Қожа Ахмет Иассауи хазреттері – Түркістандық ұлы ғұлама, әулие. Әкесі-Исфиджабта даңққа бөленген  әулие, Хазреті Әлидің ұрпағы Шейх Ибраһим. Тегі Хазреті Фатима анамызға жанаспағандықтан сәйид емес. Анасы-Мұса шейхтың қызы Айша (Қарашаш ана). Қай жылы туылғаны белгісіз -1166 ж Түркістан (Иассы) қаласында қайтыс болған. Әмір Темір қабіріне өте көрнекті кесене салдырған.

Ахмет Иассауидің ұстаздарының көшбасшысы – Арыстан баб. Оған 16 ж қызмет етіп, одан захир және батин ілімдерінің сыры мен мәнін үйрененген. Арыстан баб қайтыс болғаннан кейін Бұхараға барып сол заманғы әһли сүннет ғалымдарының ең үстемі Юсуф Хамаданиге байланып рухани ілімдерден дәріс алды. Адамдарға ілім үйрету, дұрыс жолды көрсету үшін одан ижазат (диплом) алды. Кейін Иассыға қайтып шәкірт жетілдірді.

Жүз мыңға жуық шәкірттері болды. Иассауидің ілім ұясынан жетілген Иассауия дәруіштері Хорасан, Азербайжан, Хижаз және Анадолу өлкелеріне дейін тарады. Барған жерлерінде жақсы мінездерімен және шырайлы уағыз-насихаттарымен адамдардың дүние және ахырет бақытына қауышуларына себепкер болды.

Оның «Диуани Хикмет», «Мират ул-Қулуб», «Пақырнама» атты туындылары көне түркі тілінде жазылғандықтан, жергілікті халыққа түсініктілігі арқасында талай мәрте қайта көшіріліп, бірнеше рет басылған... Оның уағыздық өлеңдерінің діни-мистикалық мазмұны, ондағы жақсылыққа, әділеттілікке шақырған үнмен ұласады.

Қайырымдылық пен мейірімділікті өміріне арқау етіп, бүкіл түркі жұртын татулыққа, тазалыққа үндеген Иассауидің кереметтері аңыз әңгіме болып әлі күнге дейін ел аузында айтылып келеді.

Ахмет Иассауи бала кезінен бастап Расулуллаһ алейхиссаламның сүннетіне мойынсұнуға тырысқан. Сол себепті 63 жасқа келгенінде Пайғамбарымыздың осы жасында қайтыс болғанын ойлап, жер бетінде өмір сүруді жөн көрмеді. Жер астына бір бөлме жасатып, өмірінің соңына дейін осы жер асты бөлмесінде шәкірттеріне дәріс беріп, ғибадатпен өткізді. 125 жасында (басқа деректерде 133) жасында қайтыс болған.

Хазреті Ахмет Иассауи көп уақытын Аллаһу та’алаға ғибадат етумен, шәкірттеріне захири және батини ілімдерді үйретумен өткізетін еді. Өзінің және шәкірттерінің қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін аз уақыт бөліп, қолөнермен айналысатын. Аз уақыт ішінде қасық, ожау секілді тұрмыстық бұйымдар жасайтын. Оның бір өгізі болатын. Өгізінің арқасына дорба асып ішіне қасық, ожауларын салып базарға жіберетін. Сатып алатын адамдар бұйымдарды алып дорбаға ақшасын салып қоятын. Ақшасын бермеген адам болса, өгіз ол адамның артынан қалмай, барған жағына барып дорбаға ақшаны салмайынша қасынан кетпейтін. Кеш болғанда өгіз хазреті Қожа Ахметтің үйіне келетін. Хазреті Қожа дорбадағы ақшаларды шәкірттерінің қажеттілігіне жұмсайтын. Шәкірттерінің саны жүзмыңға жобалаған кездерде оны көре алмаушылар шығып бұл әулиеге дұшпандық ете бастады. Уағыз, насихаттарына ашық әйелдер де келеді екен, еркектермен аралас отырады екен деген жала өсектерді таратты. Мұны естіген лауазым иелері адамдарын жіберіп, мән-жайды анықтауын бұйырады. Бұл адамдар Ахмет Иассауи хазретінің дәріс беретін жиындарына қатысып, жасырын тексеру жүргізіп, барлық нәрсе айқын-ашық екенін, адамдардан, заңдардан құпия жүргізіліп жатқан ешнәрсенің немесе дінге қайшы істердің жоқтығын көреді. Биліктегілерге айтылғандардың барлығы толығымен негізсіз және өтірік, жала екенін мәлімдейді.

Қожа Ахмет Иассауи «рахметуллаһи алейһ» жала жапқан адамдардың жиналған жеріне барады. Қолында аузы мүһүрленген бір құты болады. Ол жердегілерге “Балиғат жасынан бері оң қолы әурет жеріне тимеген адам бар ма? Мына маңызды құтыны соған тапсырамын” дейді. Ешкім шықпайды. Сол кезде Ахмет Иассауидің шәкірттерінен Хаким алға шығады. Хазреті сұлтан құтыны оған беріп, Хорасан және Мәуренахр мемлекеттеріне алып баруын бұйырады. Шәкірт құтыны алып айтылған жерлерге барып, ол жақтың адамдарына жар салынып ғалымдар және Иассауи хазретіне жала жабушылар да жиналады. Барлығы бұл құтының ішіндегі не екенін ойлап қызығып тұрады. Шәкірт жиналған халыққа бұл құтыны ұстазы хазреті Ахмет Иассауи жібергенін айтып құтыны ашады. Құты ашылғанда адамдар өз көздеріне сенбей тұнып қалады. Құты ішінде жанып тұрған от және мақта бар еді. От лапылдап жанып тұр, бірақ мақта жанбайды. Мұны көргендер қайран болады. Хазреті Ахмет Иассауидің бұл кереметімен оны жақсы көретіндердің махаббаты одан да артты. Оған өшпенділік етіп жүргендер қателерін түсініп тәубе етті. Қожа Ахмет хазретіне сыйлықтар жіберіп кешірім сұрады. Көпшілігі оған шәкірт болды.

Мәрв қаласында Мәруәзи атты ғұлама кісі бар еді. Ахмет Иассауи турасындағы өсек сөздер оған да жеткен еді. Бұл жалған өсектерге алданып, оны сынау үшін, күмәндарын сейілту ниетімен жанына төртжүз көмекші және қырық муфтилерді алып жолға шығады. Ол Иассауидің барлық жақта шәкірттері бар екенін және уағыз дәрістеріне мыңдаған адам қатысатынын естіген еді. “Мен үш мың мәселе жаттадым. Бәріне бөлек бөлек сұрақ қойып оларды сынап көрейін” деп ойлайды. Хазреті Ахмет Иассауи Аллаһу та’аланың білдіруімен Мәруәзидің келетінін және көздеген мақсатын түсінген еді. Шәкірттерін хабардар етеді.

Шәкірті Мұхаммед Данишманға “Келе жатқандар кім?” деп сұрағанында адамдарымен Мәруәзидің келе жатқанын айтады. Иассауи хазретінің әмірімен Мұхаммед Данишман үш мың мәселенің мыңын Мәруәзидің жадынан өшіріп тастайды. Кейін шәкірті Сулейман Хаким Атаға да осылай әмір етеді. Ол да мың мәселені өшіреді. Мәруазидің есінде мың мәселе ғана қалып Иассыға кіріп келеді. Хазреті Қожа Ахметтің жанына келіп “Аллаһу та’аланың құлдарын дұрыс жолдан айырған сенбісің?” дейді. Хазреті сұлтан еш ашуланбай: “Қазірге үш күн қонағымыз бол! Одан кейін сөйлесейік” дейді. Үш күн өткен соң күрси қойылып, Мәруәзи күрсиге шығады. Сол кезде Иассауи шәкірті Сулейман Хаким Атаға қалған мың мәселені өшіруін бұйырады. Хаким Ата Аллаһу та’аланың рұқсатымен ұстазының әмірін орындайды. Мәруәзи күрсиде бірнәрсе айтпақшы болады, бірақ есінде еш нәрсе қалмағанын аңғарды. Қасында алып келген дәптер-кітаптарын ашып оқымақшы болғанда, онда да барлық нәрсенің өшкенін көреді. Жазулардың жоғалып, беттері тап-таза кітаптардың арасында қалған Мәруәзи қатесін түсініп сол жерде тәубе етеді. Қасында алып келген бүкіл адамдарымен Иассыда бес жыл қалып, хазреті Сұлтаннан сабақ алады. Үлкен мәртебелерге, дәрежелерге қауышады. Хазреті Ахмет Иассауи мұны қасына бес адам қосып адамдарға Аллаһу та’аланың дінін дұрыс түсіндіру міндетімен Хорасанға жібереді. Бұлар: Мұхаммед, Сәйфәддин, Садәддин, Бахауддин және Кәмал атты шәкірттері еді. Олар Хорасан еліне барып халыққа дұрыс жолды уағыздады.

Хорасанның бүкіл әулиелері хазреті Ахмет Иассауидің үстемдігін білгеннен кейін оған деген махаббат пен байланыстарының одан да артуы үшін кездесіп, сұхбатына қатысуды ойлайды. Барлығы Самарқандқа келіп үлкен жиын ұйымдастырады. Хазреті Сұлтанды бұл жиынға шақыру үшін әулиелердің бірін Иассыға жібереді. Аллаһу та’ала әулие құлдарын жақсы көргені үшін оларға басқа адамдардың қолынан келмейтін нәрселерді оңай еткен. Мәселен олар бір уақытта бір жерде, біраздан кейін өте ұзақ болған басқа жерде бола алады. Немесе бір мезетте басқа-басқа жерлерде көріне алады. Бұл Аллаһу та’аланың ихсаны (сыйы). Хазреті Ахмет Иассауиді жиынға шақыру үшін жолға шыққан әулие тырнаға айналып, Иассыға ұшып кетеді. Хазреті Иассауи Аллаһу та’аланың ихсанымен бұл жағдайдан хабар алып, жанына шәкірттерінен бірнешеуін алады да бұлар да тырна халінде ұшып жолға шығады. Шақыруға шыққан әулиемен Самарқандқа жақын жердегі өзен үстінде кездеседі. Дәл осы сәтте төменде бір бай саудагер суға тұншығып жан арпалысы ішінде болады. Егер аман-сау шығатын болса, мал-мүлкінің жартысын Аллаһ разылығы үшін тарататынын нәзір етеді (атайды). Ахмет Иассауи “рахметуллаһи алейһ” Аллаһтың рұқсатымен саудагердің қиын жағдайынан хабардар болып төменге түседі. Батып бара жатқан саудагерді жағаға тартып шығарады. Кейін тырна халінен адам кейпіне енеді. Бұл ғажайып жағдайға таң қалған саудагер өзін құтқарған Иассауи хазіреттің қолдарына жабыса алғысын айтып, мал-мүлкінің жартысын береді. Хазреті Иассауи шақырылған жерге келіп, ол жердегілерге сұхбат, насихат айтып кейін еліне қайтады. Өзеннен құтқарған саудагердің берген ақшаларын шәкірттерінің қажеттілігіне жұмсайды.

Сол заманның билеушісі Қазан хан хазреті Ахмет Иассауидің жұма намазын қайда оқитынын білгісі келіп хазреті Сұлтанның шәкірттерінің ең үстемдерінен болған Мұхаммед Данишманды сұрап келуі үшін жібереді. Бұл кезде азаншылар жұма намазы үшін азан айтып жатқан еді. Шәкірті Иассауи хазіреттің алдына барып әлі ешнәрсе айтпай тұрып «кел қолымнан ұста! Жұма намазына бүгін сенімен бірге барайық» дейді. Шәкірті «құп ұстаз» деп қолынан ұстады. Сол мезетте өздерін үлкен мешіттің ішінде саптардың арасында отырғанын көреді. Шәкірт намаздан кейін ұстазын қанша іздегенімен таппайды. Мешіттің имамы шәкірттің бұл қобалжуын көргенде оған «Ей дәруіш! Бұл жер Мысыр, ал мына мешіт “жами-ул-Азхар” мешіті. Сенің ұстазың қаншама уақыттан бері жұма намазын осында оқиды.» дейді. Шәкірт бір апта осында қалады. Келесі жұма намазда ұстазымен көрісіп намаздан кейін бір мезетте Иассыға келеді. Хазреті Иассауи көргендерін Қазан ханға айтуын бұйырады. Шәкірт Қазан ханға басынан өткергендерін бастан аяғына дейін айтып береді. Қазан хан және қасындағылар хазреті Ахмет Иассауидің бұл кереметін естігенде қайран қалып, оның үстемдігін, ұлылығын бұрынғыдан да жақсы түсінді.    

Иассы қаласына жақын жерде халқының көбі христиан болған Сауран ауылы бар еді. Бұлар мұсылман Иассы халқына және әсіресе хазреті Ахмет Иассауиге қатты дұшпандық ететін еді. Ахмет Иассауидің ұлылығы, кереметтері жан-жаққа тараған сайын және оған байланған адамдардың саны көбейген сайын Саурандықтардың мазасы қашады. Бір күні олар хазреті Иассауиге жала ұйымдастырады. Өз ара келісіп, Иассауи хазіретті ұрлықпен кінәлауды ұйғарады. Бір сиырды сойып, бөлшектеп түнде жасырын барып Қожа Ахметтің медресесінің ауласына тастап кетеді. Бұдан Хазреті Сұлтаннан басқа ешкімнің хабары болмайды. Ертеңіне бұл сиырды іздеген сыңаймен бүкіл ауыл халқын жинап медресенің алдына келеді. Есік алдындағы шәкірттерге сиырларын іздеу үшін медресенің бақшасына бір қарамақ болғандарын айтады. Хазреті Сұлтан олардың бұл опасыздықтарына қатты ренжиді де «Кіріңдер иттер! Кіріңдер төбеттер!» дейді. Жала соққандар бір-бірден босаға аттап медресенің ауласына кіре береді. Иассауи хазреттің ренжуінің дүниедегі аз ғана жазасы ретінде кіргендердің барлығы итке айналады да алдын ала тастап кетілген еттерді тауып, жеп бітіреді. Мұны көрген халайық медресе табалдырығынан аттай алмай қадалып қалады. Бәрі бірдей Хазреті Сұлтанға жалбарынып, тізе бүгіп кешірім сұрай бастайды. Иассауи бабамыз мейірім етіп кешірім бергенінде әлгі итке айналған жалахорлар қайтадан бұрынғы қалыптарына қайтады. Бірақ қиянаттарының, опасыздықтарының ізі ретінде бәрінің денелерінде бір белгі қалады. Тіпті бұл белгі ұрпақтарына да өткен көрінеді.   

Әмір Темірдің түсі

Әмір Темір Бұхараға сапар шегуден бұрын Түркістанға келіп хазреті Сұлтанды зиярат етеді және сол аймақтағы кедейлерге ас-нан таратады. Нәзір–нияз жасап, жорыққа шығу үшін Аллаһтан бір ишарат күтеді. Түсінде хазреті Ахмет Иассауиді көреді. Оған: «Ей жігіт! Бұхараға тез бар! Иншааллаһ ол жақта саған жеңіс нәсіп болады. Сенің басыңнан көп оқиға өтсе керек. Ол жақтағы адамдар да сенің келуіңді күтуде.» деп бұйырады. Әмір Темір оянғанында бұл сүйіншіге қатты қуанып, Аллаһу та’алаға шүкір етеді. Ертеңіне Түркістанның әкіміне көп ақша беріп, Ахмет Иассауидің қабіріне көрнекті, зәулім кесене тұрғызуын әмір етеді. Әкім айтылғанындай етіп әдемі кесене салдырады. Кесене қазіргі күнде де бүкіл кереметімен бой көтеріп тұр. Бұл кесене Түркістандықтар (түркі тектес халықтар) және Еділ-Орал түріктерінің Хижаздан кейінгі зиярат етілетін ең мүбәрәк діни, орнына айналды. Түркістан (өлкесі) және ескі Алтын орда топырақтарындағы бай түріктердің жаназаларын Ахмет Иассауи кесенесінің айналасына көму әдеті 1921 ж коммунист басқыншылығына дейін жалғасып келді.   

          

1) Рәшәхат, 14 бет.

2) Жауахирул-Әбрар, 744 бет.

3) Кунхул-Ахбар, 5 том,  54 бет.

4) Нәфәхатул-унс, 478 бет

5) Ислам ғалымдары энциклопедиясы 6>6 том, 102 бет.

6) “Rehber” энциклопедиясы 1>1 том, 133 бет.