Әһли сүннет сенімі
Сұрақ: Әһли сүннет cенімінде болудың шарттары қандай?
Жауап: Әһли сүннет сенімінде болудың маңызды шарттарының біршамасы мыналар:
1- “Амәнтудың” алты шартына сену. (Жақсылық та, жамандық та және барлық нәрселер Аллаһтан келетініне сену. Бірақ адамда таңдау еркіндігі де бар. Жасаған күнәларынан жауапты болады.)
2- Амал иманның бір бөлшегі емес. Яғни ғибадат етпеген немесе күнә жасаған мұсылманға кәпір деп айтуға болмайды. (Уаххабилер “амал иманның бір бөлшегі, намаз оқымаған және күнә жасағандар кәпір болады” деп айтады.)
3- Иман не бар болады не жоқ болады. Артып кемімейді. (қуаты және нұры жағынан артып кемиді.)
4- Құран кәрім махлұқ емес. Яғни кейіннен жаратылған емес.
5- Аллаһ мекенге мұқтаж емес. Яғни бір бағытта, бір орында, бір жерде емес. (Уаххабилер “Аллаһ көкте немесе Аршта отыр” дейді. Бұл күпірлік болып табылады.)
6- Әһли-қыблаға (намаз оқитын мұсылманға) кәпір деуге болмайды. (Уаххабилер өздерінен басқаларды кәпір деп атайды.)
7- Қабір сұрағы және қабір азабы хақ (дұрыс).
8- Ғайыпты тек Аллаһ біледі. Қаласа пайғамбарларына және әулиелеріне де ғайыптан кейбір мәселелерді білдіреді.
9- Әулиенің кереметі хақ.
10- Сахабалардың барлығы да жаннаттық. (Рафизи сектасындағылар “бесеуінен басқа сахабалардың барлығы кәпір” дейді. Алайда Құран кәрімде барлығы да жаннаттық делінген.) (Хадид 10)
11- Әбу Бәкір Сыддық – сахабалардың ең үстемі.
12- Миғраж – рух және денемен бірге болған.
13- Өлтірілген, өз-өзіне қол жұмсаған адам ажалымен өлген болады.
14- Пайғамбарлар күнә істемейді.
15- Бүгінгі күн үшін төрт хақ мазһабтың бірінде болу.
16- Пайғамбарлардың алғашқысы Адам алейһиссалам, соңғысы Мұхаммед алейһиссалам. (Уаххабилер “хазреті Адам, хазреті Шит, хазреті Идристің пайғамбар екендігін жоққа шығарады (мойындамайды). Алғаш пайғамбар хазреті Нұх деп сенеді. Көсемдеріне расул (пайғамбар) дейтін кейбір топтар да “нәби келмейді, бірақ расул келеді” деп сенеді. Сондықтан әр ғасырда “мен расулмын” дейтін азғындар да шыққан.)
17- Шапағатқа, сырат көпіріне, есепке және мизанға сену.
18- Рух өлмейді. Кәпір және мұсылман өлілердің рухтары естиді.
19- Қабір зияраты жаиз. Истиғаса, яғни пайғамбарлар мен әулиелердің қабірлеріне барып, олардың құрметі үшін деп дұға ету және олардан шапағат сұрау жаиз. (Уаххабилер бұған ширк дейді. Сондықтан олар сүннилерге және шииттерге мушрик, яғни кәпір дейді.)
20- Қиямет белгілерінен Дәжжал, Даббатул-арз, хазреті Мәхдидің келетініне, хазреті Исаның көктен түсетініне, күннің батыстан шығатынына және білдірілген басқа да қиямет белгілеріне сену.
Хазреті Имам Ағзам “Қиямет белгілеріне тәуилсіз (ашықтамай, тәпсірлемей, өзі бойынша) сену керек” деп бұйырған. (Фикх-ул-әкбар)
Бір хадис шәрифте былай делінеді: «Күн батыстан шықпайынша қиямет болмайды. Сонда барлық адамдар иманға келіп сенеді. Бірақ бұл имандарының пайдасы болмайды.» (Бұхари, Муслим)
Күннің батыстан шығуын “Еуропа мұсылман болады” деп түсіндіру және тарату, Имам Ағзамның сөзіне қайшы келеді. Ешбір ислам ғалымы күннің батыстан шығуын бөйтіп бұрмалаған емес. Астағфируллаһ, пайғамбарымыз тақпақ айтып тұрған жоқ қой?! Бұлай болмағыр мағыналарға тарту “алма десем шық, алмұрт десем шықпа” дегенге ұқсайды. Қазіргі күнде «арапшада “салат” сөзі дұға деген мағынаны білдіреді, намаз деген нәрсе жоқ» деп намазды жоққа шығаратындар да кездесіп жүр. Оған да сенетін болсақ, мұсылмандықтың “м” әріпі де қалмайды. Егер жоғарыдағы хадис шәрифте күннің батыстан шығуы Европаның мұсылман болуы деген мағынаға келетін болса, ол кездегі адамдардың имандарының пайдасы болмайтыны сияқты ақылға қонымсыз нәрсе айтылған болады. Ал бұл мүмкін емес. Күннің батыстан шығуы ғылыми тұрғыдан да мүмкін нәрсе. Дінсіздер қарсылық білдіреді деп мұндай қиын тәуилдерге барудың қажеті жоқ. Аллаһу та'ала жерді қазіргі орбитасынан алып басқа орбитаға қояды. Жердің айналу бағыты өзгергені үшін күн де батыстан шығады.
21- Ақыретте жаннатта Аллаһу та’ала көрінеді.
22- Кәпірлер тозақта мәңгі қалады және азаптары жеңілдемейді, керісінше бара-бара арта береді.
23- Мәсінің үстінен мәсіһ тарту жаиз.
24- Сұлтанға қарсы көтеріліс шығару жаиз емес.
(Бұл мәліметтер Фикхи әкбар, Нухбәт-ул-ла’али, Р.Насихин, Мәктубати Раббани, Ф.Фәуаид кітаптарынан алынған.)
Жаһаннамнан құтылатын жалғыз топ
Сұрақ: Мен діни ілімдерден хабарсыз өстім. Дінімді дұрыстап үйренгім келеді. Бірнеше кітаптар сатып алдым. Бірақ кітаптарда көптеген айырмашылықтар бар. Құранның аудармалары да бір-біріне қайшы. Өз басыммен дұрысты табуым мүмкін емес екен. Бірдей тақырыпта имамдардан сұрақтар сұрадым. Олар әрқайсысы әртүрлі жауап берді. Менің сұрайын дегенім дінімді дұрыс үйренбей өлсем кешірілемін ба? Немесе қате үйренген болсам бұдан жауапты боламын ба?
Жауап: Дәл осындай немесе осыған ұқсас сұрақтарды көп адамдар сұрайды. Әрбір топ, әрбір секта “менің жолым дұрыс” деп айтады. Имам Раббани хазреті былай бұйырған: Хадис шәрифте мұсылмандардың 73 топқа бөлінетіндігі білдірілді. Бұл 73 топтың әрбірі өзінің исламға толық мойынсұнатынын, жаһаннамнан құтылатыны білдірілген топ өзінің тобы екендігін айтуда. Құран кәрімде айтылады:
«Әр топ өздерінің дұрыс жолда екендігін ойлап, қуануда.” (Муминун 53, Рум 32)
Бұл әртүрлі топтардың ішіндегі құтылатын топтың белгісін пайғамбарымыз білдірген:
«Бұл топтағылар менің және сахабаларымның жолымен жүргендер!» (Тирмизи)
Пайғамбарымыз өзін айтқаннан кейін сахабаларын да айтуы керек болмаса да оларды қосып айтуы “Менің жолым – сахабаларымның жүрген жолы. Құтылу жолы – тек қана сахабаларымның жүрген жолы” дегенді білдіреді. Ал сахабалардың жолымен жүрген әрине әһли сүннет уәл жамағат тобы. Жаһаннамнан құтылатын топ тек қана осылар. (1-том, 80-хат)
Қазіргі күні көптеген адамдар өздерінің әһли сүннет екендігін айтуда. Сондықтан да әһли сүннет сенімінің не екендігін білу шарт болып табылады. Мұны білгеннен кейін дұрысты табу қиынға соқпайды.
“Ширкті кешірмейді” дегеніміз не?
Сұрақ: Аллаһтың барлық күнәні кешіруі мүмкін екендігі айтылады. Алайда ең үлкен күнә болған “ширкті” кешірмейтіндігі Құранда жазылған екен. Осы жайында ашықтап айтып бересіз бе?
Жауап: Итиқадымызды (сенімімізді) түзетуіміз керек. Имам Раббани былай бұйырған: Бір адамның иман келтіретін нәрселердің бірінде бір бұзық сенімі бар болса, қияметте жаһаннамнан мүлдем құтыла алмайды. Ал итиқады (сенімі) дұрыс болып, амалдарында (ғибадатын орындауда, харамнан қашуда) осалдығы бар болса, тәубе етумен немесе тәубесіз де кешірілуі мүмкін. Егер кешірілмесе жаһаннамға түссе де соңында қайта құтылады. Ең негізі іс сенімді түзету болып табылады. (1/193)
Тағы да Имам Раббани хазреті айтады: Әрбір мұсылман әһли сүннет сенімін үйренуі тиіс, иманын әһли сүннет бойынша түзетуі керек. Әһли сүннет ғалымдарының кітаптарында жазылған сенімге мойынсұнбаған жаман, бұзық жолдағы имандар яғни бұларға көңіл байлау, көңілді өлтіретін у болып табылады. Адамды шексіз азапқа апарады. Амалда, ғибадаттарда жалқаулық пен осалдық бар болса кешірілуі мүмкін. Бірақ сенімде осалдық таныту кешірілмейді. Аллаһу та’ала былай бұйырады:
«Аллаһ (ақыретте) ширкті (күпірмен бұзық иманды) ешқашан кешірмейді. Ал басқа бүкіл күнәларды, қалаған адамдарынан кешіреді.» (Ниса 48)
Олай болса өлместен бұрын сенімді түзету керек. (2/67)
Бұдан байқағанымыздай ширкпен, күпірлікпен өлген адам мәңгілік жаһаннамда қалады. Ал дүниеде кезінде яғни өлместен бұрын ширкке (күпірге) түскен адам тәубесіне келсе кешіріледі.
Бір кәпір кәпірлігіне тәубе етсе, тап-таза күнәсіз мұсылман болады. Бір мұсылман да ширкке (күпірге) түсіп кәпір болса, кейін өкініп тәубе етсе қайтадан мұсылман болады. Бірақ тәубе етуі үшін тек шаһадат калимасын айтуы жеткілікті емес. Күпірге себеп болған нәрсеге де тәубе етуі керек. “Аллаһ ширкті кешірмейді” деген сөзді қате түсінбеу керек. Ширк етіп өлген адам кешірілмейді. Бірақ өмірде көп рет ширкке түсіп кейін тәубесіне келген адам кешіріледі.