Рахмет періштелері
Сұрақ: Дінді мүлдем білмейтін бір көршімізге «Үйде ит асырама! Ит болған үйге періштелер кірмейді» дедім. Ол болса: «Тіпті жақсы, олай болса Әзірейіл періште де келмейді, 250 жыл өмір сүремін. Одан бөлек, қалаған күнәларымды да істей беремін, болса да күнәларымда жазатын періштелер де кіре алмайды» деді. Бұл сөздері дұрыс па?
Жауап: Дінді білмейтін адам – дін наданы деген сөз. Дінді мазақ қылу үшін бұлай айтылатын болса, күпір де болады. Рахмет періштелері мен кираман катибин және өлім періштелері басқа-басқа болғанындай, бұлардың міндеттері де басқа-басқа.
Иті болған үйге тек рахмет періштелері ғана кірмейді. Ал адамдардың күнә мен сауаптарын жазатын кирамән катибин періштелері кіреді. Бұл періштелер адамнан әжетханада айрылады. Әжетханада жасалған күнә немесе сауаптарды Аллаһу та’ала періштелерге білдіреді. (Рәддул мухтар)
Демек, періште кірмесе де күнәларды жасыруға мүмкіндік жоқ. Күнәларды Аллаһу та’аладан жасыру мүмкін бе?
Рахметке (Аллаһтың мейіріміне) себеп болатын періштелер мына жерлерге кірмейді:
1) Ішінде жанды нәрсенің суреті немесе мүсіні болған бөлмеге,
2) Алкогольді ішімдік ішіліп жатқан және ішкілік болған жерге,
3) Құмар ойындары ойналатын немесе құмар ойын құралдары болған жерге,
4) Күнә істеліп жатқан жерге,
5) Ит болған жерге,
6) Жүніп адам болған бөлмеге,
7) Сазды аспаптар (мысалы теледидар) болған бөлмеге,
8) Қонақ келмейтін үйге,
9) Әурет жерлері ашық болған адамдар бар жерге,
10) Ата-анасына қарсы болғандардың үйіне. (Нисабул-ахбар)
Ал рахмет періштелері үйге кірмейтін болса, бізге қандай зияны болады? Рахмет періштелерінің қандай пайдалары бар? Хадис шәрифте білдірілген бірнеше жайт мынадай:
1) «Періште кірмейтін үйге шайтан кіреді.» Ал шайтан әртүрлі жамандықты жасату үшін уәсуәса (жаман ой) береді. (Бұл жердегі періште дегеніміз – рахмет періштелері.)
2) «Бір үйге қонақ келген кезде періштелер дастархан басында үй иесіне дұға етеді.» Періштелер кірмейтін болса, бұл дұғадан мақрұм қаламыз.
3)«Дастарханда тамақты сірке суымен бірге жеген адамға да періштелер дұға етеді.» Періштелер кірмейтін болса, аста сірке қолдансақ та, дұғадан мақрұм қаламыз.
4) «Періштелер сәресіне тұрғандарға дұға етеді.» Періштелер кірмесе, ол адам періштелердің осы дұғасынан мақрұм қалады.
5) «Салауат айтқан кісінің күнәларының кешірілуі үшін періштелер дұға етеді.» Періштелер келмесе, бұл дұғадан мақрұм қаламыз.
6) «Аллаһу та’ала зікір етілген жерлерге періштелер рахмет шашады.» Періштелер кірмесе, бұл рахметтен де мақрұм қаламыз.
7) «Құран кәрімді хатым еткен адамға алпыс мың періште дұға етеді.» Періштелер үйге келмесе, бұл дұғадан мақрұм қаламыз.
8) «Бір адам намаз оқыған жерінен кеткенге дейін періштелер «Йа Раббым, бұған мейірім ет» деп дұға етеді.» Періштелер кірмесе, бұл дұғадан мақрұм қаламыз. Рахмет періштелерінің кіруіне бөгет болатын нәрселер бар болса, намазымыз да мәкрух болады.
9) «Періштелер жақсылық үйрететін адамдарға дұға етеді.» Періште келмесе, бұл дұғадан мақрұм қаламыз.
10) «Дін бауырының бір ісін жасап берген адамға мыңдаған періштелер дұға етеді.» Періштелер келмесе, бұл дұғадан мақрұм қаламыз.
11) «Төсекке дәретті болып жатқан адам үшін бір періште таңға дейін «Йа Раббым, бұны кешір» деп дұға етеді.» Періште келмесе, бұл дұғадан мақрұм қаламыз.
12) Өлім халіндегі адам жатқан бөлмеде хайзды әйел немесе періштенің кіруіне бөгет болатын басқа нәрсе болмау керек. Мүмин рухын тапсырып жатқан кезде рахмет періштелерін көріп, жан беру азабын сезбейді. Ол жерге рахмет періштелері кірмесе, ол адам өлетін кезде қиыншылықтарға тап болуы мүмкін. Сондықтан рахмет періштелерінің кіруіне бөгет болатын іс жасамауымыз керек.
Өлім періштесінің жан алуы
Ол адамның «Періште үйге кірмесе жанымды ала алмайды, 250 жыл өмір сүремін» деуі де қате. Неге 250 жыл, олай болса мың жыл өмір сүрсін, тіпті мүлдем өлмесін. Өлмеу мүмкін бе? Өлмеу мүмкін болмағанына қарағанда, өлім періштесі қайда болсақ та жанымызды алады. Әлемнің әр түпкірінде бір сәтте өлген адамдардың жандарын да бір сәтте алады. Бұл бір қаланың электр шамдарын бір сәтте сөндіруге ұқсайды.
Ибрахим алейһиссалам Әзірейіл алейһиссаламнан:
– Әлемнің әр жағында зілзала, соғыс, ауру сияқты себептермен бір уақытта өлетін көптеген адамдар болады. Бір уақытта бұларға қалай үлгересің? – деп сұрады. Әзірейіл алейһиссалам:
– Ажалы келгендерді шақырамын, бірден бәрі уысыма жиналады. – деп жауап береді.
Әһли хикмет ғұламаларының бірі «Жер жүзі өлім періштесі үшін алдында тұрған леген сияқты. Ажалы келгендерін алады» деген.
Сүлейман алейһиссалам өлім періштесіне былай деді:
– Жанын алған адамдарыңның бірі жас, бірі нәресте болады. Бұл қалай болғаны?
– Ажалдарды мен тағдыр етпеймін. Қолыма ажалы келгендердің тізімі беріледі. Мен сол бойынша шақырамын, олар келеді.
Мұсылмандардың рухын Әзірейіл алейһиссалам алады, ал кәпірлердің жанын Әзірейіл алейһиссаламның қоластындағы өлім періштелері алады. Яғни пасық (күнәһар) және кәпірлердің рухын басқа періштелерге әмір етіп алдырады.
Горшокты тазаламау
Сұрақ: Кішкентай баланың горшоктағы зәрін түнге қалдырудың зияны бар ма?
Жауап: Әжетханаға төгіп, горшокты тазалап қою керек. Түнге қалдырмау керек. Бір хадис шәрифтің мағынасы мынадай:
«Үйде ыдыс ішінде зәр сақтамаңдар! Рахмет періштелері мұндай бөлмеге кірмейді.» (Табарани)
Тіпті қоқысты да үйде ұзақ сақтау дұрыс емес. Бір хадис шәрифтің мағынасы мынадай:
«Бір үйде қоқыс бар болса, ол үйден берекет кетеді.» (Дәйләми)