Зұлымдық көрген адамның дұғасы
Хорасан әкімі Абдуллаһ бин Тахир өте әділетті адам еді. Адамдары бірнеше ұрыны ұстап, оған хабарлайды. Ұрылардың бірі қашып кетеді. Ол кезде хираттық бір ұста Нишапурға барған болатын. Бір күні түнде үйіне қайтып келе жатқанда оны ұры деп ұстап алады. Ұрылармен бірге әкімге алып барады. Ол «қамаңдар» дейді.
Ұста түрмеде дәрет алып, намаз оқиды. Қолын, жайып, «Иә, Раббым. Кінәлі емес екенімді тек сен ғана білесің. Мені бұл зынданнан сен ғана құтқара аласың» деп дұға етеді. Әкім түнде түсінде төрт күшті адам келіп, тағын теріс аударайын деп жатқанын көріп оянады. Дереу дәрет алып, екі рәкат намаз оқыды. Қайтадан ұйқыға жатты. Тағы да сол түсті көріп, оянады. Өзінен зұлымдық көрген адамның наласы бар екенін түсінеді.
Дереу сол түні түрменің бастығын шақырып, «түрмеде зұлымдық көрген адам бар ма?» деп сұрайды. Ол «білмеймін, бірақ, біреуі намаз оқып, көп дұға етеді» дейді. Оны алдырып, жағдайын сұрап, кінәсіз екенін білді. Кешірім сұрап, былай деді:
– Кешір, мың күміс сыйлығымды ал және қандайда бір тілегің болса маған кел.
– Кешірдім, сыйлығыңды қабылдадым. Бірақ, тілегімді сенен сұрап келе алмаймын.
– Неге келе алмайсың?
– Өйткені, мен сияқты бір кедей үшін сен сияқты сұлтанның тағын бірнеше рет теріс аударған иемді тастап, тілегімді сенен сұрауым дұрыс бола ма? Намаздан кейін оқыған дұғаларым арқылы мені қаншама қиыншылықтан құтқарды. Қаншама мақсатыма жеткізді. Қалайша мен басқа адамға сыйынамын, оған қалай барамын?
Ұста сұлтанның қасынан кетіп, еліне қайтты.