Ораза тек ауыз бекіту емес
Аллаһу та'ала иман еткендерге жылына бір рет рамазан айында ораза ұстауды әмір еткен. Хақ та’ала бұл әмірді себепсіз бермеген. Ораза адамдарға әрі материалды, әрі рухани пайда беруде. Бір жыл бойы түрлі тағамдарды қорту үшін шаршаған адамның асқазаны және ішектері жылына бір рет демалып, өзінің саулығын сақтаған болады. Бұл – физикалық жағынан беретін пайдасы.
Рухани пайдасы болса – ораза ұстаған адам, аш қалған адамның тартқан азабын, өз басымен сезіп, кедейлерге көмек беру керек екенін сезінеді. Бұл адамдардың бір-біріне көмектесулеріне себеп болады. Бір-біріне көмектесетін адамдардың қоғамында қақтығыстар болмайды.
Сонымен қатар Аллаһу та'аланың әмірін орындау үшін күндіз бір ай ораза ұстаған мұсылман, Аллаһу та'аланың басқа да әмірлерін орындауды әдетіне айналдырады және басқа әмірлерін орындау қабілеті пайда болады.
Ораза ұстаған адамның тек асқазанын демалдыруды, диета ұстауды көздеуі оразаның сахих және қабыл болмауына себеп болады. Өйткені ораза тек сусыз және аш қалудан, белгілі формадағы және керексіз амалдардан ғана құралған емес.
Оразаның ішкі-мағына әлемінде көптеген үкімдері мен пайдалары бар. Ілімі мен түйсігі жоғары болғандар, дененің рухтың мекені және нәпістің қалауларының пайда болатын жері екенін біледі. Нәпістің дене қалаулары қанша көп болса және денеден қаншалықты күші басым болса, рухтың жетілуі де сонша аз және тіпті болмайды да. Барлық діндерде нәпістің қалауларын орындамау, яғни риязат (шілдеге отыру) шегу Аллаһу та'алаға жақындауға уәсилә болады деп білдірілген. Риязат нәпістің шахуатын сындырады. Сондықтан барлық дінде риязат жасау құнды болып саналған. Пайғамбарымыз «Ораза ұстаған адам өтірік айтуын тастамаса, ол адамның жеп-ішуді тәрк етуіне Аллаһу та'аланың мұқтаждығы жоқ» деп бұйырған.
Пайдасыз нәрселер айту, мұсылмандарды ғайбаттау оразаның сауабын кетіреді. Қиналып, әбіржіп ғибадат жасап, мұның сауабын жоқ қылу есі бар адамның істейтін нәрсесі емес. Намаз оқитындар мен ораза ұстайтындардың саны көп. Бірақ, діннің шекарасын білетін, харам мен күмәнді нәрселерге мән беретіндердің саны өте аз.
Дұрыс және ықыласты ғибадат жасайтындардың, қате ғибадат жасайтындардан айырмашылығы – Аллаһу та'аланың әмірлеріне мән беруінде. Өйткені намаз бен оразаның ықыласпен орындалғаны да, салғырт орындалғаны да сырттан бірдей көрінеді. Тек ішіп-жеуден тыйылып, өтіріктен, ғайбаттан тыйылмай тұтылған оразаның сырты ғана ораза, өзі пайдасыз амал екендігін ислам ғұламалары білдірген.
Бірақ, ораза ұстап жүріп күнә істегендер менің оразамның сауабы жоқ екен деп оразасын тастап кетпеуі керек, оразасын жалғастыруы тиіс. Аллаһу та'алаға жалбарынып кешірім сұрау керек және істеген күнәларынан аулақ болу керек. Онсыз да оразаны жалғастыру адамды күнә істеуден арашалап қалады. Имам Раббани хазреттері былай дейді:
«Аллаһу та'аланың ілтипатымен, ихсанымен нәпіс иман етіп, исламға мойынсұнумен абыройланғанда "Ислами хақиқия"ға қауышылады және иманның ақиқаты пайда болады. Бұдан кейін істелетін істің барлығы исламның ақиқаты болады. Намаз оқылғанда намаздың ақиқаты орындалған болады. Ораза ұсталғанда, оразаның ақиқаты ұсталған болады. Исламның барлық үкімдеріне мойынсұну осылай болады.»
Ораза жылына бір ай, яғни Рамазан айында тек күндізгі уақыттары оразаны бұзатын нәрселерден аулақ болу деген сөз. Оразаның дүниедегі пайдаларының бірі адамдарға аштық пен сусыздықтың не екенін үйрету. Қарны тоқ адам ешқашан аш адамның халін түсіне алмайды және оған мейрімділік танытпайды. Сонымен қатар ораза нәпіске ие болуды да үйретеді. Пайғамбарымыз алейһиссалам: «Бір адам рамазан айында ораза ұстауды парыз деп біліп, міндет деп біліп және оразаның сауабын Аллаһу та'аладан күтсе, өткен күнәлары кешіріледі.»- деген.
Қорыта айтқанда оразаның Аллаһу та'аланың әмірі екеніне сену керек және одан сауап күту керек. Сауап ала алу шін күннің ұзақ не ыстық болуынан және ораза ұстаудың қиын болғанынан шағымданбау шарт болып табылады. Күннің ұзақ болуын, ораза ұстамайтын әлемнен бейхабар надандар арасында қиналып жалғыз басқа ораза ұстауды таптырмайтын мүмкіндік және ғанимет деп білу керек.