Қайғылы жыл
Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) үлкен ұлы Қасым он жеті айлық кезінде шетінеп кеткен еді. Бұл қайғылы оқиғадан біршама жыл өткеннен кейін тағы бір ұлы Абдуллаһ (радиаллаһу анһ) та қайтыс болды. Расулуллаһ алейһиссалам мүбәрәк көздерінен жас парлап тұрған күйде тауға қарап: «Ей, тау! Менің басыма түскен іс сенің басыңа келсе шыдай алмай қирар едің!» деп қайғысын білдірді. Хазіреті Хадиша анамыздың: «Йа Расулаллаһ! Олар қазір қайда?» деп сұрағанда, Пайғамбарымыз: «Олар жұмақта» деп жауап берді. Әлемдердің сұлтаны – сүйікті пайғамбарымыздың екі ұлының да қайтыс болғанына мүшриктер қатты қуанды. Әбу Жәһл сияқты кәпірлер мұны оңтайлы сәт деп есептеп: «Енді Мұхаммед тексіз, оның ұрпағы кесілді. Тегін жалғастыратын ер баласы қалмады. Өзі өлген соң аты да, даңқы да өшеді» деп жар салды. Осы жағдайға орай Аллаһу та’ала «Кәусар» сүресін түсіріп, Расулын жұбатты: «Ақиқатында, біз саған Кәусарды бердік (Кәусар қауызын, көптеген жақсылықтарды жараттық). Олай болса, Раббың үшін намаз оқы. Құрбандық шал. Дұрысы саған (тегі кесілді) деп тіл тигізген адамның өзі қайырсыз және тексіз (Саған тексіз деген адамның өзі тексіз, намыссыз және оның аты өшеді. Саған келетін болсақ Хабибім, сенің пәк ұрпағың, атағың мен абыройың қиямет күніне дейін жалғасады. Ақыретте де саған ойға келмейтін ғажайып даңқтар беріледі)».
Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) ұлдары қайтыс болғаннан кейін Әбу Тәліп науқастанып, күн сайын ауруы асқына берді. Мұны естіген құрайштық мүшриктер: «Әбу Тәліп тірі кезінде Мұхаммедтің қамқорлығына көп күш салған еді. Енді кететін уақыты таяды. Соңғы уақтында да болса, барып хал-жағдайын сұрайық. Өйткені, теңдесі жоқ араб батыры - Хамза, палуандығы мен жүректілігі жер жарған – Омар мұсылман болды. Күн өткен сайын араб тайпаларынан адамдар келіп, топтасқан түрде Оған бағынып жатыр. Осылайша, мұсылмандар күннен-күнге көбеюде және дауыстары жаһанды жаруда. Осыған байланысты, я біздің оларға бағынуымыз керек немесе соғысуға дайын болуымыз керек. Әбу Тәліпке барып, жағдайды айтайық, арамызды шешіп берсін. Оның дініне тиіспейік, Ол да біздің дінімізге тиіспесін...» деген оймен Әбу Тәліпке барды. Уқбә, Шәйба, Әбу Жәһл, Умәййә бин Халәф сияқты танымал мүшриктер Әбу Тәліптің қасына барып отырып былай деді: «Сенің көсемдігіңе сеніп, үстемдігіңді қабылдаймыз. Сондықтан да саған еш қарсылық әрекет көрсетпедік. Сен өлгеннен кейін Мұхаммед бізге дауласып, арамыздағы жаулық жалғаса береді деп қорқамыз. Бізді татуластыр, бір-біріміздің дінімізге тиіспейік» деді. Әбу Тәліп пайғамбарымызды шақыртып: «Құрайштың барлық көсемдері сенен олардың дініне араласпауыңды сұрап жатыр. Мұны қабыл етсең, сенің бұйрығыңмен жүреді, саған көмектеседі» деді. Пайғамбарымыз: «Ей Көке! Мен оларды тек бір сөзді айтуға ғана шақырамын, ол сөзбен бүкіл Арабтар соларға бағынады. Араб болмағандар жизийа (салық)төлейді» деді де құрайштың көсемдеріне қарап: «Иә! Сендер маған бір сөзді айтсаңдар барлық Арабтардың басшысы боласыңдар. Араб болмағандар да сендерге бас иеді.» деді. Әбу Жәһл: «Әрине айтамыз, тіпті он рет айтайық. Ол қандай сөз?» деді. Расулуллаһ адейһиссалам:«“Лә илаһә иллаллаһ” десеңдер және Аллаһу та’аладан басқа табынып жүрген пұттарыңды тастасаңдар» деген кезде мүшриктердереу: «Сен бізден бұдан басқа нәрсе сұра» деп жауап қайтарды. Пайғамбарымыз: «Сендер күнді әкеліп қолыма берсеңдер де мен сендерден бұдан басқа ешнәрсе қаламаймын» деді. Мүшриктер «Йа, Мухаммед! Өте қызық ұсыныс жасап отырсың. Біз сенің көңіліңе қарап отырмыз, сен біздің көңілімізге қарап та жатқан жоқсың» деді де орындарынан тұрып кетіп қалды. Олар кеткеннен кейін Әбу Тәліп Пайғамбарымызға: «Сенің құрайштардан қалаған нәрсең өте орынды. Дұрыс айттың» деді. Көкесінің бұл сөзі Расулуллаһты үміттендірді. Расулуллаһ Әбу Тәліптің иман келтіретінін түсініп: «Көке! Бір рет «Лә илаһә иллаллаһ» де! Мен саған қиямет күні шапағат етейін» деді. Әбу Тәліп: «Халықтың “Өлімнен қорқып мұсылман болды” деп айыптауларынан қорқамын. Әйтпесе, сені ренжітпес едім» деп нәпсіне ауыр тигенін айтты. Әбу Тәліптің күн өте ауруы асқынып, қайтыс болды.
Хазіреті Хадиша анамыздың қайтыс болуы: Расулуллаһтың қиыншылықтағы ортақтасы, жиырма төрт жыл өмірлік досы болған – мүбәрәк хазіреті Хадиша анамыз да, дерт пен қайғылармен өткен үш жылдық қоршаудан кейін, хижреттен үш жыл бұрын рамазан айының басында, 65 жасында дүниеден қайтты. Пайғамбарымыз хазіреті Хадишаны өз мүбәрәк қолдарымен жерледі. Одан айырылғанына қатты қайғырды. Сол жылы хазіреті Хадишаның және көкесі Әбу Тәліптің қайтыс болуы пайғамбарымызға ауыр соққы болып тиді. Сондықтан бұл жыл «сәнәтул хузн», яғни қайғылы жыл деп аталды.
Хазіреті Хадиша анамыздың өлімі пайғамбарымызды қатты қайғыртқан еді. Өйткені, ең бірінші болып иман келтірген және пайғамбарымызды қолдаған хазіреті Хадиша болатын. Сондай-ақ, Оның ең үлкен сүйеніші мен жұбанышы еді. Барлық адам өзіне дұшпан болған кезде ол бар көңілін пайғамбарымызға ашып, сүйіспеншілікке толтырған еді. Бар мал-мүлкін, байлығын Ислам жолына жұмсап, сүйікті пайғамбарымыздың қызметін көру үшін бар жігерін салған еді. Расулуллаһты ешқашан ренжітпеген, тіпті көңілін де қалдырып көрмеген еді. Пайғамбарымыз бұл туралы анда-санда айтып, мүбәрәк әйелдерінің үстемдіктерін еске түсіретін. Бір күні хазіреті Хадиша пайғамбарымыз сыртта болғанда Оны іздеп шығады. Жәбрейіл алейһиссалам адам кейпіне еніп, хазіреті Хадишаға көрінді. Хазіреті Хадиша одан пайғамбарымызды көріп-көрмегенін сұрағысы келеді, бірақ дұшпандарының бірі болар деп кері қайтады. Сүйікті пайғамбарымызды үйден көрген кезде болған оқиғаны айтып берді. Әлемдердің сұлтаны болған пайғамбарымыз: «Сенің көріп, мені сұрағың келген адамның кім екенін білесің бе? Ол Жәбрейіл(алейһиссалам) болатын. Саған сәлемін айтуымды сұрады. Жаннатта сен үшін маржандардан жасалған бір ғимарат дайындалғанын да айтуымды қалады. Әрине, ол жерде мұндай қайғы, қиындық пен бейнет болмайды» деді.