Тағдыр өзгереді ме?
Сұрақ: Дұға арқылы тағдыр өзгеруі мүмкін бе? «Аллаһ жазған болса, өзгертсін» тіркесінің мағынасы қандай? Дұға етуді қалау да тағдырдан ба? Тағдырдағы өмір қай жерге дейін? Ежелгі ме, әлде мәңгі ме? Тағдырдың да бір тағдыры бар ма?
Жауап: Әуелі қаза мен тағдырды және түрлерін білу керек.
Тағдыр – Аллаһу та'аланың болатын нәрселерді ежелден білуі деген сөз. Қаза – тағдырда болған нәрселерді уақыты келгенде жаратуы деген сөз. Яғни тағдыр – айлықтың тізімдемесі сияқты. Ал қаза – осы айлықтың таратылуы. Аллаһу та'ала әркімнің не істейтіндігін, қайда және қалай өлетінін біледі. Бұған тағдыр, жазым, жазмыш, нәсіп, пешене делінеді.
Мәселен бір фильмді екінші рет немесе үшінші рет көріп отырған адам: «Басты рөлдегі адам аттан құлап өледі» десе, басты рөлдегі адам көріп отырған адам айтқаны үшін өледі ме, әлде көріп отырған адам бұдан бұрын көріп қойғаны үшін біледі ме?!
Аллаһу та'ала да адамдардың басына не келетінін білгендіктен, бұларды ләуһ-и махфузға жазды. Бір аяттың мағынасы мынадай:
«Аллаһ әр жандының тұрған жерін және соңында қалатын мекенін біледі. Бәрі айқын бір кітапта (ләуһ-и махфузда).» (Худ 6)
Тағдырдың өзгеретіні де, өзгермейтіні де бар. Мысалы өзгермейтін ажалға – ажал-и мусәмма делінеді. Бір аяти каримада былай делінеді:
«Ажал бір сәтке де кешікпейді және уақытынан бұрын да келмейді.» (Араф 34)
Адамның амалына қарай өмірі және ризығы өзгеруі мүмкін. Құран кәрімде былай делінеді:
«Аллаһ қалағанын өшіреді, қалағанын өзгертпейді. Уммул китаб (ләуһ-и махфуз) Оның қолында.» (Рад 39)
Уммул китаб – ежелгі болған илаһи сөз жазылған кітап. Періштелер мұны түсіне алмайды. Уақытқа бағынышты емес. Аллаһтан басқа ешкім білмейді. Ешқашан жоқ болып кете алмайды. Ләуһ-и махфузда өзгерістер болуы мүмкін. Мұны періштелер көреді. Адамның амалына қарай өмірі мен ризығы өзгереді. Жақсылар жаман болып, жамандар жақсы болып өзгертіле алады. Басқа бір аяттың мағынасы мынадай:
«Әркімнің өмірі және өмірінің қысқаруы, әлбетте, кітапта жазулы.» (Фатир 11)
Өзгере алатын қаза тағдырға муаллак қаза делінеді. Бір адам жақсы амал істеп, дұғасы қабыл болса, ол қаза өзгере алады. Хадис шәрифтерде былай делінеді:
«Муаллак қазаны ештеңе өзгерте алмайды. Тек дұға ғана өзгертеді.» (Хаким)
«Тағдыр алдын алумен, сақтанумен өзгермейді. Бірақ қабыл болған дұға пәлекет келерде қорғайды.» (Табарани)
«Сыла-и рахым (жақын туыстарды зиярат ету) өмірді ұзартады.»(Табарани)
Тағдырдың ләуһ-и махфузда жазылуы – қаза. Бір адамға тағдыр етілген пәлекет муаллак қаза болса, ол адамның дұға етуі тағдыр етілген болса, дұға етеді, қабыл болғанда пәлекеттің алдын алған болады. Дұғаның пәлекеттің алдын алуы да қаза мен тағдырдан. Қолшатырдың жаңбырға қарсы қорғау болғанындай, дұға да пәлекетке қарсы қорғау болады.
Ажал-и мусамма өзгермейді, бірақ ажал-и қаза өзгере алады. Бір мысал: Екі адам хазреті Даудқа бір-біріне шағымданып келеді. Әзірейіл алейһиссалам келіп: «Бұл екі кісіден бірінің ажалына бір апта қалды. Ал екіншісінің өмірі бір апта бұрын аяқталған еді, бірақ өлмеді» деді. Хазреті Дауд таң қалып себебін сұрағанда, жауап ретінде:
«Екіншісінің бір туысқаны бар еді. Бұл кісіге ренжулі болатын. Ол барып оның көңілін аулады. Осы себептен Аллаһу та'ала оның өмірін жиырма жылға ұзатты» деді. (Ләуһ-и махфуз және Уммул китап рисаласы)