Жәннатта қайғы мен өкіну болмайды
Сұрақ: «Жәннатта қайғы жоқ, бірақ өкіну бар» делінеді. Бұл екеуі бір-біріне қарама-қайшы емес пе?
Жауап: Жәннатта ешқандай қайғы, қиыншылық болмағанындай, тозақтағылардың өкінуі сияқты өкіну де болмайды. Жәннатта біркелкі өмір де жоқ. Тіпті қиялдап та түсіне алмайтын үлкен ниғметтер болады, бұлардан алынатын ләззат та әр сәт өткен сайын арта береді. Мұны дүниедегі ниғметтерге ұқсатып түсіну мүмкін емес.
Тозақтағылар «Қап, біз де иман еткенімізде, жәннаттағы шексіз ниғметтерге бөленгенімізде ғой...» деп қайғырады. Ал жәннаттағылар «Көбірек жақсылық, ғибадат жасағанымызда, бұдан да жоғары дәрежелерге жеткенімізде ғой...» деген ынтықтық сезімінде болады. «Қандай ғафлетте (көңіл ұйқысы, көңіл соқырлығы) болған екенбіз, өмірімізде Аллаһты зікір етпей өткізген сәттер болған екен» дейді. Екі хадис шәрифтің мағынасы мынадай:
«Жәннаттағылар ешнәрсеге өкініш сезбейді. Бірақ тек Аллаһты зікір етпей өткізген уақыттар үшін өкінеді.» (Хаким)
«Қияметте күнәхар-салих барлық адам өкінеді. Күнәхар күнәларын тастап дұрыс және тақуа адам болмағанына, ал салих адам көбірек ғибадат етпегеніне өкінеді.» (Фәраид-ул фәуаид)
Патшалардың бірі түнде бір жерден өтіп бара жатқанда әскеріне «Мына жердің тастарын жинаңдар» дейді. Араларынан кейбірлері әмірге бағынып, аз немесе көп тастарды жинаған болса, кейбірлері тастың жүгін көтеріп жүремін бе деп мүлдем жинамайды. Өлкелеріне оралғанда жинаған тастарына қараса, бәрі құнды тастар екен. Жинамағандар қатты өкінеді, аз жинағандар неге көбірек жинамадым деп өкінеді. Көп жинағандар да неге одан да көбірек жинамадым деп өкінеді. Әрине көп жинағандар мен мүлдем жинамағандардың өкініштері бірдей болмайды. Жәннатта бара-бара артатын ниғметтерге қауышқан адамның өкініші де қайғы әкелмейді.
Жәннатты көру
Сұрақ: Өлгеннен кейінгі қайта тірілуге, жәннатқа, тозаққа сенбейтін, мұсылмандарға кертартпа дейтін дінсіздердің тозақта қандай азапқа душар болғанын ахиретте көру мүмкін бе?
Жауап: Әрине мүмкін. Мүтаффифин сүресінде иман келтіргендер кәпірлердің шегіп жатқан азаптарын күлімдеп тамашалайтынын білдірген аяти карималардың тәпсірінде хазреті Кааб былай деген:
«Жәннаттан тозақты көру мүмкіндігі бар. Бір мүмин тозақтағы дұшпанын көргісі келсе (бірден алдына келеді, теледидар сияқты) дұшпанына жасалған азаптарды көріп қуанады.» (Тибйан)
Тозақтағыларды көргендер қайғырмайды ма?
Сұрақ: Бір хадис шәрифте «Жәннаттан тозақты көруге мүмкіндік бар. Бір мүмин тозақтағы бір залымды көргісі келсе, оған жасалған азаптарды көріп қуанады» делінеді. Жәннатта қайғы болмайтындығы да айтылған. Бір адам тозақта азап шегіп жатқан залым ата-анасын немесе баласын көрсе қайғырмайды ма?
Жауап: Дүниедегі жағдай мен ахиреттегі жағдайлар әртүрлі. Белгісіз нәрселер белгілі нәрселермен салыстырылмайды. Ол жерде нәпсіміз болмағандықтан, нәпістен келетін сезімдер де болмайды. Тәубе етілген күнәлар кешіріліп, ахиретте бұл күнәлар ұмытылып, мүлдем еске түспейтіні сияқты, тозаққа кеткен жақындарымыз да ұмытылады. Қайғыға түсетіндей жағдай да пайда болмайды. Аллаһу та’аланың істерінде шатасу болмайды. «Жәннатта қайғы болмайды» делінген болса, ешбір түрде ешқандай қайғы болмайды.
Жәннатта әурешілік болмайды
Сұрақ: Жәннатта сақал болады ма? Ол жерде де сақалымызды қыру әурешілігі болады ма?
Жауап: Жәннатта еркектерге сақал өспейді. Қырыну машақаты да, басқа әурешіліктер де болмайды. Мысалы дәретхана қажеттілігі де болмайды. Намаз, ораза сияқты ешқандай ғибадат та болмайды, ақылға, қиялға келмейтін ниғметтер беріледі.
Жәннатта бәрі 33 жаста болады. Сүйікті пайғамбарымыз бір қарт әйелге «Жәннатқа кәрі адамдар кірмейді» деген кезде, байғұс әйел жылай бастайды. Сонда пайғамбарымыз әлгі әйелге «Сіз ол кезде жап-жас қыз боласыз» дейді. (Тирмизи)
Бәрі жас болады
Сұрақ: Бала кезінде өлгендер де, кәрі аталар да жәннатта 33 жасар жас болады екен. 33 жас дегеніміз онша жастық шағы болып саналмайды ғой. Неліктен 20 жаста емес, 33 жаста болады?
Жауап: Біздің пайғамбарымыздың үмметінен аздаған адамдар ғана жүз жасқа дейін өмір сүре алады. Бұрыңғы үмметтер мың жылдан астам өмір сүретін еді. 33 жас олар үшін өте кіші жас болып саналатын еді. 33 жас кіші жастағыларға үлкен жас болып көрінетін болса да, біз сияқты қарттар үшін жастық шақ болып табылады. Тағы бір жайт, ол жақта бәрі ең жақсы, ең сұлу түрде болады. Жас тұрғысынан да, басқа жағынан да жәннатта ешқандай қайғы мен қиыншылықтар болмайды.
Жәннаттағы өкіну
Сұрақ: «Жәннатқа кірген адам да өкінеді» делінеді. Жәннатта қайғы, қиыншылық болмайтын болса, онда неліктен өкіну болады?
Жауап: Иә, жәннатта қайғы, қиыншылық мүлдем болмайды. Жәннатта пайғамбарлар мен әулиелердің, ғалым мен наданның дәрежелері бірдей болмайды. Жәннатқа кірген адам «Қап, тағы көбірек ғибадат еткенімде ғой, ғалым немесе шәһид болғанымда ғой, мына достарыма Хақ та’ала ихсан еткен ниғметтерге, зәулім сарайларға мен де қауышқанымда ғой...» дейді. Бұл өкіну – тек қызығу ғана. Қызығу, ынтық болу қайғыға себеп болатындай жағдай емес.
Бір хадис шәрифтің мағынасы мынадай:
Қиямет күні қауіп өте үлкен болады. Ол сондай бір күн, адамдар басқалардан ақысын алуды, күнәларын біреудің арқасына жүктеуді талап етеді. Ахиретте бір мұсылманнан ақысын талап еткен құлға Аллаһу та’ала «Басыңды көтер, жәннатқа қара» дейді. Ақы иесі қарап:
– Йа Раббым, күмістен жасалған қалалар, інжу-маржанмен безендірілген, алтыннан соғылған биік ғимараттар мен сарайларды көріп тұрмын. Бұлар қай пайғамбар, қай сыддық немесе қай шәһид үшін соғылған? – деп сұрайды.
– Мұның құнын кім берсе, соған беремін.
– Оның құны қандай?
– Мұсылман бауырын кешіру.
– Йа Раббым, мен мына бауырымды кешірдім, ақымды қайтарудан бастарттым.
Бұған Аллаһу та’ала:
– Ал қане онда, бауырыңның қолынан ұста, оны да жәннатқа апар! – дейді. (Хаким)