Мәжусидің (отқа табынушының) шағымы
Хазреті Омар халифа кезінде шығыс майданның қолбасшысы болған хазреті Са’д бин Әби Уаққас Куфа қаласында бір ғимарат тұрғызбақшы болады. Құрылыс болатын жерге көршілес тұрған мәжусидің үйін де сатып алу керек болады. Мәжуси үйін сатқысы келмейді. Үйіне барып әйелімен кеңеседі. Әйелі «бұлардың Мәдинада бір әміршілері бар, соған барып шағымдан» дейді. Мәдинаға келіп Халифаның сарайын іздейді. Сұрастыру барысында адамдар “Оның сарайы жоқ” дейді. “Ал өзі қазір қайда?” дегенінде “қала сыртына кеткен” деседі.
Іздеп барады. Еш жерден әскерлер, қорғаушылар көрінбейді. Топырақ үстінде ұйықтап жатқан адамды көріп “Халифа Омарды көрдің бе?” дейді. Бұл адам хазреті Омар еді. “Оны неге іздеп жүрсің?” деп сұрайды. Сонда мәжуси “Оның қолбасшысы менің үйімді зорлықпен тартып алмақшы. Соған шағымдануға келдім.” деп жауап береді.
Хазреті Омар мәжусиді ертіп үйіне келеді. Қағаз сұрайды, бірақ қағаз табылмайды. Күрек сүйекті көріп бетіне “бисмилләдан” кейін “Ей Са’д бұл мәжусиді ренжітпе немесе дереу қасыма кел!” деп жазады.
Мәжуси сүйекті алып үйіне келеді. “Босқа әуре болыппын, мына сүйекті қолбасшыға көрсететін болсам, мазақ қылып тұр деп ашуланса керек” дейді. Әйелінің көндіруімен Са’дқа барады. Са’д әскерлерінің арасында мәз-мәйрам отырған еді. Көзі ұзақта келе жатқан мәжусидің қолындағы сүйекке түседі. “Әмирул муминин” Омардың жазуын танып, сол мезетте жүзі бозарып кетеді. Реңінің кенеттен өзгеруіне барлығы таң қалады. Са’д мәжусидің жанына барып: “Не қаласаң да орындайын, бірақ мені Омардың алдына жіберме! Оның жазасына шыдай алмаспын.” дейді. Мәжуси қолбасшының бұлай жалбарынуын көргенде таңданысынан есінен танып қалады. Есін жиғанында кәлима айтып мұсылман болады. Мәжусидің мұсылман болғанын естіген достары: “неге мұсылман болдың?”-деп сұрайды. Сонда ол “Әміршілерін көрдім, жамаулы шапанын киіп толырақ үстінде ұйықтап жатқан еді. Қолбасшыларының одан қорқып қалтырап қалғанын да көрдім. Бұлардың хақ дінде екендігін түсіндім. Мен сияқты отқа табынатын адамға мұншалықты әділдік танытылу тек хақ дінге сенетіндерде ғана болады.” дейді.