Ұшыр
Сұрақ: Ұшыр дегеніміз не?
Жауап: Жерден өсіп шығатын егін өнімдерінің зекетін ұшыр деп атайды. Кедей немесе қарызы бар адамның да ұшыр беруі керек. Бірақ сауда тауарлары және малдардың зекеті бұлай емес. Бұларда қарыздар қолдағы ақшадан және сауда тауарларынан алынады. Кейін қалған бөлігі нисабқа (байлық мөлшеріне) жететін болса зекеті беріледі. Хазреті Имам Ағзам былай бұйырған:
«Егін өнімдері жинап алынған кезде аз болса да, көп болса да оннан бірін немесе оннан бірінің құнына шақ алтын немесе күмісті мұсылман кедейлерге беру парыз болып табылады.»
Имамейннің (Имам Әбу Юсуф және Имам Мұхаммедтің) үкімі бойынша ұшыр беру үшін, өнімнің бір жылға шыдамды болуы және мөлшерінің 1250 литр (шамамен 1 тоннадан) көп болуы керек. Мәселен жарты тонна бидай жиған кедей Имамейннің қаулысына сүйеніп ұшыр бермесе күнәға кірмейді. Бірақ бай адам жүз кг бидай жинаса да оннан бір бөлігін ұшыр ретінде беруі керек болады.
Ұшыр берген кедей басқалардың өзіне берген ұшырын алуына болады. Бірақ бай адамның зекет алуы харам болады.
Бір адам егістік жерінің оннан бір бөлігін кедейге берсе де, егістік жерінің қалған бөлігінің ұшырын жыл сайын беріп тұруы керек болады.
Ұшырдың нисабы болмайды. Алынған өнім аз болса да ұшырын беру керек. Ұшыр ретінде оннан бір бөлігі беріледі. Егіншілікке кеткен шығындар жалпы өнім құнынан алынбайды. Бірақ егістік жерін суаруы ақылы болса немесе мотормен суарылған болса, ұшыр ретінде өнімнің жиырмадан бір бөлігі беріледі. Ұшыр беру әмірі Әнам сүресінің 141-ші аятында білдірілген. Оннан бірі берілуі хадис шәрифпен білдірілген.
Сұрақ: Туыстарым егістік жерімді тегін пайдаланып жүр, бірақ ұшырын бермейді екен. Бұдан мен жауапты боламын ба?
Жауап: Жоқ.
Сұрақ: Ұшыры берілгені немесе берілмегені белгісіз болса немесе берілмегені мәлім болған бақша өнімінен бізге сыйға берілсе оны жеу жаиз бола ма?
Жауап: Белгісіз болса жеу жаиз болады. Ұшырын бермегені белгілі болса, берілген сыйлықтың оннан бірін кедейге бергеннен кейін жеу жақсы болады. (С. Әбәдийа)
Сұрақ: Бидай, арпа және алманың ұшырын таразға тартып беру жаиз ба?
Жауап: Иә, жаиз.
Сұрақ: Егіншілікке кеткен шығынымыз алған өнімнен асып кетті. Мұндай жағдайда ұшырын беруіміз керек пе?
Жауап: Өнім жиналатын болса беру керек.
Сұрақ: Көп шығынданып, аз өнім алған кезде де ұшырын беру керек пе?
Жауап: Шығын қаншама көп болса да, барлық алынған өнімнің ұшырын беру парыз болады.
Сұрақ: Гүлдің ұшырын беру керек пе?
Жауап: Сауда ниетімен өсірілетін болса, зекеті беріледі.
Сұрақ: Бидай және арпаның ұшырын арпамен беруге бола ма?
Жауап: Иә, жаиз болады.
Сұрақ: Бидайдың ұшырын басқа жылы өсірілген бидайдан беру жаиз ба?
Жауап: Иә, жаиз. Ұнынан беру де жаиз.
Сұрақ: Пістенің ұшырын пісте маймен беру жаиз бола ма?
Жауап: Иә.
Сұрақ: Жердің иесімен жерді жалға алушы шыққан өнімді теңдей бөліп алса, ұшырын кім береді?
Жауап: Екеуі де жарты жартыдан береді.
Сұрақ: Үй қажеттілігі үшін өсірілген көкөністердің ұшыры беріле ме?
Жауап: Берілмейді.
Сұрақ: Екі кісі ортақтаса егін егеміз, шыққан өнімнің жартысының ұшырын мен бердім. Қалған жартысының ұшырын екінші адам бермесе маған күнә бола ма?
Жауап: Екінші адамның разылығын алып барлығының ұшырын беру керек. Оған разы болмаса, жартысының ұшырын бересіз. Разы болмайтын адаммен ортақ болмау керек.
Сұрақ: Егінші зекетін бидаймен беруі парыз ба, ақшамен берсе болмай ма?
Жауап: Бидайдың зекетін ұшыр деп атайды. Бидайдың ұшыры бидаймен беріледі немесе құны сол шамада алтынмен беріледі.
Сұрақ: Әкесі бақша өнімінің ұшырын бермесе, ұлы оны бұл күнәдан құтқару үшін оған: «Әке сіз ұшырын бер, мен сізге ақшасын беремін» десе бұл жағдайдың фикхтағы үкімі не?
Жауап: Әкеңіз ұшырын берген болады.
Сұрақ: Отын, шөп, сабан үшін ұшыр беріле ме?
Жауап: Берілмейді.
Сұрақ: Желінген жемістердің ұшырын оймен жобалап есептеп беру жаиз ба?
Жауап: Жоғары ықтималмен жобалап беруге болады.
Сұрақ: Қарызы астықтың ұшырынан көп болған адам алдымен ұшырын бере ме?
Жауап: Иә.
Сұрақ: Зекет секілді ұшырдың да “дәур исқаты” жасала ма?
Жауап: Иә.
Сұрақ: Қазір бидайдың бағасы арзан. Бір айлық намаз исқаты үшін берілетін 315 кг бидайды қазіргі бағасымен есептеп құны сол шамада болатын алтынмен беру жаиз бола ма?
Жауап: Иә.
Сұрақ: Кедей егінші ұшыр беріп, ұшыр алуына бола ма?
Жауап: Иә, болады.
Сұрақ: Ұшырды алтынмен дәур етіп беруге бола ма?
Жауап: Иә.
Сұрақ: Астығымыздың ұшырын бергеннен кейін сатып, ақшаға айналдырсақ, зекет күні келгенде бұл ақшаның зекетін де беру керек пе?
Жауап: Ұшыры берілген астықтың екінші рет ұшыры берілмейді. Бірақ сатып ақшаға айналдырғанда зекет күні келгенде нисаб мөлшеріне қосып зекетін де беру керек болады.
Сұрақ: Жалға алған жердің ұшырының барлығын мен беруім керек пе?
Жауап: Фикх кітаптарында былай делінеді: «Бір адам егістік жерін жалға берсе, егіннің ұшырын имам Ағзамның үкімі бойынша жердің иесі береді. Жалгерлік ақысы жоғары болған жерлерде осы фәтуа берілген. Имам Әбу Юсуфпен Имам Мұхаммедтің үкімі бойынша жалға алған адам төлейді. Жалгерлік ақысы аз болған жерлерде осы фәтуа берілген.»
Мәселен жалгерлік ақысы ретінде 20 мың теңге беріп, кеткен шығындарды алып тастағанда 60 мың теңгелік өнім алған болсаңыз, өнімнің ұшырын сіз бересіз. Ал егер шығындарды алып тастағанда 30 мың теңгелік өнім алған болсаңыз, онда ұшырды жердің иесі береді. Өйткені пайданың жартысынан көбін жердің иесі алған. Егер 10 мыңдық шығын жасап 50 мыңдық өнім алсаңыз, 40 мың пайда тапқан боласыз. Оның 20 мыңын жердің иесіне бергеніңіз үшін ұшырдың жартысын сіз жартысын жердің иесі береді.
Ұшыр берерде жалгерлік ақысы және кеткен шығын жалпы өнімнен алынбайды. Бірақ ұшырды қай жақ беретінін есептеуде кеткен шығындар назарға алынады.
Ұшырдың зекеті бола ма?
Сұрақ: Ұшыры берілген өнім бірнеше жыл сақталатын болса, күнә бола ма? Сатқанда зекеті беріле ме?
Жауап: Ұшыры берілген өнім қанша жыл сақталса да күнә болмайды. Бір хадис шәрифте былай бұйырылған: «Зекеті берілген мал-мүлік кәнз емес.» (Әбу Дауд, Табарани, Хаким, Хатиб, Мунауи) (Кәнз: біріктіріп, жинақтап сақталған, пайдаланбайтын мал-мүлк дегенді білдіреді.)
Хазреті Ибни Абидин былай деген: «Сауда тауарларының зекеті беріледі. Ұшыры берілген өнімдер және мирас болып келген немесе сыйлық ретінде келген нәрселерде саудаға ниет етілсе де, бұлар сауда тауарына жатпайды. Өйткені сауда ниеті сауда-саттықта болады. Мәселен ұшыры берілген өнімі немесе мирас болып келген кез-келген мал-мүлкі бар адам бұларды сату ниетімен сақтаса, бұлар нисаб мөлшерінен көп болса және бір жылдан көп тұрса да зекетін беру керек емес.» (Рәддул мухтар)
Бұларды сатқанда немесе жалға бергенде түскен мал-мүліктер сауда затына айналады. Зекет күні келгенде нисабқа қосылады. Алтын және күміс заттар және қағаз ақшалар қандай жолмен келген болса да зекеті берілетін мал-мүлікке жатады.
Аз өнімнің ұшыры
Сұрақ: Зекетке мұқтаж бір кедей бақшасынан алған аз өнімінің ұшырын беруі міндетті ме? Мәселен бұл адамның 20 кг қызанақ, 30 кг картоп, 50 кг алманың, 500 кг бидайдың ұшырын беруі керек пе?
Жауап: Имам Ағзамның үкімі бойынша барлық жеміс, көкөністер аз болса да көп болса да жинап алынғанда оннан бір бөлігін немесе құнын алтынмен мұсылман кедейге беруі парыз болып табылады. Мал күшімен немесе мотормен суарылатын жерлерде шыққан өнімнің жиырмадан бір бөлігі беріледі. Ұшыр берерде мал, ұрық, құрал-жабдықтар, тыңайтқыш, дәрі және жұмысшыға кеткен шығындар, жалпы өнім құнынан алынбайды. Бір “са”-дан аз болған өнімнің ұшыры берілмейді. Бір “са” 4 литрден сәл ғана көп.
Имам Әбу Юсуфпен Имам Мұхаммедтің үкімі бойынша ұшыр беру үшін өсіп шыққан өнімнің (қалыпты жағдайда) бір жылға шыдамды болуы және мөлшерінің бес уесктен көп болуы керек. 1 уеск 250 литрге тең. Бес уеск 5х250=1250 литр болады. Яғни екі имам ұшыр берудің нисаб мөлшерін 1250 литр деп білдірген. Бірақ фәтуа Имам Ағзамның ижтиһады бойынша берілген.
Фәтуа Имам Ағзамның үкімі бойынша алынғанмен зекет алуға мұқтаж болған кедей, Имамейннің ижтиһадына мойынсұнып бір жылға шыдамайтын жеміс және көкөністермен 1250 литрден аз болған бидай, арпа, мержімек секілді дәнді дақылдардың ұшырын бермесе күнә болмайды. Басқа үш мазһабта көкөністер көп болса да ұшыры берілмейді. Ханбели мазһабында жаңғақтың ұшыры болмайды. Малики және Шафииде бадам, күнжіт, зығыр дәні, тмин және анистің ұшыры болмайды. Ханбелиде зәйтүннің ұшыры болмайды. Шафии және Маликиде зәйтүннің ұшыры беріледі және берілмейді деген екі түрлі қаулы бар. Малики және Шафииде балдың ұшыры болмайды. Үш мазһабта жемістің ұшырын шамамен жобалап беру жаиз. Ханафи мазһабында шамамен жобалап беру жаиз емес, таразға тарып немесе көлемімен өлшеп беру керек. Бір үзір болған жағдайда басқа мазһабты тақлид етуге болады.
Үй бақшасының ұшыры
Сұрақ: “Садәти әбәдийа” кітабында “өнім қанша болса да, үй бақшасынан алынатын өнімнің ұшыры берілмейді” деп жазылған. Біздің ауылда бәрінің үйі бақшасының ішінде орналасқан. Өте үлкен болған бақшалардағы жаңғақтардың және басқа да жемістердің ұшыры берілмейді ма?
Жауап: Берілуі керек. Үй егістік жерге, бақшаға салынған болса мұның ұшыры беріледі. Бірақ үйдің ауласындағы бақшада өсірілген жеміс, көкөністердің ұшырын беру керек емес. Өйткені бұл жемістер үй адамдарының қажеттілігі үшін егілген. Тіпті бір бөлігі сатылса да ұшырын беру керек болмайды. Тек үй бақшасында сауда ниетімен егілген өнімдердің ғана ұшыры беріледі.
Сабан және жапырақтың да ұшыры болмайды
Сұрақ: Біз жүзімді де, жапырағын да сатамыз. Екеуінің де ұшырын беруіміз керек пе? Сонымен қатар еккен бидайдың сабанын да сатамыз, бұлардың да ұшырын беруіміз керек пе?
Жауап: Жүзімнің ұшыры беріледі, сатылатын жапырағының ұшыры берілмейді. Бидайдың ұшыры беріледі, сатылатын сабанының ұшыры берілмейді. Жүзімнің жапырағымен сабаннан түскен ақшаны қолдағы бар ақшаға қосқанда нисаб мөлшеріне жететін болса, зекеті беріледі. Яғни сабан және жүзім жапырағынан түскен ақшалар зекет нисабына қосылады.
Жүзімнің жапырағы және терек
Сұрақ: Жібек құртынан алған жібектердің, тұт жапырақтарының, жүзім жапырақтарының және сату үшін өсірілген терек ағаштарының ұшырын беру керек пе? Таулардан терілген жеміс-жидектердің ұшыры бола ма?
Жауап: Жемісі болмай сауда үшін өсірілетін терек секілді ағаштардың және пайдаланылатын тұт жапырақтарының ұшыры беріледі. Жібектің ұшыры берілмейді. Жүзім жапырақтарының ұшыры болмайды. Жүзімнің жапырағы көп болып сатылатын болса, ақшасы зекет нисабына қосылып зекеті беріледі. Таулардан терілген жеміс-жидектердің де ұшыры беріледі.
Ұшыры берілген мүліктің зекеті берілмейді
Сұрақ: Ұшыры берілген бір өнім түрі бірнеше жыл сақталып қолда тұрса, зекеті беріле ме? Бұл өнімді сатып ақшаға айналдырғанда ақшасы зекет нисабына қосыла ма?
Жауап: Хазреті Ибни Абидин былай деген: «Зекетпен ұшыр бірге болмайды, яғни бір мүліктің әрі ұшыры, әрі зекеті берілмейді. Өйткені бір мүлік үшін зекет парыз болса, ұшыр парыз болмайды. Бір адам бақшасынан шыққан өнімнің ұшырын берсе, ол өнімдермен саудаға ниет етсе және ол өнім көп жылдар бойы қолында тұрса да зекетін бермейді. Бір кісі ұшырлық жерді сатып алып, онымен саудаға да ниет етсе және арада қаншама жылдар өтсе де үкім осылай болып қала береді. Өйткені ұшырлық жерден өсіп шыққан өнімге зекет те қосылсын, екі үкім бір жерде түйіссін деп саудаға да ниет ету сахих болмайды. Сол секілді саудаға ниет етіп ұшырлық жерді сатып алып, ол жерге егіс егетін болса, ол жер сауда тауары болудан шығады.» (Рәддул мухтар)
“Саадети әбәдийа” кітабында былай делінеді: «Сауда тауары деп аталу үшін ол заттың сауда ниетімен сатып алынуы керек. Ұшыр берілуі керек болған жерден өсіп шыққан өнімдердің және мирас болып келген немесе сыйлық, өсиет секілді жолдармен қабыл алынған мүліктерде саудаға ниет етілсе де бұлар сауда тауарына жатпайды. Өйткені сауда ниеті сауда-саттықта болады. Мәселен егістігінен бидайын жинап ұшырын берген адам немесе мирасқа қолына дүние-мүлік өткен адам, бұларды сату ниетімен сақтаса да және бұлардың құны нисаб мөлшерінен көп болып, қолда бір жылдан көп тұрса да зекетін беру керек емес. Сауда ниетімен (яғни сату үшін) сатып алған бидайын егістігіне егетін болса немесе сауда үшін сатып алған малды, матаны өзі қолдануға ниет етсе, сауда тауары болудан шығады. Кейіннен бұларды сатуға ниет етсе де сауда тауарына жатпайды. Бұларды сатқанда немесе жалға бергенде түскен ақша немесе мал-мүлік сауда тауары болып саналады. Қолдану үшін сатып алынған нәрсені кейіннен сатуға ниет етсе және мирасқа қалған нәрсені немесе сыйлық, өсиет, садақа секілді өзінің қабыл етуімен иемденген мал-мүлікті аларда сатуға ниет етсе немесе егістігінен алған бидайды сатуға ниет етсе де бұлардың ешқайсысы сауда тауарына жатпайды. Бұларды сатса және сатарда түскен түсімді сауда-саттыққа қолдануға ниет етсе бұл нәрселер сауда тауары болады. Өйткені сауда дегеніміз бір іс болып табылады. Тек қана ниет ету жеткілікті емес. Бастамасы да болу керек. Ал сауданы тоқтатуда ниет ету жеткілікті болып табылады. Алтын және күміс бұйымдар және қағаз ақшалар қай жолмен алынса да зекет мүлкіне жатады, яғни зекет нисабына қосылады.»
Демек хазреті Ибни Абидиннен және Саадети әбәдийа кітабынан көргеніміздей ұшыры берілген өнім жылдар бойы қоймада сақталса да зекеті берілмейді, бірақ бұл өнімдер сатылып алтын немесе қағаз ақшаға ауысса, бұлар сауда затына айналады, зекетке қосылады.
Сауда тауарының зекеті беріледі
Сұрақ: Алма бауым және дүкенім бар. Алмалардың ұшырын кеше бердім. Қалған алмаларды сатып ақшасына дүкенге сатылатын тауар алдым. Ертең зекет беретін күнім. Дүкендегі заттардың зекетін ертең беремін. Ұшыры берілген алмалардан түскен ақшаның және тауардың зекетін де беруім керек пе? Кітаптарда ұшыры берілген өнім сатылып ақшаға немесе сауда тауарына айналғанда зекеті беріледі деп жазылған. Алмалардың ұшырын кеше ғана бердім. Енді ертең оның зекетін де беруім қате емес пе? Ұшыры берілген өнім көп жыл сақталса да зекеті беріле ме? Бұл өнімді ақшаға айырбастағанда ақша нисаб мөлшеріне қосыла ма?
Жауап: Сауда дегеніміз бір іс болып табылады. Саудада тек қана ниет ету жеткілікті емес. Бастамасы да болу керек. Ал сауданы тоқтатуда ниет ету жеткілікті болады. Алтын және күміс бұйымдар және қағаз ақшалар қай жолмен алынса да зекет мүлкіне жатады, яғни зекет нисабына қосылады. (Саадети әбәдийа)
Сіз ол ақшаны саудада қолданудасыз, зекетін де беруіңіз керек. Онсыз да жемістеріңіз сатылып ақшаға ауысқанда сауда затына айналады. Нисаб мөлшеріне жететін болса, зекетін де беруіңіз керек болады. Ұшыры берілген өнім сатылып ақшаға айналғанда сауда затына яғни зекет мүлкіне жататын болады. Яғни заттың қасиеті өзгереді. Қасиеті өзгермегенде жылдар бойы тұрса да зекеті берілмес еді. Сауда тауары болмағаны үшін зекеті де болмайтын еді. Бірақ сіздің жағдайда қасиеті өзгерді, зекет мүлкіне айналды.
Кәпірге намаз, зекет, ораза секілді ешқандай ғибадат парыз емес. Кәпір мұсылман болған кезде мәселе өзгереді, намаз, ораза, зекет парыз болады. Өйткені кәпір өзгерді, мұсылман болды. Сол секілді ақша және сауда тауары нисаб мөлшеріне жететін болса, зекетін беру де парыз болады. Керісінше де болуы мүмкін. Мұсылман кәпір болса, оған ешбір ғибадат парыз болмайды. Өйткені бұрыңғы қасиетін жоғалтқан болып табылады.
Намахрем (бөтен) қыз, намахрем еркекке харам болады. Некелері қиылғаннан кейін халал болады, өйткені қасиеті өзгерді. Керісінше де болуы мүмкін. Ажырасатын болса бір-біріне намахрем болады. Тағы да қасиеттері өзгереді.
Имам Фатиха оқығанда жамағаттың амин деуі сүннет болып табылады. Имамның дауысы микрофонмен шыққанда дауыстың қасиеті өзгереді, амин дегендердің намаздары бұзылады. Микрофон дауыс толқындарын электр энергиясына өзгертеді. Ал колонка электр энергиясын дауыс энергиясына айналдырады. Микрофон арқылы колонкадан шыққан дауыс, иесінің даусына қатты ұқсағанымен басқа дауыс болып табылады. Пайда болған жаңа дауыс сөйлеп жатқан адамның өз дауысы емес. Электр энергиясының және магниттік күштердің қаңылтыр темірді дірілдету әсерімен пайда болған басқа дауыс. Ал басқа дауысқа әмин деген адамның намазы бұзылады.
Шарап харам болып табылады, сірке суына айналғанда халал болады. Өйткені қасиеті өзгеріп басқа затқа айналды.
Доңыз майымен сабын жасалған болса, сабын таза болады, қолдануы жаиз болады. Өйткені қасиеті өзгеріп басқа затқа айналды.
Нәтижеде: Ұшыры берілген өнім қырық жыл қалса да, ұшыры да, зекеті де берілмейді, бірақ сауда тауары болса немесе сатылып ақшаға айналса зекет мүлкіне жататын болады. Бір күннен кейін зекет күні келсе, зекетін беруі керек болады.
Балдың ұшыры
Сұрақ: Балдың ұшырын берерде құрал-жабдықтарға және т.б. нәрселерге кеткен шығындарды балдың құнынан алып тастаймыз ба? Ұшыр ретінде балдың қанша бөлігін беру керек?
Жауап: Ешқандай шығын балдың құнынан алынбайды. Балдың мөлшері аз болса да оннан бір бөлігін зекет алуы жаиз болған бір немесе бірнеше кедейге беру парыз болады. Бал сатылған болса, құнының оннан бірін ұшыр ниетімен алтынмен береді.
Ұшырды ұқсасынан беру
Сұрақ: Ұшыры берілмеген өнімнің ұқсасын сатып алып беру жаиз бола ма? Яғни қолымыздағы өнімнен емес, базардан дәл сондай сипаттағы басқа өнімді сатып алып ұшыр ретінде беру жаиз бола ма?
Жауап: Жаиз емес, бірақ ол жылдың өнімінен өткен жылдардың ұшырын беруге болады. Бұл жаиз болады, өйткені өзінің өнімі. Немесе алтынмен де беруге болады.
Көшеттің ұшыры
Сұрақ: Жас көшет алып егіп, өсіріп барып сататын адам сауда жасағаны үшін бұлардың зекетін бере ме, әлде ұшырын бере ме?
Жауап: Жерден өсіп шыққан өнімдердің ұшыры беріледі. Өйткені оны өзі өсіреді. Егер өзі өсірмей дайын көшетті сатып алып сататын болса, сауда тауары болады. Ол кезде зекетін беру керек болады.
Жапырақтардың ұшыры
Сұрақ: Шай жапырағы, темекі жапырағы, тұт жапырағы, мақта және жоңышқаның ұшыры беріле ме?
Жауап: Иә, беріледі.