Намаздан кейінгі дұға және тәсбих
Сұрақ: Намаз біткеннен кейін не айтылады?
Жауап: Намазын жалғыз немесе имаммен оқыған адам екі жаққа сәлем бергеннен кейін «Аллаһуммә әнтәс-сәләм уа минкәс-сәләм, тәбарактә иә зәл-жәләли уәл-икрам» деп айтады.
Кейін 3 рет «Әстағфируллаhәлазыйм әлләзи лә илаhә илләhу әлхәййул-қаййумә уә әтубу иләйh» деп айтады. Бұған истиғфар дұғасы деніледі.
Одан кейін Аят-әл-курси оқылады және артынан 33 рет «Субханаллаh», 33 рет «Әлхамдулилләh», 33 рет «Аллаhу әкбәр», және 1 рет «Лә илаhә иллаллаһу уахдәhу лә шәрикә ләh ләhул-мулку уә ләhул-хамду уә hуә алә кулли шәйин қадир» деп айтылады. Бұлардың арасына басқа дұғаларды араластыру – бидғат.
Кейін қолдар жайылып дұға етіледі. Дұғадан кейін амин деп қолдармен бет сипалады. Хадис шәрифте: «Бес уақыт парыз намаздарынан кейін жасалған дұға қабыл болады» делінген. Дұғаны сергек, ояу көңілмен дауыссыз оқу керек. Дұғаны тек намаздардан кейін ғана немесе белгілі бір уақыттарда ғана жасау және белгілі бір нәрселерді жаттап алып, тақпақ оқығандай судыратып, не оқып жатқанын білмей дұға ету мәкрух болып табылады.
Сұрақ: Дұғадан кейін қай сүрелер мен зікірлер оқылады?
Жауап: 11 рет Ихлас шәриф, 1 реттен Қул аузу сүрелері оқылады және 67 рет әстағфируллah айтылып жетпіске толықтырылады. Он рет «субханаллаhи уә бихамдиhи субханаллаhилазыйм» деп айтылады. Соңында Субхана Раббикә аяты оқылады.
Сұрақ: Қажылықта кейбір адамдардың намаздан тәсбих тартпай, дұға етпей тұрып кеткендерін көрдік. Олар «Намаздан кейін топ болып тәсбих тарту, имамның дұғасына амин деу – бидғат», деп айтады. Осылар бидғат па?
Жауап: Жамағаттың имаммен бірге, дауыс шығармай дұға етулері абзал. Әрқайсысының жеке-жеке дұға етулері және дұға етпей тұрып кетулері де жаиз. Бірақ мұны әдетке айналдырмау керек. Әрі имамның дұғасына амин деуіміз керек, әрі өзіміз де дұға етуіміз керек. Тек муәззиннің (команда ретінде) аяттардың тәсбихтердің бас жақтарын оқып өтуі ғана бидғат болып табылады. Тәсбих тарту, дұға ету бидғат емес.
Мешіттерде имам намаздың соңында аятүл күрсидің бір қатарын дауыстап қалғанын іштен оқиды. Тәсбихтердің де біріншісін дауыстап оқып қалғанын ақырын дауыспен (іштей) оқиды. Бұлай істеу керек деп ешбір кітаптарда жазылмаған. Негізінде намаздардың соңында оқылатын сүре, тәсбиһ, дұғалардың барлығын әр адам жеке өзі іштен оқуы керек. Кейінгі замандарда бұл ұмытыла бастағаны үшін мешіт имамдары халыққа не оқып жатқанын білдіру үшін, еске салу үшін (команда ретінде) аяттардың тәсбихтердің бас жақтарын оқып өтеді. Мәселен Аятүл күрсиді оқығанда бірінші қатарын дауыстап қалғанын іштен оқиды. 33 тәсбих, 33 хамд, 33 тәкбірлердің де әр қайсысының біріншісін дауыстап қалғанын іштен оқиды. Бірақ барлық жамағат намазынан кейінгі дұғаларды, тәсбихтерді білетін болса онда ешкімнің дауыстап оқуы дұрыс болмайды. Әр кім өзі рет ретімен дұғаларын, тәсбихтерін оқуы керек.
Дін кітаптарында былай делінген:
Парыз намаздарды немесе соңғы сүннеттерді оқып болғаннан кейін имаммның оңға, солға немесе жамағатқа қарап бұрылуы мүстаhаб болып табылады. Жұмыстары барлардың тұрып кетуі де жаиз. Хадис шәрифте: «Әр намаздан кейін 3 рет "әстағфируллаhәл-азыйм әлләзи лә илаhә иллә hуу әл-хәййәл-қәййумә уә әтубу иләйh", деп айтқан адамның бүкіл күнәлары кешіріледі.» делінген. Истиғфардан кейін Аят-әл-күрси және 33 рет «Субханаллаh», 33 рет «Әлхамдулилләh», 33 рет «Аллаhу әкбaр» және 1 рет «Кәлима-и тәhлил» яғни «Лә илаhә иллаллаhу уахдаhу лә шәрикә ләh, ләhул мулку уә ләhул хамду уә hуә алә кулли шәйин қадир» деп айтулары және қолдарын кеудесіне дейін көтеріп дұға етулері де мүстаhаб болып табылады. (Мәрақил-фәлаh, Тахтауи)
Имаммен және жамағатпен бірге қолдарыңды біраз алға созып, кеудеге дейін көтеріп, алақандарыңды толық аспанға қаратып ашып дұға етіңдер және амин деңдер. (Әййухәл уәләд илмихалы)
Амин деп айту жөніндегі төрт хадис шәриф:
«Бір жамағат дұға еткен кезде бір бөлігі амин деп айтса, Аллаhу та’ала сол дұғаны қабыл етеді.» (Хаким)
«Дұға еткен адам мен амин деп айтқан адамдардың сауаптары бірдей болады.» (Дәйләми)
«Имам дұға еткенде жамағатқа да дұға етуі керек. Дұға етпесе оларға қиянат еткен болады.» (Бәйһақи)
«Имам амин деген кезде сендер де амин деңдер. Өйткені біреудің амин дегені періштелердің амин деуіне тура келсе оның өткен күнәларының барлығы кешіріледі.» (Бұхари)
Жамағаттың имаммен тәсбих тартуы және дұға етуі бидғат емес, мустаhаб болып табылады. (Нимети Ислам)
Сұрақ: Намаздан кейін қай дұғалар оқылуы керек?
Жауап: Намаздан кейін оқылуы керек болған арнайы дұғалар жоқ. Әркім қажеттілігін сұрап дұға етеді. Әрқашан бір дұғаны қайталай беруге де болмайды. Өзінің не қалайтынын біліп, түсініп дұға етуі керек, өзінің не сұрап жатқанын білмей дұға етуге болмайды. Белгілі бір нәрселерді жаттап алып, тақпақ айтқан сияқты дұға ету мәкрух болып табылады. Дұғаны сергек, ояу көңілмен дауыссыз оқу керек. Дұғаны тек намаздардан кейін ғана немесе белгілі бір уақыттарда жасау мәкрух болып табылады. Әр мүмкіндікте дұға ету керек!
Мысалы былай дұға етуге болады:
Әлхамдулилләhи Раббилаләмин әссаләту уәссәләму алә расулинә Мухаммәдин уә алә алиhи уә сахбиhи әжмәин.
Йа Раббым! Оқыған намаздарымызды қабыл ете гөр! Ахиретімізді және соңымызды қайырлы ете гөр. Соңғы демімізде кәлимәи тәуһидті айтуымызды нәсіб ет! Өлгендеріміздің күнәларын кешіре гөр!
Аллаhуммағфир уәрхам уә әнтә хайруррахимин. Тәуәффәни муслимән уә әл хиқни биссалихин. Аллаhуммағфирли уәли уәлидәййә уә лилмумининә уәл муминәт йәумә йақумул хисаб.
Йа раббым, бізді шайтанның, дұшпанның және нәпсіміздің жамандықтарынан сақтай гөр. Үйімізге жақсылықтар, қайырлы және берекелі ризықтар ихсан ет! Мұсылмандарға амандық бере гөр! Дін дұшпандарын қарғысқа душар қыл! Мұсылмандарды илаһи жәрдеміңмен құтқар!
Аллаhуммә иннәкә афуун кәримун тухиббул афуә фа’фу анни.
Йа Раббым! Ауруларымызға шипа, дерттерімізге дауа бере гөр! Аллаhуммә инни әсәлукәсиххатә уәлафийәтә уәл-әманәтә уә хуснәлхулқи уәрридаә билқадәри би рахмәтика йа әрхамәррахимин.
Риядан, жанжалдан, әр түрлі аурулардан, қазадан, бәледен, жалқаулықтан, әлсіздіктен, қор болудан, зұлымдық көруден, аздырған байлықтан және аздырған кедейліктен, шайтан және нәпсінің жамандығынан, дұшпанның басымдығынан, жаман мінезден, бидғат жасаудан, адасудан, ықылассыз амалдан, әр түрлі күнәдан, күпірге түсуден, жаман өмірден, өлерде келетін фитнәлардан, дінімізге және дүниемізге зиян беретін нәрселерден біздерді сақта!
Шынайы иман, көркем мінез, шүкір етуші жүрек, зікір етуші тіл, қазаңа және тағдырыңа ризалық көрсетер өмір, аз тамақтану, аз ұйықтау, аз сөйлеу, аз күлу және және дініңе көп қызмет етуді, қабір азабынан және ахырет қорқынышынан құтылуды, өмір бойы ризаңа лайық істер жасауды, шахит болып өлуді және соңғы демде әһли сүннет сеніміне сай иман және тәубе етуді нәсіп ет!
Йа Раббым! Өзіңе деген махаббатты, жақсы көргендеріңе деген махаббатты, Сенің махаббатыңа қауыштыратын амалдарға деген махаббатты маған нәсіп ет! Ілімімізді, ықыласымызды, қабілетімізді арттыра гөр! Жомарт және мейірімді құлдарыңнан болуды нәсіп ет!
Ата-анамызға, бала-шағамызға, туыстарымызға, достарымызға және бүкіл дін бауырларымызға қайырлы өмір және көркем мінез, дұрыс ақыл және денсаулық, дұрыс иман және дұрыс жолды нәсіп ет! Амин.
Уәлхамдулиллаhи Раббилаләмин.
Аллаhуммә салли алә Мухаммадин уә алә әли Мухаммад. Кәмә салләйтә алә Ибраһимә уа алә әли Ибраһим. Иннәкә хамидуммәжид,
Аллаhуммә бәрик алә Мухаммадин уә алә әли Мухаммад. Кәмә бәракта алә Ибраһимә уа алә әли Ибраһим. Иннәкә хамидуммәжид,
Аллаhуммә Раббәнә әтинә фиддунйә хасәнәтән. Уә фил ахирати хасәнәтән. Уәқинә азәбәннар,
Уәлхамдулиллаhи Раббилаләмин. Әстағфируллаh, әстағфируллаh, әстағфируллаh әстағфируллаhәлазыйм, әлкәрим әлләзи лә илаһә иллә hу, әлхаййәл-қаййумә уә әтубу иләйh.
Сұрақ: Дұға еткенде аспанға қарап дұға етудің зияны бар ма?
Жауап: Дұға еткенде аспанға қарау дұрыс емес. Аллаhу та’ала мекенге мұқтаж емес. Кейбір бидғатшылар сияқты Аллаhу та’аланы аспанда деп ойлау өте қауіпті. Бұхаридің риуаят еткен бір хадис шәрифінде, намаз оқып жатқанда аспанға қарау қатаң түрде тыйым салынған. (Әл-Әнуар)
Сұрақ: Намаз оқығанда, төсекке жатқан кезде дұға немесе кәлимәи тәухидті аузымыз жабық күйде (іштей) көңілмен, дауыссыз оқуға бола ма?
Жауап: Қыраат – ауызбен оқу деген сөз. Өз құлақтарымен есіте алатындай дәрежеде дауыссыз оқу, яғни ауызды қимылдатып оқу жай дауыспен оқу деп аталады. Жанындағылардың есіте алатындай дәрежеде дауыстап оқу, жоғары дауыспен оқу деп аталады. Жай дауыспен оқығанды бір екі адамның есітуі мәкрух болмайды. Дауыстап оқу, көп адамның есітуі деген сөз. (Бәззазийә)
Өзі есіте алмайтындай дәрежеде жай дауыспен оқылған намаз сахих емес. Дұға етер кезде де өзі есіте алатындай дәрежеде дұға ету керек.
Кәлимәи тәхлилді айтқан кезде де ғибадат сауабын алу үшін тілімен, өзі есіте алатындай дәрежеде айту керек. Хатми тәһлил оқыған адамдар да ең кемінде өзі есіте алатындай дәрежеде айтулары керек. Кәлимәи тәһлил ғибадат үшін емес, көңілді тазалау үшін оқылған кезде тіл қимылдатылмайды. (Рәддүл-Мухтар)
Сұрақ: Хадис шәрифте: «Таң намазы мен ақшам намазынан кейін Хашр сүресінің соңғы үш аятын оқыған адам шәhид болып өледі» деп айтылғаны үшін мен таңғы және шам намаздан кейін үнемі оқимын. Бірақ мешітте намаз оқыған кезімде имам оқиды біз тыңдаймыз. Мен оқымасам, маған да сол сауап беріледі ме және шәhид болып өлемін бе?
Жауап: Құран кәрімді оқу сүннет, тыңдау парыз болып табылады. Тыңдаған адам оқыған адамнан көбірек сауап алғаны үшін, бөлек оқудың қажеті жоқ. Әр түні Әмәнәррәсулуді оқып жүрген адам имамнан тыңдаған болса, өзінің бөлек тағы да оқуы қажет емес. (Шира)
Сұрақ: Хадис шәрифте бамдат және ақшам намаздарынан кейін Хашр сүресінің «hуәллаhулләзи» ден бастап соңғы үш аятының оқылуы керектігі білдірілген. Алайда көп жерлерде Ләу әнзәлнәдан бастап оқылады. Және хадисте намаздардан кейін ихлас сүресі 10 рет оқылу керектігі білдірілген, ал сіз 11 рет оқылатынын айтқансыз. Не үшін бұлай жасалады?
Жауап: Бір мәселе жөнінде бірнеше риуаят айтылса ең абзалын таңдаған жақсы. Хашр сүресінің соңын Ләу әнзәлнәдан бастап оқу абзал болып табылады. Намаздан кейін ихлас сүресінің 10 немесе 11 рет оқылуы білдірілген. 11 рет оқу абзал болады.
Хадис шәрифте былай делінген:
«Бамдат және ақшам намаздарынан кейін Ихлас сүресін 11 рет оқыған адамға жаннатта сарай беріледі» (Хараити)
Сұрақ: Бір хадис шәрифте, таң тамазын оқып, екі тізе үстіне отырғанда аяғын малдас құрмай және ешнәрсе сөйлемей он рет «Лә илаhә иллаллаhу уахдаһу лә-шәрика ләh лаhул-мулку уә лаhул-хамду йуhйи уә йумит уә hуә алә кулли шайин қадир» деп айтқан адам сол күні әр түрлі жамандықтардан, шайтанның жамандықтарынан сақталып көп сауаптарға қауышатыны білдірілген. Егер аяғы ауыратын болса, аяғын малдас құрып отырып оқыса, мешіттен шығар кезде жолда оқыса немесе орындыққа отырып оқыса да сол сауап беріледі ме?
Жауап: Бір істің рұхсат (оңай жолы) және азимет (қиын жолы) болады. Бірақ ең дұрысы Хадис шәрифте білдірілгені.
Құран кәрім де екі тізе үстіне отырылып, қыбыла тарапына бұрылып әдеппен оқылады. Бірақ қажеттілік болса, қиналса орындыққа отырып оқуға болады.
Жолда кетіп бара жатып жаттан оқыса да болады. Дұғалар да осылай, қажеттілік жағдайы болмаса, қиналмаса тізе үстіне отырып оқуы керек.
Аяқтары ауырып, үйіп қалатын адамдар аяқтарын малдас құрып отырып оқуының зияны жоқ. Жолда немесе орындыққа отырып оқу жаиз. Ең абзалы хадис шәрифте білдірілгені сияқты әдепке сай оқу.
Сұрақ: Намаздан кейін истиғфар қалай оқылады?
Жауап: Намаздардан кейін 3 рет әстағфируллаh айтылады. Бірақ уә әтубу иләйhқа дейін оқу абзал болып табылады.
Хадис шәрифте былай делінген:
«Әр намаздан кейін 3 рет «Әстәғфируллаhәлазыйм әлләзи лә илаһә иллә hу әл-hәййәл-қәййумә уә әтубу иләйh» деп айтқан адамның бүкіл күнәлары кешіріледі.» (Мәрақил-фәлаh)
Бұл истиғфарды муәззиннің жоғары дауыспен оқуының бидғат екені Әл-Ибда кітабының 59-бетінде жазылған.
Сұрақ: Намаздарды бітіріп, Құран кәрім оқылғаннан кейін Фатиха деу қажет пе?
Жауап: Намаздардан кейін Құран кәрім оқу да, оқымау да жаиз. Яғни оқыса да болады, оқымаса да болады. Егер уақыты бар болса, Құран кәрім оқу үлкен сауап болғаны үшін оқу, әрине өте жақсы. Құран кәрім оқу Сүбханә раббикә аятынан кейін Фатиха сүресін оқуға себеп болады. Ал Фатиха сүресін оқу үлкен сауап болып табылады.
Хадис шәрифте былай делінген:
«Құран кәрімде қайыры ең көп болған сүре – фатиха.» (И. Ахмед)
«Құран кәрімнің ең қасиетті сүресі – Фатиха» (Хаким)
«Фатиха сүресі бүкіл дерттерге дауа» (Бәйһақи)
«Фатиха сүресі уларға қарсы шипа.» (Әбушшәйх)
Бір сахаба Фатиха сүресін оқығанын айтқан кезде Пайғамбарымыз былай деген: «Ант етемін, Аллаhу та’ала Тәуратта да Инжилде де Зәбурда да Фатиха сүресінің ұқсасын түсірмеген. Ол намаздарда қайталанып оқылатын жеті аят болып, маған берілген ұлы Құраннан болады. (Тирмизи)
Пайғамбарымыз алейһиссалам Жәбрейіл алейхиссаламмен отырған кезде бір періште келіп айтты: «Сенен алдын ешбір пайғамбарға берілмеген, тек саған ғана берілген екі нұрмен сені сүйіншілеймін. Бұлар Фатиха сүресі мен Бақара сүресінің соңғы аяттары. Осы екеуін оқитын болсаң, қалағаның міндетті түрде беріледі» (Мүслим)
«Фатиха сүресі Аллаhу та’аланың ашуының алдын алады» (Шира)
Бір тайпа басшысын жылан шағып алады. Сахабалардан бірі Фатиха сүресін оқыған кезде Аллаhу та’аланың рұқсатымен әлгі адамның ауруы жазылады. Тайпа басшысы оған бір отар қой сыйға тартады. Сахаба оны алу жаиз не жаиз еместігін білмегені үшін сүйікті пайғамбарымыздан сұрайды. Пайғамбарымыз «Не оқыған едің?» деп сұрайды. Ол Фатиха сүресін оқығанын айтқанда, оған былай деді:
«Фатиха сүресінің шипа болатынын қалай білдің? Сол қойларды алып, жаныңдағылармен бөліс.» (Арифин)
Дұға оқылуы білдірілген жерлерде Фатиха оқу жақсырақ болады. Намаздардан кейін дұға етілуі хадис шәрифтерде білдірілген. Фатиха сүресі дұғалардың ең жақсысы екенін білдіру үшін түсірілген. Имам «Фатиха» деген кезде әркімнің дауыссыз оқулары жақсы болады. Өйткені дұғалардың соңында хамд ету мүстаhаб. Ал хамд етудің ең жақсысы Фатиха сүресін оқу. (Бәриқа)
Намаздардан кейін Құран кәрім оқу, Құран кәрім оқылғаннан кейін Фатиха оқу жаиз. Оқылмаса күнә болмайды. Бірақ оқылса сауап болады.
Сұрақ: Кейбір адамдар Құран кәрім оқылғаннан кейін Фатиха деп айтудың және оқудың бидғат және харам екенін айтып фитнә шығаруда. Осы жөнінде дін кітаптарында не айтылған?
Жауап: Мұхаммед Масум Фаруқи хазреттері 1-том, 197- мәктүбінде «Дін ұлыларымыз бес уақыт намаздардан кейін қолдарын көтеріп Фатиха оқымаған. Намаздан кейін қажеттіліктеріне қауышу мақсатында Фатиха оқу бидғат» деп айтқан.
Бұл жерде өз қажеттілігіне қауышу үшін намаздардан кейін қолдарын көтеріп Фатиха оқудың жаиз еместігін білдіруде. Қалыпты түрде Фатиха оқудың зияны жоқ.
Бұл жөнінде «Малумати нафиа» кітабының «Ақиқатқа сен, арандатушыға алданба» бөлімінде былай айтылған: «Намаздардан және дұғалардан кейін Фатиха сүресін оқу бидғат па, бидғат емес пе? Мұның жауабы Мұхаммед Хадимидің, Бәриқа кітабының 137-бетінде ұзақ жазылған. Қысқаша түсіндіріп өтейік: Ғалымдардың көбісінің айтуы бойынша дұға оқылуы білдірілген жерлерде Фатиха оқу жақсырақ. Намаздардан кейін дұға ету керектігі де хадис шәрифте білдірілген. Бидғат, Ислам дінінің иесінің рұқсатынсыз жасалатын ғибадаттар болып табылады. Фатиха сүресі дұғалардың ең жақсысын білдіру үшін түсірілген. Мұның намаздардан және дұғалардан кейін оқылуына бидғат деген адам болмаған. Әркімнің жоғары дауыспен оқуы болмайды. Имам фатиха дегенде әркім дауыссыз оқулары жақсы. Өйткені дұғалардың соңында хамд ету мүстаhаб. Хамд етудің ең жақсысы да Фатиха оқу. Парыз бен сүннет арасында оқу және қалауларына қауышу мақсатында оқу мәкрух.
Бұл жерде де Фатиха оқудың жақсы екені білдірілуде. Тек жоғарыда айтылғандай қалауларына қауышу мақсатында оқудың мәкрух екені білдірілуде. Хор болып жоғары дауыспен парыз бен сүннеттің арасында оқудың дұрыс еместігі білдірілген.
Садәти әбәдийа кітабында былай делінген:
«Жила-ул-қулубде, Мазарға келген адам түрегеп тұрып: «Әссаламу аләйкум йа Әhли дар-ил қаумил-муминин! Иннә иншәаллаhу ан қарибин бикум лаhиқун» деп айтады. Kейін бисмилләhпен бастап он бір Ихлас және бір Фатиха оқиды. Қабірдің жанына келгенде мәйіттің оң (қабірдің қыбла) және аяқ жағынан келеді. Сәлем береді және шөмеліп отырып Бақара сүресінің басын және соңын, Ясин шәриф, Тәбарәкә, Тәкасүр, Ихлас және Фатиха сүрелерін оқып мәйіттің рухына бағыштайды.»
Көргендеріміздей бұл жерде де ең соңында Фатиха оқылуда.
«Әййухәл уәләд» кітабында былай делінген:
«Намаздан кейін имам және жамағатпен бірге қолдарыңды біраз алға созып, кеудеге дейін көтеріп, алақандарыңды толық аспанға қаратып ашып дұға етіңдер және амин деңдер. Дұға біткеннен кейін қолдарыңмен беттеріңді сипап«Уәлhамду лиллаһи раббил аләмин» деңдер және салауат пен Фатиха-и шәриф оқыңдар.»
Бұл жерде де намаз соңында Фатиха оқылатыны ашық түрде білдірілуде.
Сұрақ: Намаздан кейін оқылатын дұғалардан бірнешеуін жазасыз ба?
Жауап: Намаздан кейін оқылатын дұғалар көп. Біреуін білдірейік. Сүйікті пайғамбарымыз былай деген:
«Йа Муаз, уаллаһи (ант етемін) сені жақсы көремін, әр намаздан кейін мына дұғаны қалдырмай оқы: «Аллаһумма әинни алә зикрикә уә шукрикә уә хусни ибадәтикә.» (Нәсаи)
Мағынасы: «Йа Раббым, Сені зікір етуді, Саған шүкір етіп жақсы ғибадат етуді маған нәсіп ете гөр.»
Табаранида білдірілген, «Күніне 25 рет ер және әйел мүминдерге дұға еткен адам, өзі үшін дүниеге ризық ихсан етілгендерден және дұғасы қабыл болғандардан болады» хадис шәрифіндегі сүйіншіге қауыша алу үшін төменде білдірілген дұғаны оқу керек:
«Күніне 25 рет, "Аллаһуммағфирли уә ли уәлидәийа уә ли устазийа уә лил му’минина уәл му’минат уәл муслимина уәл муслимат әл ахийа-и минһум уәл әмуат бирахматика йа архамаррахимин" деп оқыған адам абидтерден (тақуалардан) болады. Аллаһу та’ала бұл адамның көңілінен кек пен хаседті (көре алмаушылықты) шығарады. Оған бүкіл мүминдердің санындай сауап жазылады. Қияметте бүкіл мүминдер: Йа Раббым, бұл құлың біз үшін истиғфар оқыды. Сен де оны кешір, дейді.» (Мифтахун нәжат)
Жағдайымызға шүкір етуіміз керек. Мысалы былай деу керек:
Әлхамдулиллаһи алә кулли хал сиуәл куфри уәд далал – күпір және адасушылықтан басқа барлық жағдайымызға хамд, шүкір болсын.
Мынадай бір тіркес те бар: «Әлхамдулиллаһи алә кулли хал уә Әузу билләһи мин хали әһлиннар» - Әр жағдайыма Аллаһу та’алаға хамд болсын. Тозақтықтардың жағдайынан сақтауы үшін Аллаһу та’алаға сиынамын.
Сұрақ: Дұға еткен кезде қолдар бетке қарама-қарсы иіліп ұсталады ма?
Жауап: Дұға еткен кезде алақандар бетке қарсы емес, аспанға қаратылып ашық және көкірек тұсында болуы керек.
Қолдар бірге емес, арасы ашылған болуы керек. (Фәтәуә-и Хиндийа, Дуррул Мухтар)
Әйел дұға еткен кезде қолдарын алға созбайды, бетіне қарсы иіп ұстайды. Қазір көптеген еркектер осылай әйелдер сияқты дұға етеді.
Сұрақ: Намаздан кейін дұға қай кезде жасалады?
Жауап: Дұға, тәсбихтер айтылғаннан кейін жасалады.
Сұрақ: Бір дұға жаттап әр намаздан кейін оқимын. Зияны жоқ па?
Жауап: Бірдей дұғаны оқыған кезде ойы сергек, зейінді, ықыласты болу керек. Яғни тақпақ сияқты оқымау керек. Не сұрап жатқанынан хабары болу керек. Бір дұғаны оқи беру жаиз, бірақ мәнін білу керек. Тіліңізбен оқып, ақылыңыз басқа жерде болмауы керек. Әр адамның әр уақытта қалауы, қиыншылықтары бірдей болмайды ғой. Дұғаны қазақша айтудың зияны жоқ.
Сұрақ: Аллаһумма әнтәссәләм... тек парыздардан кейін ғана оқыла ма? Әр намаздан кейін истиғфар оқылады ма?
Жауап: Парыз, уәжіп және нәпілдерден, яғни әр намаздан кейін, сәлемнен кейін "Аллаһумма әнтәссәләм уә минкәссәләм табарактә йа зәл жәләли уәл икрам" делінеді. Соңғы сүннет оқылғаннан кейін немесе ең соңғы намаз оқылғаннан кейін үш рет "Әстағфируллаһ әлазыйм әлләзи лә илаһә иллә һуәл хаийәл қаийумә уә әтубу иләйһ" делінеді. Одан кейін Аят-әл курси оқылып тәсбихтер тартылады және дұға етіледі. Дұға еткенде, "Йа Аллаһ йа Аллаһ йа хаийу йа қаийуму йа зәлжәләли уәл икрам, әсәлука ән тухийа қалби би нури марифатика әбәдән йа Аллаһ йа Аллаһ" деп оқу өте жақсы болады.
Тәсбих тарту сүннет
Сұрақ: Намаздан кейін Субханаллаһ, Әлхамдулилләһ, Аллаһу әкбар деп тәсбих тарту бидғат па?
Жауап: Ижмамен бекітілген муәккәд сүннет. Тәсбихтерді саусақпен санау және тәспі қолдану жаиз. Расулуллаһ бір әйелдің тәсбихтерді дәнмен санағанын көрген бірақ тиым салмаған. Бұл да тәсбихтерді таспен, дәнмен және тәспімен санаудың жаиз екендігін көрсетеді. (Рәддул Мухтар)
Құран кәрімде «Бақийатус салихат» (тұрақты қалатын жақсы істер) деген сөз өткен. Расулуллаһ былай деген:
«Бақийатус салихатты көп айтыңдар. Бұлар: тәсбих, тәхлил, тахмид, тәкбір және тәмжид.» (Табарани)
(Тәсбих – Субханаллаһ, тәхлил – Лә илаһә иллаллаһ, тахмид - Әлхамдулилләһ, тәкбір – Аллаһу әкбар, тәмжид – Лә хаула уәлә қууата иллә билләһ деген сөз.)
Бүкіл күнәлары кешіріледі
Хадис шәрифтерде былай делінген:
«Әр намаздан кейін 33 Субханаллаһ, 33 Әлхамдулилләһ, 33 Аллаһу әкбар, одан кейін "Лә илаһә иллаллаһу уахдәһу лә шәрика ләһ ләһул мулку уә ләһул хамду уә һуә алә кулли шәйин қадир" деген адамның теңіз көбігі мөлшеріндей күнәсы болса да кешіріледі.» (Мүслим)
«Саусақ ұштарымен санап тәсбих пен тәхлилді тұрақты оқыңдар. Қияметте әр мүшеге қатысты есеп сұралады және саусақтар үшін тәсбихте қолданды делінеді. Ғафил болған адам мейірімнен ұзақ қалады.» (Хаким)
«Тәкбір, тахмид, тәсбих және тәхлил себебімен мұсылман болып қартайған адамнан жақсысы жоқ.» (И.Ахмед)
Кедейлер, «Йа Расулаллаһ, байлар дәреже мен ниғмет тұрғысынан бізден озды. Біз намаз оқимыз, олар да оқиды. Біз ораза тұтамыз, олар да тұтады. Бірақ олар зекет, садақа береді, құл азат етеді, біз бұларды орындай алмаймыз» деген кезде, сүйікті пайғамбарымыз:
«Сендерден үстем болғандарға жете алуларың үшін, сендерден төмен болғандарды өте алуларың үшін және сендер жасаған сияқты жасағандардан басқа, сендерден үстем бол алмайтын бір нәрсе үйретейін. Әр намаздың соңында 33 рет Субханаллаһ, 33 рет Әлхамдулилләһ, 33 рет Аллаһу әкбар, бір рет "Лә илаһә иллаллаһу уахдәһу лә шәрика ләһ ләһул мулку уә ләһул хамду уә һуә алә кулли шәйин қадир" деп айтыңдар!» деді. Кедейлер, «Байлар да біз сияқты тәсбих тартып тағы да бізден озады» дегенде, Расулуллаһ:
«Бұл Аллаһу та’аланың жақсылығы, қалаған адамдарына береді» деді. (Әбу Дауд)
Имам Раббани хазреттері былай деген:
Намаз оқитын адам Раббымен сөйлесуде, Оған жалбарынуда және Оның ұлылығы мен Одан басқа барлық нәрсенің түк емес екенін көруде. Сүйікті пайғамбарымыз, «Парыз намаздан кейін 33 тәсбих , 33 тахмид, 33 тәкбір және бір тәһлил» айтуды әмір еткен. Бұның себебі, намаздағы кемшіліктер тәсбихпен жабылады. Осылайша өзінің лайықты түрде ғибадат ете алмағандығы білдіріледі. Тахмидпен намаз оқумен мәртебеленудің Оның жәрдемі және жеткізуімен екені білініп, осы үлкен ниғметке хамд, шүкір етіледі. Тәкбір айтып Одан басқа ғибадатқа лайық ешкім жоқ екені білдіріледі. (м.304)
Күнә істеген адам бұл әмірлер мен тиымдардың иесінің ұлылығы мен кибрийасын ойланғанда, Оның әмірлеріне қарсы келмейтін еді. Күнә істеуі Оның әмірлері мен тиымдарына мән бермегенін көрсетеді. Мұндай нәрседен Аллаһу та’алаға сиынамыз. Тәнзих кәлимасын (яғни жоғарыда жазылған тәсбихты) көп оқу арқылы бұл құсыр кешіріледі.
Истиғфар ету – күнәлардың жабылуын, кешірілуін сұрау деген сөз. Тәнзих кәлимасын оқу болса күнәнің жойылуын сұрау деген сөз. Екеуінің арасы жермен аспандай.
Субханаллаһ – таң қалдыратын бір сөз. Айтылуы өте қысқа. Мағынасы мен пайдалары өте көп.
Тахмид (әлхамдулилләһ) сөзін көп оқу арқылы Аллаһу та’алаға шүкір етілген болады. Ол берген ниғметтердің шүкірі орындалған болады.
Тәкбір (Аллаһу әкбар) сөзі Аллаһу та’аланың құлдар жасаған шүкірлерден өте жоғары екендігін, Оған лайық шүкір орындала алмайтындығын көрсетеді. Өйткені Оған жасалған истиғфарлар кешірім сұрау болғаны үшін көп истиғфар ету керек.
Хақ та’алаға лайықты хамд тек Оның тарапынан орындала алады. Сол себепті Ол Саффат сүресінің соңында «Субхана Раббика...» деген. Өзін есепке тартқысы келген адам, осы аяти кәриманы көп оқуы керек! Осылайша истиғфар мен шүкір еткен болады. Истиғфар мен шүкір ете алмағандығын және кемшіліктерін де білдірген болады. (Мәктубати Раббани 1 том, 309 хат)
Сұрақ: Намаздан кейінгі тәсбихтерді 33-тен артық оқысақ, зияны бола ма?
Жауап: Намаздан кейінгі тәсбихтерді оқыған кезде 33-ке мән беру керек. Діннің әмірлерінде әртүрлі хикметтер бар. Бұл сан дәрінің мөлшеріне ұқсайды. Дәрі артығымен немесе кем қабылданса, күтілген нәтижені бермейді. Қазына 33-те. Бір метр ілгері, бір метр кері кетсе қазына табылмайды. Тәсбихтерді 33-тің орнына көбірек сауап болсын деп 40 рет немесе одан да көп айту бидғат болады. Мүлдем тәсбих тартпай кетсе күнә болмайды. Бірақ сүннет сауабынан махрұм қалған болады.
Сұрақ: Намаз оқығаннан кейін де истиғфар айтамыз. Әр жақсылық пен ғибадаттан кейін де неліктен қылмыс жасағандай қорқып истиғфар етеміз?
Жауап: Адам бүкіл жақсы амалдарын, ғибадаттарым кемшілікпен жасалды, лайықты түрде орындай алмадым деп ойлауы керек! Әбу Мұхаммед бин Мәназил хазреттері былай деген:
«Аллаһу та’ала Али Имран сүресінің 17 аятында сабыр ететіндерді, садықтарды, намаз оқитындарды, зекет беретіндерді және сәре уақытында истиғфар ететіндерді мадақтады. Барлығынан кейін истиғфар етуді білдіргені – адамның әр ғибадатын кемшілікпен көріп, әрдайым истиғфар айтуы үшін»
Жафар бин Синан хазреттері де былай деген:
«Ғибадат еткендердің өздерін ұнатулары, пасықтардың (күнаһарлардың) күнәларынан да жаман және зиянды.»
Жақсылық және ғибадат еткен кезде төрт жерде қорқу керек:
Бірінші қорқу: Адам бір жақсылық істеген кезде немесе бір ғибадат істеген кезде, сол жақсылық пен ғибадаттың қабыл етіліп етімегеніне уайымдап, қорқуы керек! Өйткені Құран кәрімде: «Аллаһу та’ала тек муттәқилердің (тақуалардың) амалын қабыл етеді» делінген. (Маида 27)
Екіншісі рия. Ықылассыз амалдардың қадірі жоқ. Жақсылықты тек Аллаһ разылығы үшін жасадым ба, әлде басқа жеке пайдамды ойладым ба, деп қорқуы керек. Тек ықыласпен жасалған ғибадаттың қабыл етілетіндігі Құран кәрімде білдірілген. (Бәйинә 5)
Үшіншісі – жасалған жақсылықтарды, ғибадаттарды зиянға ұшыратпай тапсыра алу қорқуы.
Жамандықтар, күнәлар жақсылыққа зиян береді. Олай болса, жақсылықты, ғибадатты зиянға ұшыратпай орнымен жеткізуге тырысу керек! Құран кәрімде: «Бір жақсылық әкелгенге он есесі беріледі» делінген. (Әнам 160)
Төртіншісі – жасалған жақсылықпен масқара болу қорқынышы. Басқаларға жақсылық болып саналған нәрселер, бәлкім жаман ниетпен жасалған жамандық болуы мүмкін. Жасалған жақсылықтардың зияннан қорғанып сәттілікке ілесіп ілеспейтіндігінен де қорқу керек! Құран кәрімде: «Сәттілігім тек Аллаһтың жәрдемімен ғана» делінген. (Худ 88)
Аллаһу та’аланың жәрдеміне қауышу үшін Оның әмірлеріне бағынып, тиымдарынан сақтану керек. Жамандық немесе қандай-да бір күнә істегеннен кейін өкіну және жақсылық пен ғибадат етуді жалғастыру керек. Хадис шәрифтерде былай делінген:
«Бір күнә істеген кезде дереу артынан бір жақсылық жаса, бір сауап істе оны жойсын!» (Бәйһақи)
«Қайда, қандай жағдайда болсаң да, Аллаһтан қорқ және жамандықтың артынан бір жақсылық жаса – оны жойсын!» (Тирмизи)
Құран кәрімде де былай делінген:
«Әлбетте жақсы амалдар күнә мен жаман амалдарды жояды.» (Худ 114)
Сұрақ: Намаз оқығаннан кейін тәсбих тартпай шығып кету күнә ма?
Жауап: Намаз оқығаннан кейін тәсбих тарту шарт емес, жұмысы болғандар шығып жұмысына бара алады. Тәсбихты жолда да тартса болады. Бірақ маңызды және асығыс жұмысы болмағандарға міндетті түрде тәсбих тарту керек. Өйткені намаздардан кейін тәсбих тартудың құндылығы өте көп.
Имам Раббани хазреттері былай деген:
Намаз оқитын адам Раббымен сөйлесуде, Оған жалбарынуда және Оның ұлылығы мен Одан басқа барлық нәрсенің түк емес екенін көруде. Сүйікті пайғамбарымыз, «Парыз намаздан кейін 33 тәсбих , 33 тахмид, 33 тәкбір және бір тәһлил» айтуды әмір еткен. Бұның себебі, намаздағы кемшіліктер тәсбихпен жабылады. Осылайша өзінің лайықты түрде ғибадат ете алмағандығы білдіріледі. Тахмидпен намаз оқумен мәртебеленудің Оның жәрдемі және жеткізуімен екені білініп, осы үлкен ниғметке хамд етіледі. Тәкбір айтып Одан басқа ғибадатқа лайық ешкім жоқ екені білдіріледі. (м.304)
Сұрақ: Мешітте намазды оқығаннан кейін дұғаны күтпей жұмысымызға кетсек, Аят-әл Күрси мен тәсбихтерді жолда оқудың зияны бар ма?
Жауап: Жұмысы бар адамның дұғаны күтпей кетуі, жолда оқуы жаиз. Зәру жағдай болмайынша дұға мен тәсбихтерді тәрк етпеу керек. Аят-әл Күрси мен тәсбихтердің құндылығы көп. Әййухәл Уәләд Илмихалындағы хадис шәрифте былай делінген:
«Бір адам намаздан кейін дереу бір рет Аят-әл Күрсиді оқыса, ол аят Арши а’лаға дейін жетеді және сол жерде тоқтамай әрекетте болып, «Йа Раббым, мені оқыған құлыңды кешір!» дейді. Хақ та’ала мекен мен тараптан пәк болып, «Ей періштелерім, куә болыңдар, намаздан кейін Аят-әл Күрсиді оқыған құлымның күнәларын кешірдім» дейді.»
«Намаздан кейін аят-әл күрсиді оқыған адамға әрбір әрпі үшін 40 сауап беріледі.»
«Кімде-кім, парыз намазын бітірген кезде орнынан тұрмай бір рет Аят-әл Курсиді оқып, 33 рет Субханаллаһ, 33 рет Әлхамдулиллаһ, 33 рет Аллаһу әкбар десе, 99 болады. Бір рет Лә илаһә иллаллаһу уахдәһу лә шәрикә ләһ ләһул мулку уә ләһул хамду уә һуа алә кулли шәйин қадир десе, Хақ та’ала ол адамның күнәларын кешіреді.»
Бір хадис шәрифте де, таң намазын оқып, орнынан тұрмастан және сөйлеместен он рет «Лә илаһә иллаллаһу уахдәһу лә шәрика ләһ ләһул мулку уә ләһул хамду йухи уә йумит уә һуа алә кулли шәйин қадир» деп оқыған адамның сол күні әртүрлі жамандықтан, шайтанның зиянынан қорғалатындығы және көптеген сауапқа қауышатындығы білдірілген. (Нәсаи)
Аллаһу та’ала кешіретін күнәлар, тек өзі мен құлы арасында болған және тәубесі етілген күнәлар. Құл ақысынан құтылу үшін ақы иесімен халалдасу (кешірімін, разылығын алу) керек.
Сұрақ: Имам дұға ете бастағанда тәсбих тартпаған адам да дұғаға қосыла ма?
Жауап: Тәсбихты тартқаннан кейін дұғаға қосылу абзалырақ.
Сұрақ: Мәжбүр кезде сол қолмен тәсбих тарту жаиз ба?
Жауап: Әлбетте жаиз. Пайғамбарымыздың жақсы істерді оңнан бастауына, киіну, ішіп-жеу сияқты әдеттеріне «Сүннети зәуәид» делінеді. Бұларды ұмытып немесе бір үзірмен тәрк етудің зияны жоқ. (Хадиқа)
Қайырлы, яғни жақсы істерді оң қолмен жасау сүннет. Сол қолмен де жасалса зияны болмайды, бірақ әр жұмыста пайғамбарымызға ұю жақсы болады.
Сұрақ: Намаздан кейін (сәлем бергеннен кейін) және тәсбихтер мен дұғадан кейін не оқылады?
Жауап: Намаздан кейін (сәлем бергеннен кейін) үш рет:
«Әстағфируллаһ, Әстағфируллаһ мин кулли ма карихаллаһ, Әстағфируллаһ әл азыйм әлләзи лә илаһә илла һуәл хаийәл қаийума уә әтубу иләйһ» оқылады.
Тәсбихтер мен дұғадан кейін 67 рет әстағфируллаһ айтып 70-ке толықтыру керек.
Сұрақ: Тәспі тартқан кезде тасбихтерді өзіміз еститіндей дауыспен айту керек пе?
Жауап: Иә.
Тәсбихты қолмен санау
Сұрақ: Тәсбихті қолмен санаған абзал ма, әлде тәспімен бе?
Жауап: Намаздан кейін тәсбихтерді қолмен санау сүннет. Санауда шатасатындардың тәспімен санаулары абзалырақ болады. Шатаспайтындардың саусақпен санауы, шатасатындардың тәспімен санауы жақсы болады. Кейбір адамдардың ойлағанындай, тәспі тарту сүннетке қайшы емес.
Сұрақ: Кейбір адамдар тәспі тартқан кезде Субханаллаһ дегенде төменнен жоғарыға, Әлхамдулиллаһ дегенде түзу, Аллаһу әкбар деген кезде жоғарыдан төмен ұстайды. Неліктен бұлай істейсіз? - деп сұрағанымда, сырат көпірі осындай болғаны үшін, дейді. Бұлай жасаудың зияны жоқ па?
Жауап: Ешқандай зияны жоқ.
Сұрақ: Намаздан кейін аят-әл күрси оқығаннан кейін тәспіге не үшін үрлейміз?
Жауап: Тәспіге үрленбейді. Қолымызға үрлейміз. Үрлеу жаиз, өйткені пайғамбарымыз бір нәрсе оқыған кезде кейде қолдарына үрлеп, мүбәрәк мүшелерін сипайтын еді. Қолдарға үрлеген кезде тәспіге де үрленсе зияны жоқ.
Сұрақ: Күн шыққанда және күн батқанда тәсбих пен дұға етудің зияны бар ма?
Жауап: Зияны жоқ. Бірақ таң намазы күн шығып жатқан кезде оқылмайды. Екінді намазы күн батпай тұрып басталса, күн батқаннан кейін жалғастырыла береді.
Сұрақ: Ақшам мен таң намазынан кейін Хашр сүресінің соңын, Құптаннан кейін Әмәнаррасулуді оқу мүстаһаб па?
Жауап: Иә, мүстаһаб.
Сұрақ: Намаздан кейін Фатиха оқылған кезде қолдар көтерілмей ме?
Жауап: Иә.
Сұрақ: Хашр сүресін оқыған кезде үшіншісінде «Әстәизу» деу жаиз ба?
Жауап: Иә.
Сұрақ: Намаздан кейін жұмысы болғаны үшін тәсбихтерді тартпай дұға ету немесе тек аят-әл күрсиді оқу жаиз ба?
Жауап: Иә.
Сұрақ: 33-тік тәспімен тәсбих тарту жаиз ба?
Жауап: Иә.
Сұрақ: Янтарь немесе күмістен жасалған тәспі қолдану жаиз ба?
Жауап: Иә.
Сұрақ: Намаз оқыған кезде жанымызда шулаған адамға, доғар, шатасып жатырмын деген мағынада ишарат ету үшін тәсбихтерді қаттырақ дауыспен айту жаиз ба?
Жауап: Иә.
Сұрақ: Намаздарды жай оқимын. Мен намазды бітіріп тәсбихтерді бастаған кезде Құран оқылады. Құран оқылған кезде тыңдап, кейін тәсбихтерді санау керек пе, әлде оқылып жатқанда тәсбихтерімді санауды жалғастыра берейін бе?
Жауап: Оқылған Құранды тыңдау парыз, мың жыл бойы тәсбих тартсаңыз соншалықты сауап ала алмайсыз. Өйткені нәпіл парыздың жанында теңіз бен тамшы сияқты да емес. Сондықтан парызды таңдау керек, яғни Құран тыңдау керек. Тіпті Құран оқылған кезде сүннет пен нәпіл намаз да оқымау керек.
Сұрақ: Парыз намаздардан бұрын немесе кейін сәждеге жатып дұға етілмей ме?
Жауап: Намаз ішінде сәждеде дұға етілмейді. Парыз намаздан басқа әр уақытта сәждеге жатып дұға етіледі. Бірақ парыз бен сүннет, сүннет пен парыз арасында жасамау керек. Нәпіл намаздарда сәждеде дұға етуге болады.
Сұрақ: Әмәнаррасулуді тыңдаған адам дұға бөлімінде әмин деуі жаиз бола ма?
Жауап: Иә, жаиз.
Сұрақ: Кейбір адамдар үш истиғфарды имам сәлем бергеннен кейін оқиды. Аллаһумма әнтәссәләм...- нан кейін оқылуы керек емес пе?
Жауап: Иә.
Сұрақ: Қыс күндері суық болған кезде намазды оқып, тәсбих пен дұғаларды төсекте оқу жаиз ба?
Жауап: Иә.
Сұрақ: Намаздан кейін Аят-әл күрсиді оқығаннан кейін тәспіге үрлеу бидғат па?
Жауап: Аят-әл курсиді оқығаннан кейін қолға үрлеу жаиз, қолға үрлеген кезде тәспіге де тисе зияны болмайды. Арнайы тәспіге үрленбейді.
Сұрақ: Намаздан кейін бірдей дұғаларды оқып жүру мәкрух па?
Жауап: Ойдан, ояу көңілмен оқылса, бірдей дұға болса да мәкрух болмайды. Бір дұғаны жаттап, тақпақ оқығандай айту мәкрух. Яғни жатталған нәрсені тотықұс сияқты қайталау, ойы бір жақта, сөзі басқа жақта болып дұға ету мәкрух. Бірақ не сұрағанын біліп бір нәрселерді сұрау мәкрух болмайды.
Дұға еткен кезде
Сұрақ: Дұғаға қол жайған кезде кейбір имамдар екі қолды бір уақытта көтереді, ал кейбірлері алдымен оң қолды, одан кейін сол қолды көтереді. Қайсысы дұрыс?
Жауап: Екі қолды бірдей, бір уақытта көтеру керек.
Тәспі бидғат па?
Сұрақ: Электронды тәспімен (санауышпен) тәсбих санау, зікір ету бидғат па?
Жауап: Санау ғибадат емес, әдет. Түйеге міну зәуәид сүннет. Автокөлікке, ұшаққа міну әдет, сүннетке қайшы емес. Осы сияқты механикалық немесе электронды құралдармен тәсбих тарту (санау) бидғат емес. Тек бұл құралдарды адамдардың арасында қолдану назарды тартады. Рияға, фитнаға себеп болуы мүмкін. Осы тұрғыдан қалта ішінде және жалғыз кезде санау керек.
Қалыпты тәспілермен де, электронды тәспілермен де тәсбих санау бидғат емес. Ибн Абидин хазреттері былай деген:
Расулуллаһ бір әйелдің тәсбихтерді дәндермен санағанын көрген, бірақ тиым салмаған. Бұл тәсбихтерді таспен, дәнмен және тәспімен санаудың жаиз екендігін көрсетеді. Дәлелі де осы. Әбу Дауд, Тирмизи, Нәсаи, Ибн Хиббан және Хакимның Саид бин Әби Уаққастан (радиаллаһу анһ) риуаят еткен хадис шәрифте, Расулуллаһ бір әйелдің дәнмен немесе тастармен тәсбих тартқанын көрген кезде тиым салмағанын білдірген. (Рәддул Мухтар)
Пайғамбарымыз мәселенің негізін білдірген. Мысалы, «Азанды жоғары жерде оқыңдар!» деген. Сол үшін Мұнарада азан айту сүннетке қайшы делінбейді. Тәсбихты құрма сүйектерімен, жиде сүйектерімен немесе тастармен санау сүннетке қайшы емес. Марқұм ұстазымыздың бір естелігі бұны өте жақсы баяндаған:
Мектепте мұғалім болған кезімде сабақта бір оқушы:
- Ұстаз, соғыста өлген мұсылман шәһид бола ма? - деді.
- Иә болады, - дедім.
- Пайғамбар бұны хабарлады ма?
- Иә.
- Теңізде батса да, ұшақтан құласа да, тікұшақтан құлап өлсе де шәһид бола ма?
- Иә, болады.
- Пайғамбарымыз бұны да хабар берді ме?
- Иә, хабар берді.
Оқушы тауып айттым, ұстадым дегендей үнмен:
- Ұстаз, сонда ол кездері ұшақ пен тікұшақ бар ма еді? - деді.
- Пайғамбарымыз Жәмиул кәлим еді. Көп нәрселерді бір сөзбен, бір сөйлеммен білдірді. «Жоғарыдан құлаған адам шәһид болады» деген.
Оқушы:
- Енді түсіндім, - деді.
Демек, аттан құласын, мұнарадан құласын, ұшақтан құласын, биіктен құлап өлетін болса шәһид болады. Ол кездері мұнара және ұшақ жоқ еді делінбейді.
Қатерлі ісіктен (рактан) өлген мүминнің шәһид болғандығы білдіргенде, «Ол кездері Расулуллаһ білдіретіндей қатерлі ісік ауруы бар ма еді?» дегендерге, хадис шәрифте ішкі аурулардан өлген адам шәһид болатындығы айтылған деп түсінлірілді. Әр аурудың атымен жеке жеке білдірілуі керек емес. Мына хадис шәриф көптеген ауруларды қамтиды: «Ішкі аурулардан өлген адам шәһид.» (Ибн Асакир)
Тәспі моншақтары
Сұрақ: Тәспідегі моншақтар 33 емес, артық немесе кем болса зияны бар ма?
Жауап: Білінбейінше зияны болмайды. 33 саны үштің есесі болғандықтан, тәспі тартқанда үш-үштен саналса, кем немесе артық болып болмағанын арнайы санамай-ақ анықтауға болады.
Жаннатты сұрау
Сұрақ: Намаздан кейін жаннатты сұрау және тозақтан қорғану үшін қай дұғаны оқу керек?
Жауап: Бір хадис шәрифте былай делінген:
«Намазды бітірген адам ешнәрсе айтпай “Аллаһумма әжирни минәннар уә әдхилнил жәннәтә” демесе, періштелер “ Обал болсын бұған, тозақтан қорғануды сұраудан мақрұм қалды”, жаннат та “Обал болсын бұған, жаннатты сұраудан мақрұм қалды” дейді.» (Табарани)
Дұғаның мағынасы, «Йа Раббым, тозақтан сақта, жаннатқа кіргіз» деген сөз. Бұл дұғаны намаздан, тәспілерден кейін дұға еткен кезде оқуға болады.
Дұға еткен кезде
Сұрақ: Дұға еткен кезде саусақтардың аралары ашыла ма?
Жауап: Жоқ, бесеуі де бірігіп тұрады.
Намаздан кейін Әмәнаррасулу оқылғанда
Сұрақ: Әмәнәррасулу оқылған кезде тыңдағандардың дұға бөлімінде әмин деулері жаиз ба?
Жауап: Жаиз, жақсы болады. (Шира)
Хашр сүресінің соңы
Сұрақ: Таң және ақшам намаздарының соңында оқылатын Хашр сүресінің соңын «Һуәллаһулләзи» орнына «Ләу әнзәлнә»-дан бастап оқу бидғат бола ма?
Жауап: Жоқ, бидғат емес. Пайғамбарымыздың «Ләу әнзәлнә»-дан бастап оқығандығы да білдірілді. «Лә йәстәуи»-ден бастап, тіпті Хашр сүресі толығымен оқылса да бидғат болмайды. Құптан уақытында Бақара сүресінің соңғы екі аяты, яғни Әмәнаррасулу деп басталатын екі аят оқылады. Артығырақ оқылса, Бақара сүресі толығымен оқылса да бидғат болмайды.
Намазда оқу
Сұрақ: Таң мен ақшамда Хашр сүресінің соңын, түнде жатарда Әмәнаррасулуді оқу үлкен сауап. Бұларды намазда оқу, айтылған уақытта оқу орнына өте ме?
Жауап: Иә, жақсырақ болады. Әр уақытта таң мен ақшам намаздарының парызының немесе сүннетінің алғашқы рәкатында Хашр сүресінің соңын, яғни Һуәллаһулләзи-ді оқуға болады. Екінші рәкатта басқа бір сүре оқылады. Екінші рәкатта үнемі бір сүре оқылса, бірінші рәкатта оқылған сүре өзгерген болуы керек. Құптан намазының сүннетінде немесе парызында да Әмәнаррасулуды оқуға болады. Білетін және уақыты бар адам Тәбарака сүресін оқыса жақсырақ болады.
Үш истиғфар оқу
Сұрақ: Намаздардан бұрын үш рет истиғфар оқу керек екен. Бұны қаматтан бұрын ба, әлде кейін оқу керек пе?
Жауап: Намаздардан бұрын үш рет керек емес. Бірақ бүкіл намаздар біткеннен кейін сәлем беріп, «Аллаһумма әнтәссәләм...» дегеннен кейін үш рет истиғфар дұғасы оқылады. Бұл сүннет. Тек жұма күні таң намазының сүннетінен бұрын үш рет истиғфар дұғасы оқылады. Басқа намаздардың алдында оқу керек емес. Әр намаздан бұрын үш рет, бес рет, жүз рет оқылса да зияны жоқ. Бірақ «Оқу керек» делінсе қате болады. Бидғат шығарылған болады.
Мысалы, Ясин сүресі оқылған кезде «Сәләмун қаулән..» аятын үш рет оқиды. Үш рет, бес рет, жүз рет оқу жаиз, бірақ «Үш рет оқу керек» делінсе бидғат шығарылған болады.
Бұл жіңішке мәселені жақсы білу керек. Истиғфар мен басқа дұғаларды әр уақыт оқудың зияны жоқ. Бірақ дініміздің білдірілгендерден бөлек мына уақытта, осыншама оқу керек деп айту бидғат болады.
Дұғаға қол жайған кезде
Сұрақ: Намаз оқып болып, тәспіден кейін дұға ете бастағанда, «Субхана рабийәл алийил ә’ләл уәххаб» деу ме, әлде «Уә мә әрсәлнәкә иллә рахматән лил аләмин» аяти каримасын оқу абзалырақ па?
Жауап: Екеуін бірге оқу абзалырақ.
Тәсбих тартпау
Сұрақ: Намаздан кейін жұмысы болғаны үшін тәсбихтерді жолда тарту немесе тәсбихтерді мүлдем тартпай тек қана дұға ету немесе тек қана аят-әл күрсиді оқу жаиз ба?
Жауап: Иә, үшеуі де жаиз. Бірақ мүмкіндік бар болса, барлығын оқу жақсырақ.
Фатиханы оқыған кезде
Сұрақ: Намаз оқып, дұғаны бітіргеннен кейін Фатиха оқылса қолдар жайылмай оқылады ма?
Жауап: Иә.
Тәспі қолдану
Сұрақ: Болгариядан келген кейбір оралмандар дұға еткен кезде саусақтарын бір-біріне айқастырады. Намаз соңында тәсбих санағанда бидғат деп тәспі де қолданбайды. Қолдарын тізелеріне қойып саусақтарымен санайды. Төрт мазһабтың имамдары, мүжтәһид ғалымдар, Имам Раббани хазреттері, Абдулқадир Гейлани хазреттері және басқа да тасаууф ғалымдары тәспі тартқан болса, бүкіл мешіттер тәспімен толы болғанда бұлар неге тартпайды? Бүкіл ғалымдардікі қате де, тек осылардікі ғана дұрыс па?
Жауап: Тәспімен тәсбих тарту бидғат емес. Бәлкім, біздің басқалардан бір ерекшелігіміз болсын деп осылай жасап жүрген болуы мүмкін. Әсіресе дұға еткен кезде саусақтарын айқастыруы осыны растап тұрғандай. Тіпті уаххабилер мен шиилер де саусақтарын айқастырмайды. Демек, бәрінен өзгеше дұға мен тәсбих тарту түрі шығарылған болса керек.
Таң мен екіндіден кейін
Сұрақ: «Таң мен екінді намаздарынан кейін соңғы сүннет болмағаны үшін жамағаттың орнынан тұрмауы керек» дейтіндер бар. Дұрыс па?
Жауап: Дұрыс емес. Сапты бұзу мүстаһаб, соңғы сүннеті болмаған намаздар да бұдан ерекше емес. Кітаптарда былай делінген:
Парыз намаздарды оқығаннан кейін саптарды бұзу мүстаһаб. (С.Әбәдийа)
Жамағаттың парыз намаздан кейін сапты бұзуы, кейіннен келген адамдардың оларды парыз оқып жатыр деп ойламауы үшін мүстаһаб. (Халеби-и Сағир)
Көрініп тұрғандай, сапты бұзу таң мен екінді намаздарын да қосқанда бүкіл намаздар үшін білдірілген.
Хадис шәрифтермен амал ету
Сұрақ: Мешітке кірген кезде отырмасатан намаз оқылса немесе аяққа тұрмастан мына дұға оқылса мына сауап беріледі деген хадистер бар. Мешітте отырғаннан кейін немесе тұрғаннан кейін оқылса сауабы азаяды ма, әлде мүлдем сауабы болмайды ма?
Жауап: Хадис шәрифтерден біздің үкім шығаруға тырысуымыз және шығарған үкіммен амал етуіміз өте қате болады. Өйткені ол хадис шәриф ижтиһадты талап етуі мүмкін, басқа бір хадис шәрифпен өзгерген болуы мүмкін. Нәсх етілген болуы мүмкін немесе біз білмеген бір тәуилі бар болуы мүмкін. Мазһабымыздың үкімі не болса, сонымен амал етіледі. (Бәриқа)
Хадис шәрифте, теңізден шыққан барлық жануардың желінетіндігі білдірілгенімен Ханафи ғалымдары балықтан өзге теңіз жәндіктерінің желінуінің жаиз еместігін білдірген. Хадис шәрифте қан алдырудың денеден қанның шығуының дәретті бұзбайтындығы білдірілгенімен Ханафи ғалымдары денеден қан шыққан кезде дәрет бұзыладындығына үкім шығарған. Сол себепті біздің хадис шәрифпен емес, мазһабымыздың сол тақырыптағы үкімімен амал етуіміз керек.
Білдірген хадис шәрифтеріңіздің бірнешеуінің мағынасы төменде:
«Мешітке кіргенде отырудан бұрын екі рәкат (тахийатул мәсжид) намаз оқыңдар!» (Бұхари)
Ханафи мазһабы бойынша отырғаннан кейін де тұрып оқуға болады.
«Ақшам намазынан кейін сөйлеместен 6 рәкат намаз оқыған адам 12 жыл нәпіл ғибадат еткен сияқты сауапқа қауышады.» (Ибн Мажә)
Сөйлеген болса да әууәбин намазының сауабы беріледі.
«Таң намазын оқығаннан кейін сөйлеместен қыблаға қарап тұрып, күн бір найза бойында көтерілгеннен кейін екі рәкат ишрақ намазын оқыған адам Жаннаттық.» (Ислам Ахлақы)
Сөйлескен болса да сол уақытта ишрақ намазы оқылған болса ишрақ сауабына қауышылады.
«Намазды оқып болған адам еш сөйлеместен “Аллаһумма әжирни минәннар уә әдхилнил жәннәтә” демесе періштелер “ Обал болсын бұған, тозақтан қорғануды сұраудан мақрұм қалды”, жаннат та “Обал болсын бұған, жаннатты сұраудан мақрұм қалды” дейді.» (Табарани)
Намазды оқып болғаннан кейін дегені, тәсбихтерді тартып дұға еткеннен кейін деген сөз. Тәсбихтерден бұрын орындалуы бидғат болады. Дұғадан кейін сөйлесе де ол дұғаны оқыса білдірілген сауапқа қауышады.
«Ақшам намазын оқығаннан кейін еш сөйлемей жеті рет “Аллаһуммә әжирни минәннар” деген адам, сол түні өлсе оған тозақ отынан құтылу куәлігі беріледі. Таң намазынан кейін де дәл солай оқып сол күні өлген адамға да оттан құтылу куәлігі беріледі.» (Мүслим)
Мұның да тәсбихтерден бұрын орындалуы бидғат болады. Сөйлегеннен кейін оқыған адам да дәл сол сауапқа қауышады.
Бір хадис шәрифте, таң намазын оқып, орнынан тұрмастан және сөйлеместен он рет «Лә илаһә иллаллаһу уахдәһу лә шәрикә ләһ ләһул мулку уә ләһул хамду йухи уә йумит уә һуә алә кулли шәйин қадир» дұғасын оқыған адамның сол күні әртүрлі жамандықтар мен шайтанның зиянынан қорғалатындығы және көптеген сауаптарға қауышатындығы білдірілген. (Нәсаи)
Орнынан тұрса да, оқудан бұрын сөйлессе де, дұғаның ізгілігіне қауышады. Жақсырақ болғаны, әлбетте сөйлеместен оқылғаны.
Тәсбихты артығымен айту
Сұрақ: Әр күні айтылатын тәсбихтер немесе намаздардың соңындағы тәсбихтер ұмытылып немесе шатасып артығымен айтылса зияны бар ма?
Жауап: Ұмытылса зияны жоқ.