Иманның белгісі
Сұрақ: Адам өзінің мұсылман екенін біле алады ма? Иманның белгісі қандай?
Жауап: – «Әмәнту...»-де білдірілген алты шартқа сену деген сөз. Хадис шәрифте былай делінген:
«Иман – Аллаһқа, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға, ахирет күніне (яғни қияметке, жәннатқа, тозаққа, сұраққа, мизанға), тағдырға, жақсылық пен жамандықтың Аллаһтан екеніне, өлімге, өлгеннен кейінгі тірілуге сену деген сөз. Аллаһтан басқа тәңір жоқ екеніне және мен Оның құлы және расулы екеніме куәлік ету деген сөз.» (Бұхари, Мүслим, Нәсаи) (Бұларды жүрекпен растау да шарт болып табылады.)
Иманның қуатты болуының белгілері көп. Бұл жөніндегі хадис шәрифтерден бірнешеуі мынадай:
«Иманы ең қуатты мүмин – жақсы мінезді болған адам. Оның қасына бәрі оңай жақындай алады, келіп кететін адамдары көп болады. Бәрімен жақсы қарым-қатынаста болады. Айналасындағылармен жақсы қарым-қатынас құра алмаған адамда қайыр жоқ.» (Табарани)
«Қайда болса да Аллаһу та’аланы ұмытпайтын адамның иманы қуатты.» (Бәйһақи)
«Аллаһты және расулын бәрінен де қатты жақсы көретін, сүйіктілерін тек Аллаһ разылығы үшін жақсы көретін және отқа түсуге қарағанда күпірге, имансыздыққа түсуден көбірек қорқатын адам иманның дәмін сезеді.» (Бұхари)
«Бір-бірлеріңді жақсы көрмегенше иман келтірген болмайсыңдар.» (Табарани)
«Ұят, ар – иманнан.» (Бұхари)
«Тазалық – иманның жартысы.» (Мүслим)
«Сөзінде тұру иманнан.» (Хаким)
«Өзінің зиянына болса да әділдікпен әрекет ету иманнан.»(Бәззар)
«Қиыншылықтарға сабыр ету иманнан.» (Бәззар)
«Иман жалаңаш. Оның киімі – тақуалық, әшекейі – ұят, капиталы – фиқһ, ал жемісі – амал.» (Дәйләми)
«Иман – жетпіс бөліктен тұрады. Ең үстемі "Лә илаһә иллаллаһ", ал ең төмені – жолда кедергі болған бір нәрсені алып тастау. Ұят та иманның бір бөлігі.» (Тирмизи)
«Иман – намаз деген сөз. Намазды ұқыптылықпен, уақытына, сүннетіне (және басқа да шарттарына) мән беріп оқитын адам мүмин.»(И.Нәжжар)
«Иманнан болған үш нәрсе: Жоқшылықта ақшаны қайырға жұмсау, кездестірген мұсылманға сәлем беру және өзінің зиянына болатын істерде де әділдікпен әрекет ету.» (Нәсаи)
«Мына адамның иманы қуатты: Аллаһ үшін жасаған істерінде атағы шығудан мүлдем қорқпайды, амалдарын "біреулер көрсін" деген ойдан аулақ істейді, екі істің бірі ахиретке, бірі дүниеге пайдалы болса, ахиретке пайдалы болғанын таңдайды.» (Дәйләми)
«Жамандалған, қарғыс алған, ұятсыз сөйлейтін және арсыз болған адам кәміл мүмин емес.» (Бұхари)
«Мені бала-шағасынан, ата-анасынан және бүкіл адамдардан қаттырақ жақсы көрмейтін адам иман келтірген болмайды.» (Бұхари)
«Өзіне қалаған нәрсені басқа адамдар үшін де қаламайтын адам иманға қауыша алмайды.» (Әбу Яла)
Жоғарыдағы хадис шәрифтерге қарап, таза болған кезкелген адам иманды болады дегендей қате түсінілуі мүмкін. Алайда кәпір де таза бола алады. Кәпір де арлы-ұятты бола алады. Кәпір де әділетпен әрекет етуі мүмкін. Кәпір де мақтаншақтықтан аулақ жүруі мүмкін. Хадистерді ғалымдардың түсініктемелерімен оқу керек. Біз оқысақ қате түсінеміз.
Күнәға қатысты да осындай. Күнә істеген адамға кәпір делінбейді.«Сөз тасыған адам жәннатқа кірмейді» хадисінің мағынасы: күнәсінің жазасын тартпастан немесе кешірімге, шапағатқа қауышпастан кіре алмайды деген сөз. «Ғайбат айтқан адам – тозақтық» хадисінің мақсаты: сауаптары күнәларынан аз болса, ғайбат тозаққа жетелейді.
«Жүрегінде түйірдей тәкәппарлық болған адам жәннатқа кірмейді» хадисінің мағынасы: күнәсінің жазасын тартпастан немесе кешірімге, шапағатқа қауышпастан кіре алмайды деген сөз.
Тағы хадис шәрифте мүминнің кезкелген күнәні істей алатындығы, үш нәрсені істей алмайтындығы, бұлардың бірі өтірік айту екендігі білдірілген. Хадис шәрифтен сырттай қарағанда өтірік айтқан адамның мұсылман емес екендігі аңғарылады. Бұл кәміл мұсылман емес деген сөз. Одан бөлек өтірік айту мұнафиқтықтың (екі жүзділіктің) белгісі екені білдірілген. Өтірік айтқан адам мұнафиқ емес, бірақ мұнафиқтық белгілерінің бірін істеген болады.
Бір кісі «Йа Расулаллаһ, ата-ана перзентіне зұлымдық жасаған болса, олардың разылығын ала алмаған адам тозаққа кіреді ме?» деп сұрағанда, жауап ретінде үш рет «Иә, зұлымдық жасаса да, разылығын алмаған адам тозаққа түседі» делінген. Бұл жерде ата-анасының разылығын алмаған адам кәпір болатындай аңғырылуда. Алайда олай емес. Күнәларының жазасын тартпағанша жәннатқа кіре алмайды деген сөз.
«Сараң адам жәннатқа кірмейді», «Сараңдық – күпірлік» секілді хадис шәрифтерді түсіндірмесімен бірге оқу керек.
Түсіндірмесіз оқылса қате түсінуге себеп болады. Сараңдық – қаншалықты жаман мінезден саналса да, имансыздық болмайды. «Сараң адам күнәсінің жазасын тартпағанша жәннатқа кірмейді» деген сөз. Тіпті сауабы күнәсінен көп болса, тозаққа кірместен жәннатқа барады. Кешірімге және шапағатқа қауышып та жәннатқа кіруі мүмкін.
Дұрыс иманның белгісі
Имам Раббани хазреттері былай деген:
Дұрыс иманның белгісі – кәпірлерді дұшпан санап, оларға тән болған және кәпірлік белгісі болған нәрселерді істемеу. Өйткені Ислам діні мен күпірлік бір-бірінің терісі. Бұлардың бірін қадірлеу екіншісін төмен және жаман санау болады. Аллаһтың дұшпандарын жақсы көру және олармен жақын қарым-қатынаста болу адамды Аллаһқа дұшпан етуге жетелейді. Бір адам өзін мұсылман санайды. Калима-и тәуһидті айтады, сенемін дейді. Намаз оқиды және өзге ғибадаттарын да орындайды. Алайда Аллаһтың достарын жақсы көрмеу немесе Аллаһтың дұшпандарын жақсы көру оның иманын жоқ қылатынын білмейді. (1/163)
Аяти карималарда былай делінген:
«Аллаһқа және қиямет күніне иман келтіргендер, әкелері, бауырлары және туыстары болса да, Аллаһтың және Расулының дұшпандарын жақсы көрмейді.» (Мужадәлә 22)
«Ей иман келтіргендер, маған және сендерге дұшпан болғандармен достық құрмаңдар, оларды жақсы көрмеңдер!»(Мумтәһина 1)
Хадис шәрифтерде де былай делінген:
«Үш нәрсе иманның ләззатын арттырады: Аллаһты және Расулын бәрінен де қатты жақсы көру, өзін жақсы көрмейтін мұсылманды Аллаһ разылығы үшін жақсы көру және Аллаһтың дұшпандарын жақсы көрмеу.» (Табарани)
«Иманның ең мықты негізі және ең қуатты белгісі – хубби филлаһ, буғди филлаһ.» (Әбу Дауд)
(Буғд – жақсы көрмеу, дұшпандық деген сөз. Буғди филлаһ – Аллаһ үшін жақсы көрмеу, Аллаһ үшін дұшпандық ету деген сөз. Оның терісі болған хубби филлаһ – Аллаһ үшін жақсы көру, Аллаһ үшін дос болу деген сөз.)
«Аллаһтың дұшпандарын өзіне дұшпан деп санамаған адам шынайы иман келтірген болмайды.» (И.Ахмед)
«Аллаһтың досын жақсы көрген, дұшпанын өзіне дұшпан деп санаған адамның иманы кәміл болады.» (Әбу Дауд)
Кім иманды болады?
Сұрақ: Бір адам өзінің немесе басқа біреудің иманды немесе имансыз екенін біле алады ма?
Жауап: Иә, біле алады. Бір хадис шәрифтің мағынасы мынадай:
«Сауап істегенде қуанатын, күнә істегенде қайғыратын адам мүмин.» (Тирмизи)
Намаз оқып жүрген болса, иманды екені аңғарылады. Аллаһтан қорқып, бір күнәдан бас тартқан болса, бұл иманның белгісі. Немесе күнә істегенде қайғыратын болса, бұл да иманды екенін көрсетеді.
Мұсылмандарды жақсы көріп, дін дұшпандарын жақсы көрмейтін болса, бұл да иманның белгісі.
Басқа бір хадис шәрифтің мағынасы мынадай:
«Аллаһты жақсы көретін адам – иман иесі.» (Дәйләми)
Аллаһты жақсы көру дегеніміз – Оның достарын дос ретінде, дұшпандарын дұшпан ретінде санау деген сөз. Иманның белгісі – хубби филлаһ, буғди филлаһ. Иманды немесе имансыз болуы осылардан аңғарылады. Мысалы бір адам салих мұсылмандарды жақсы көріп, кәпірлерді, бидғатшыларды жақсы көрмесе, бұл адамның иманды екені аңғарылады. Аллаһу та’аланың әмірлері мен тыйымдарына да мойынсұнатын болса, онда оның мұсылман екеніне мүлдем күмән қалмайды.
Сәжденің маңызы
Сұрақ: Бір мұсылман емес адам сәжде аятын естіген кезде тиләует сәждесін жасаса, оған «Мұсылман болды» деуге болады ма?
Жауап: Иә, мұсылман екені аңғарылады. (Бәззазийа, Ибн Абидин)
Тағы осы сияқты, намаздарын жамағатпен оқыған адамның мұсылман екені аңғарылады, себебі Ислам дінінен бұрыңғы хақ діндерде намаз жалғыз оқылатын, жамағатпен оқылмайтын еді. (И.Ахлақы)
Дінімізде сыртқы көрініске қарай үкім берілгендіктен, бір мұсылман болмаған адам бұларды істеген жағдайда мұсылман болғанына үкім беріледі. Әйтпесе қате сенімінен бас тартпағанша, дініміз білдірген шарттарға иман келтірмегенше, тек осыларды істеуімен мұсылман болып қалмайды. Мұсылман көріну үшін мұнафиқтық (екі жүзділік) жасап жүрген болуы да мүмкін, бірақ күпірін мәлімдейтін сөзі, әрекеті байқалмағанша өмірде оған мұсылман ретінде мәміле жасалады.
Намаз оқитын адам мұсылман
Сұрақ: Жамағатпен намаз оқитын бидғатшыға кәпір деуге болады ма?
Жауап: Сенімінің күпір екендігін анық білмейтін адамға кәпір делінбейді. Өйткені жамағатпен намаз оқу Ислам дінінің шиары (нышаны). Жамағатпен намаз оқып жатқаны байқалған адам күпірі анық мәлім болмағанша мұсылман деп қабылданады. Себебі намаз оқу иманның белгісі.
Әрине бұл үкімге жатпайтын ерекше жағдайлар да бар. Мысалы иманы болмаса да мешіттегі мұсылмандарды қара тізімге алу үшін немесе басқа бір жаман мақсатпен келген болуы мүмкін. Бірақ жағдайлары мәлім болмағандықтан оларға да кәпір делінбейді. Анықталмағанша күмәнмен ешкімге кәпір демеу керек. Намаз оқыса да діннің анық бір үкімін жоққа шығарған, мәселен «Ішкілік харам емес» немесе «Орану парыз емес» деген адам күпірге түскен болады.