Құран кәрім оқудың әдептері
Құран кәрім оқыған кезде мына әдептерге мән беру керек:
1) Дәретті болып, таза жерде құбылаға қарап, тізерлеп отыру керек! Еркектердің басы ашық күйде оқымай, ең болмағанда тақия кию керек! Тақиясыз оқу тәнзиһан мәкрух болады. (Мусхафқа қарап оқу жаттанды түрде оқудан сауаптырақ. Мусхаф – Құран кәрім кітабы.)
2) Құран кәрімді оқитын кезде Әузу және Бисмиллаһ-ті толық айтып бастау керек!
3) Мағынасын білсе де, білмесе де байыпты болып оқу керек!
4) Мүмкін болса жылап оқыған жақсы! Жылай алмайтын адам өзін қинап жылау керек!
5) Әр аяттың ақысын беру керек, яғни азап аятын оқыған кезде қорқып, рахмет аяттарын әуестеніп, мадақтау аяттарын оқыған кезде көңілмен тәсбих етіп оқу керек!
6) Құран кәрім оқыған кезде бойында рия, яғни мақтану, басқаға көрсету деген сияқты сезімдер оянса немесе намаз оқып жатқан адамға кедергі болса, ақырын дауыспен оқу керек!
7) Құран кәрімді тәжуидке (Құран кәрімнің дұрыс оқылу ережелеріне) сай және әдемі дауыспен оқу керек, бірақ әуендетпеу керек!
(Әуендету – әріптерді, калималарды бұзып әуенге салу деген сөз. Әуендеткен кезде әріптер бұзылатын болса харам, әріптер бұзылмаса мәкрух болады. Халеби кітабында былай делінген: "Құран кәрімді әуенге салып оқыған имамға ұйып оқылған намазды қайтадан оқу керек.")
8) Құран кәрім – Аллаһу та’аланың кәламы (сөзі), сипаты, қадим (бұрыннан бар, кейіннен жаратылған емес). Ауыздан шыққан әріптер "от" деп айтуға ұқсайды. "От" деп айту оңай, бірақ оттың өзіне ешкім шыдай алмайды. Бұл әріптердің мағыналары да осындай. Бұл әріптер басқа әріптерге ұқсамайды. Бұл әріптердің мағыналары мәлім болса, жеті қабат жер мен жеті қабат аспан шыдай алмайды.
9) Құран кәрімді оқудан бұрын бұл кәламды айтқан Аллаһу та’аланың ұлылығын ойлау керек! Кімнің сөзі оқылып жатқанын, қандай маңызды іс орындалып жатқанын жақсылап ойлау керек!
Құран кәрімді ұстау үшін таза қол керек болғаны сияқты, оны оқу үшін де таза жүрек (көңіл) керек.
Аллаһу та’аланың ұлылығын білмейтін адам Құран кәрімнің ұлылығын түсіне алмайды. Аллаһу та’аланың ұлылығын түсіну үшін Оның сипаттары мен жаратқандарын ойлау керек. Бүкіл махлұқ (жаратылыс) иесінің, қожайынының сөзі екенін ойлап оқу керек!
10) Ғафлетпен оқымай, көңілі ояу болып оқу керек және оқыған кезде басқа нәрселерді ойламау керек!
Мусхафқа құрмет
Сұрақ: Үйде Құран кәрім оқитын адам кейде жерге отырып оқиды. Оның қолындағы мусхаф диванда отырғандардан төмен болады. Бұл күнә болады ма?
Жауап: Аралары ұзақ болса күнә болмайды.
Ашық-шашық болғандардың жанында
Сұрақ: Ашық-шашық отырғандардың жанында Құран кәрім оқу жаиз ба?
Жауап: Өз әурет жерлері ашық болса немесе әурет жерлері ашық болғандардың жанында, жаттанды түрде болса да Құран кәрім оқу мәкрух. (С.Әбәдийа)
Сұрақ: Үйде Құран оқып отырғанда ішке біреу кірсе тұру керек пе?
Жауап: Бір адам Құран кәрім оқып отырғанында ішке әкесі, бір ғалым немесе ілім үйреткен ұстазы кірсе, ол үшін тұру жаиз болады. Басқалар үшін тұру жаиз болмайды. (Ф.Хиндийа)
Бір іспен айналысқанда Құран оқу
Сұрақ: С.Әбәдийа кітабында бір іспен айналысқан кезде Құран оқыған адамға азырақ сауап берілетіндігі жазылған. Біз бұдан, қандай іс болса да, бір іспен айналысып жатқанда, мысалы әйел кісі басымыз бен қолымыз ашық күйде үй жинап жатқанда, кір жуған кезде, дәретхана тазалағанда Құран оқуға болатындығын түсіндік. Осылай түсінгеніміз дұрыс па?
Жауап: Дұрыс емес. С.Әбәдийадағы «Бір іспен айналысқанда» тіркесінен тек жаман, лайықсыз істерді түсінуге болмайды. Құран оқуға кедергі болмайтын істер түсініледі. Оқылған Құранға құрмет көрсету керек. Лайықсыз іспен айналысқанда оқымау керек. Құран кәрімге құрметсіздік жасау адамды күпірге дейін апарады. Мубах, лайықты іспен айналысқанда оқуға болады. Мысалы үйге кіріп-шыққанда, жолда кетіп бара жатқанда, түрегеп тұрғанда немесе отырған кезде оқуға болады. Түнде жатарда төсекке жанымен жатып, аяқтарды қосып немесе жинап оқуға да болады.
Екіншісі, әйелдердің шашы мен қолы сияқты әурет жерлері ашық кезде ешқандай іспен айналыспаса да, Құран оқуы тахриман мәкрух болады.