрінсе де қате емес, өйткені аят және хадис ижтиһад етуді талап етуі, үкімі басқа аят немесе хадиспен өзгертілген болуы мүмкін немесе біз білмейтін тәуилі болады.» (Бәриқа)
Мүжтәһид болмаған адамның діннің үкімдерін хадис шәрифтерден үйренуі мүмкін емес. Сондықтан мүжтәһид болмаған адам хадис шәрифтерді оқыса, хадистерді ойдан шығарылған (заиф, мәузу) деп ойлайды немесе өз ақылымен (ой-пікірімен) қате мағына шығарады. Екеуі де өзінің пәлекетіне себеп болады. Олай болса, бір мұсылманға жасалатын ең үлкен жамандық: «Кутуби ситтаны (мәшһүр алты хадис кітабын) аш! Хадистерді оқы және сол жерден дініңді үйрен!» немесе «Құранның аудармасын оқы, дініңді Құраннан үйрен!» деп айту. Бұл дегеніміз ауру адамға “Пәлен аурухананың, пәлен қабатының пәлен бөлмесі – операция жасайтын бөлме. Ол жерде неше түрлі қажетті құралдар бар. Өз-өзіңе операция жаса!” немесе «Пәлен дәрі-дәрмек фабрикасына немесе қоймасына барсаң әр түрлі дәрілер бар. Тапқаныңды, қалағаныңды ішіп емдел!” деп айтудан да бетер қауіпті.
Мазһаб имамдарымыз аятпен және хадиспен жүрмеген бе еді? Олар аяттан хадистен біз құрлы түсіне алмаған ба еді? Неге енді ол өкілетті ғұламалардың түсінгендеріне емес, өз түсінігімізге еруіміз керек? Дүниелік жұмыстардың өзінде әр істі өз маманынан барып сұраймыз. Өз-өзіне операция жасаған, қажетті дәрісін өзі істеп ішіп жүрген адамдар бар ма?
Құран кәрімде былай делінеді: «Барлықтарың бірге Аллаһу та’аланың жібіне мықтап жабысыңдар, бөлінбеңдер.» (Али Имран 103)
Хазреті Сәйид Ахмед Тахтауи былай деген:
Бұл жердегі “Аллаһу та’аланың жібі” cөзіндегі мақсат – жамағатты білдіреді. Ал жамағат фиқһ және ілім иелері деген сөз. Фиқһ ғалымдарынан бір қарыс шетке шыққан адам адасады. Сиуад-и ағзам – фиқһ ғалымдарының жолы дегенді білдіреді. Фиқһ ғалымдарының жолы да пайғамбарымыз алейһиссаламның және Хуләфа-и ришидиннің (төрт ұлы халифаның) жолы. Бұл жолға мойынсұнбаған адам әһли бидғат (бидғатшы) болады және тозаққа түседі. (Тахтауи)
Сұрақ: “Баршаға қажетті иман” кітабында: «Мүжтәһид болмаған мұсылман сахих бір хадисті үйренсе, мазһаб имамының бұл хадиске сай болмаған үкімін орындау өзіне қиын болса, төрт мазһабтың ішіндегі осы хадиске сай ижтиһад еткен мүжтәһидті тауып, оның мазһабына сай амал етуі тиіс» делінген. Біз хадистерге сай амал ете аламыз ба?
Жауап: Бұл жерде хадис шәрифтермен амал етуді емес, қажеттілік (шарасыздық) кезінде басқа мазһабтың үкімін тақлид етуге болатындығы білдірілуде. Мәселен аш қалып, қысқышбақадан немесе мидиядан (молюск) басқа жейтін нәрсе таппаған адам «Теңізден шыққан барлық жануарлар желінеді.» деген хадис шәриф бойынша ижтиһад еткен мазһабтардың бірін тақлид етіп, теңіз жәндіктерін жеуі жаиз болады деген мағынаны білдіреді. Өйткені Мұхаммед Хадими былай деген:
Төрт мазһабтың біріндегілер үшін өз мазһабының үкімдері ғана дәлел, құжат болып табылады. Өйткені олар аят және хадистерден үкім шығара алмайды. Сондықтан мазһабтың үкімі аят немесе хадиске сай келмейтін болып көрінсе де, сол мазһабқа мойынсұнуы керек. Өйткені аят және хадис ижтиһад етуді талап етуі мүмкін, үкімі басқа аят немесе хадиспен өзгертілген болуы мүмкін немесе басқа бір тәуилі болуы мүмкін. Мұны да тек қана мужтаһид ғалымдар біледі. (Бәриқа)
Расулуллаһтан үлгі алу
Сұрақ: Ғибадаттарымды пайғамбарымыздың әрекеттеріне сай түзеткім келеді. Пайғамбарымыз намаз оқығанда, хазреті Әбу Бәкірге ұйығанда, имамның артында тұрып “Фатиха” сүресін оқыған ба? Егер оқыған болса біздің де оқуымыз керек болады, сол үшін сұрап жатырмын. Сол секілді пайғамбарымыз әйелге тигенінде немесе терісінен қан шыққанда дәрет алған ба?
Жауап: Бұл өте қате сұрақ. Құран және сүннеттен басқа дәлел танымайтын мазһабсыздардың сұрақтарына ұқсайды. Бұл сұрақ бірнеше жағынан қате:
1) Дінімізде төрт дәлел бар. Екеуіне қарсы шығу және хақ мазһабтың бірін ұстанбау адасушылық болып табылады. Бұл жерде “Мазһабымыздың үкімі қандай?” деп сұрау керек еді.
2) Расулуллаһ алейһиссаламның (статусы) орны бөлек. Оған парыз болған нәрсе бізге парыз болмауы мүмкін. Мәселен тәһәжжүд намазы оған парыз еді, бізге нәпіл болып табылады.
Оған харам болған нәрселер бізге жаиз болуы мүмкін. Мәселен өлең жазу және оқу, жуа, сарымсақ жеу Расулуллаһ алейһиссаламға жаиз емес еді. Ал бізге жаиз. Демек Оның жасамаған істері біз үшін өлшем емес. Бізге рұқсат беріп, бермегені өлшем болып табылады.
Оған жаиз болған нәрселер бізге жаиз болмауы мүмкін. Мәселен Расулуллаһ алейһиссамның ажырасқан әйелімен қайта үйленуі жаиз еді, ал бізге жаиз емес.
Бір кісі қайтыс болса, оның әйелі басқаға тұрмысқа шыға алады. Ал пайғамбарымыздың әйелдері басқаға тұрмысқа шыға алмайды. Өйткені олар мұсылмандардың аналары.
Демек, пайғамбарымыздың тек өзі жасап жасамағандары емес, бізге “жасаңдар!” немесе “жасамаңдар!” дегені өлшем болады. Мұны да біз біле алмаймыз, тек мүжтәһид ғұламалар ғана біледі. Сондықтан әркім өз мазһабының үкімімен амал етуі керек. “Расулуллаһ осылай жасаған немесе жасамаған” деп өз ақылымен (ой-пікірмен) үкім беруге болмайды.
Таразға салушы мазһабсыз
Сұрақ: Бір адам “Мен мазһабтың үкімдеріне ойланбай-нетпей еріп кете бермеймін, мазһаб имамдарын тақлид етпеймін, таразға салып зерттеймін. Қай бірінікі дұрыс болса, соны аламын” десе бұл адам мазһабсыз бола ма?
Жауап: Мазһабсыздық дегеніміз нағыз осы. Қазіргі таңда аяти кәримадан және хадис шәрифтерден өз ақылымен үкім шығарып, амал етіп жүрген және хақ мазһабтың біріне мойынсұнбайтын адам қып-қызыл мазһабсыздың өзі болады. Бұл “мазһаб ғалымдары аяти кәрималарды және хадис шәрифтерді мендей білмейді” дегенмен тең.
Бір мазһабты ұнатпау, одан шығу, Сәләф-ус-салихинды жахил деп санау, менсінбегендік болады. Ал бұған күпір болады деген ғалымдар да бар.
«Әс-Сауи» тәфсирінде, Кәһф сүресінің 24-ші аятының тәфсирінің хашиясында былай делінеді:
Төрт мазһабтың біреуінде болмаған адамның сөзі сахих болған хадис шәрифтерге немесе аяти карималарға сәйкес болып көрінсе де оның айтқандарына мойынсұну жаиз емес. Төрт мазһабтың біреуінде болмаған адам – адасқан, азғын адам. Ол басқаларды да тура жолдан тайдырады. Ал төрт мазһабтан шығу күпірге дейін апарады. (Хидайат-ул-мууаффиқин 65-бет.)