Сұрақ: Маған өте көп уәсуәса (шайтаннан келетін күмәндар) келеді, дәретте, ғұсылда, намазда ниет еткенімді ұмытамын, бұларды ниетсіз орындасам сахих (дұрыс) болады ма? Құрғақ жер қалды деп ойлап, сол жерді қайта-қайта жуамын. Аздаған жер құрғақ қалса дәретім мен ғұсылым сахих болады ма? «Дәретім бұзылды ма екен» деп көп уәсуәса етемін, дәретсіз намаз сахих болады ма? Киіміме нәжіс тиді деп санаймын. Нәжіс тиген киіммен намаз оқылса сахих болады ма? Имамның жағдайын білмеймін, имам атеист болса, оқыған намазым сахих болады ма? «Ішіп-жеген азықтарымда спирт немесе шошқа майы бар, мал Бисмиллаһсыз сойылған» деп уәсуәса етемін. Осы секілді жағдайларда не істеуім керек?

Жауап:

1) Ниет етпегенін білмейтін, яғни «жүз пайыз, мен ниет етпедім» дей алмайтын адам ниет етті деген сөз, намаз сахих болады. Ал ғұсыл мен дәретте онсыз да ниет шарт емес.

2) Дәретте немесе ғұсылда құрғақ жер қалғандығы белгілі болмаса, құрғақ жер қалса да, білмегендіктен, дәрет пен ғұсыл сахих болады.

3) Дәрет алғанын біледі, бірақ дәреттің бұзылғанын білмесе, дәреті бұзылған болса да, дәреті бар деп қабылданады және намазы сахих болады.

4) Киімде нәжіс бар екендігі белгілі болмаса, сол киім нәжіс болса да, намаз сахих болады.

5) Имамның атеист екені мәлім болмаса, намаз сахих болады. Дініміз имамның жүрегіне қараңдар демейді. Сыртқы көрінісіне қаралады. Көріністе күпірін белгілі ететін ештеңе болмаса, намаз сахих болады.

6) Ішіп-жеген азықтарымызда спирт және шошқа майы бар екенін білмесек, таза деп қабылданады. Азықтардың құрамында нәжіс бар болса да, білмегеніміз үшін күнә болмайды. Жеген әрбір азығымызды анализден өткізуіміз қажет емес.

7) Дініміздің барлық үкімдері осындай. Мысалы, бір адам үйленген әйелінің сүт бауыры екенін білмейтін болса, ол сүт бауыры болса да, ешкім білмегендіктен, оған үйленуі күнә болмайды.

Уәсуәса діннің үкімдерін білмеуден туындайды. Жоғарыдағы үкімдерді білетін адам ешбір мәселеде уәсуәса етпейді.

Уәсуәса еткен адам

Сұрақ: Менде көп уәсуәса бар. «Бұл жерді жумадым-ау немесе ысқыламадым-ау» деп қайта-қайта жуамын немесе ысқылаймын. Бұған қарсы шара бар ма?

Жауап: Уәсуәсадан құтылу үшін өз-өзіне «Бұл жердің құрғақ қалғанына немесе бұл жерді ысқыламағаныңа ант етесің бе?» деп сұрау керек. Ант ете алмаса, ол жер жуылған немесе ысқыланған болады, қайта жуу немесе ысқылау қажет емес.

Барлық уәсуәса үшін де өз-өзіне дәл осы сұрақты қоюға болады. «Мен ант ететіндей дәрежеде сенімді болсам, онсыз да уәсуәса етпеймін» деу де уәсуәса болып табылады. Ант ете алмаса, мұның уәсуәса екенін аңғару керек. «Тағы бір жуып жіберсем жақсы болмайды ма?» демеу керек. Бұлай ойлау уәсуәсаны арттырады.