Намаздың дұрыс болуы үшiн дәреттiң де, ғұсылдың да дұрыс алынуы керек. Жүнiптiк, жыныстық қатынас және ихтилам арқылы болады. Жүнiп болған әйел және еркек, хайыз немесе нифастан босаған әйелдерге намаз уақытының соңында сол намазды оқитындай уақыт қалғанда ғұсыл алуы парыз болады.

Пайғамбарымыз хадис шәрифте былай деген: «Ғұсыл алу үшін орнынан тұрған адамға денесіндегі түк санынша (яғни өте көп) сауап берiледi. Сонша күнәсi де кешiрiледi. Жәннаттағы дәрежесi жоғарылайды. Ғұсылы үшiн оған берiлетiн сауаб, дүниедегi барлық нәрседен де артық болады. Аллаһу та’ала перiштелерге бұл құлыма қарандар! Түнде менiң әмiрiмдi ойлап, ерінбей жүнiптіктен ғұсыл алып жатыр. Куә болыңдар, бұл құлымның күнәларын кешiремiн дейдi».

Басқа бiр хадисте: «Жүнiп болғанда жылдам ғұсыл алыңыздар! Өйткенi Кирамен кәтiбин перiштелерi жүнiп адамға ренжидi, өкпелейдi». Имам Ғазали айтады: «Қайтыс болған бiр адам түсiмде былай дедi: “Өмірімде аз уақыт жүнiп халде жүрген едiм. Қазiр ендi үстiме оттан көйлек кигiздi. Әлi де оттамын”- дедi.» Бiр хадис шәрифте: «Жанды сурет, ит және жүнiп адам болған үйге рахмет перiштелерi кiрмейдi» делінді.

Намаз оқитын кез-келген адам намаз уақытын жүнiп халде өткiзсе қатты азапталады. Сумен жуынуға мүмкiндiгi болмаса тәйәммум алуы керек. Жүнiп болған адамдар төмендегi нәрселердi iстей алмайды: 1. Еш бір намаз және сүре оқи алмайды. 2. Құран Кәрiмдi ұстай алмайды. 3. Қағбаны тауап ете алмайды. 4. Мешiтке кiре алмайды.

Ғұсылдың парыздары

 Ханафи мазһабында ғұсылдың парыздары үшеу:

1. Ауыз ішін шаю. Ауыз ішінде иненiң ұшындай су тимеген жер қалса, тiстерінiң тесiктерiне су тимесе ғұсыл алған болып есептелмейдi.

2. Мұрынды шаю. Мұрындағы құрғақ кiрдiң астына және ауыздағы нанның астына су тимесе ғұсыл өтпейді. Ханбали мазһабында ауызды және мұрынды шаю дәретте де ғұсылда да парыз. Шафии мазһабында болса, ғұсыл алуға ниет ету де парыз.

3. Дененiң барлық жерiн жуу. Кiндiктiң iшiн, мұрт, қас және сақал, оның астын және шашты жуу парыз. Тырнақта, ерiнде, көз қабағында немесе дененiң қандай да бiр жерiнде су өткiзбейтiн заттар  болатын болса ғұсыл өтпейді.

Ғұсылдың сүннеттерi                           

1. Алдымен қолын жуу.

2. Әурет  жерлерiн жуу.

3. Дененi нәжістен тазалау. 

4. Ғұсылдан бұрын дәрет алу, жүзiн жуып жатқанда, ғұсылға ниет ету. Шафииде ниет парыз.

5. Барлық дененi үш рет жуу.

6. Барлық дененi жуған соң екi аяқты жуу.

Ғұсыл қалай алынады?

Сүннетке сай ғұсыл былай алынады:

1. Таза болса да әуелi екi қолды, содан кейін әурет жерiн және дененiң басқа да жерлерiн жуады.

2. Одан соң толық дәрет алады. Жүзiн жуып жатқанда ғұсылға ниет етеді. Аяқтың астына су жиналмаса аяқты да жуады.

3. Одан соң дененiң барлық жерiне үш рет су құяды. Алдымен басқа, онан соң оң иыққа, кейiн сол иыққа үш реттен су құйылады. Әр құйғанда сол мүшелерге толық су тию керек. Бірінші құйғанда ысқылау керек.

Ғұсылда дененiң бiр мүшесiне құйылған су басқа мүшеге  тисе ол жер де таза болады. Өйткенi ғұсылда бүкіл дене бiр мүше болып есептеледi. Ал дәретте бiр мүшеге құйылған су басқа мүшеге тисе толық жуылған болып есептелмейдi. Ғұсыл алғаннан кейін қайта дәрет алу мәкрух болады. Бiрақ, ғұсыл алу кезінде дәретi бұзылса, қайта дәрет алу керек.