Ұрлық – өзгенің мүлкін ұрлау, рұқсатсыз алу, өзгенің меншігін ақысыз (әділетсіз) түрде өз иелігіне өткізу деген сөз. Рұқсатсыз алынған және ұрланған нәрселер аз да болса, үкімдері бір және харам болып табылады. Әркімнің қолындағы меншігі оның меншігі емес екендігі дәлелденбегенше өзінің мүлкі болып қала береді. Ұрлық, күштеп тартып алу, зұлымдық, парақорлық, пайыз, қарақшылық және қиянатпен қол жеткізілген мүлік, меншік болмайды. Мұндай нәрсені сатып алу, жеу, ішу жаиз емес. Хадиқа кітабында былай делінеді: “Күштеп немесе ұрлық, қиянат секілді харам жолдармен қол жеткізілгені мәлім болған нәрсені, сыйлық, садақа және төлемақы ретінде алу, жалға алып қолдану халал емес. Тек мұрагердің мұраға қалған нәрселердің иесін білмеген жағадайда, сол нәрселерді алуы халал болады. Мүліктің осы сияқты харам екені толық мәлім болмаса, барлық адамның алуы жаиз болады.”

Ұрлық жасау – үлкен күнәлардың бірі. Еркектерден де, әйелдерден де, бұл күнәға тұтылған адамдар өте көп. Ұрлықтың тұзағынан құтыла алған адам өте аз. Сондықтан ұрлықтың не екенін біліп, одан сақтану керек. Ерлі-зайыптылардың бір-бірінің затын рұқсатсыз алулары, жаратулары, қолданулары ұрлық болып, үлкен күнә жасалуда. Бұл жағдай көп адамда бар. Аллаһу та'аланың сақтаған өте аз адамдары бұдан құтылған. Кейбір адамдар мұның ұрлыққа жататынын, күнә екенін де білмейді. Тіпті халал деп ойлайды. Бұлай ойлап, сеніп имандарын қауіпке соғуда. Бұлай сенген ерлі-зайыптылар бір-бірінің заттарын рұқсатсыз алуды әдетке айналдырғандықтан, өзгелердің затын рұқсатсыз қолданудың жаман екенін ойлап та көрмейді. Соның салдарынан көпшілік өзгенің мүлкіне тартынбай қиянат етуде және ұрлық жасауда. Ниса сүресінің 29-аятында: «Ей иман еткендер, бір-бірлеріңнің меншіктеріңді араларыңда бұрыс жолмен жемеңдер. Яғни Исламның харам еткен пайыз, құмар, ұрлық және күштеп тартып алу секілді бұрыс жолдарымен жемеңдер. Тек қана бір-бірлеріңнен разы болатын түрде, сауда жолымен болсын.» деп бұйырылған.

Өтірік айту, өсек айту, ғайбат ету, жала жабу, ұрлық, айла, қиянат ету, адамдарды ренжіту, фитна шығару, өзгенің затын рұқсатсыз қолдану, жұмысшының, жүк тасушының бейнетақыларын бермеу күнә болады. Бұларды мұсылман болмаған адамға қарата да, мұсылман болмаған мемлекетте де жасау күнә болады. Ғибадаттардың қабыл болуы үшін ұрлық, айла және қиянат секілді күнәлардан тыйылу керек.

Шақырылмаған жерге бару өз-өзін қорлау болып есептеледі. Хадис шәрифте: «Шақырған жерге бармау күнә болады. Шақырмаған жерге бару ұрлық жасау болады.» делінген.

Бір күні хазреті Бәһлүл Дананың үйіне ұры түсіп, үйден тапқан нәрсесінің барлығын алып кетеді. Таң атқанда хазреті Бәһлүл Дана тұрып мазаратқа барып, мазаратқа кіретін есіктің алдына отырып алады. Бұл жағдайды естігендер:

- Не үшін ұрының ізіне түспедің, неге бұл жерге келіп отырсың? – деп сұрайды. Хазреті Бәһлүл Дана:

- Жолынан адасқан ол адамды осы жерде күтіп отырмын,- деп жауап береді. Бұл сөзге сол маңдағылар күледі.

- Аллаһ оңынан қайырсын, ол адам бұл жерге келіп қайтеді? – дейді әлгі адамдар. Оларға хазреті Бәһлүл Дана:

- Сендер уайымдамаңдар, ол міндетті түрде бұл есікке келеді. Ажал оны бұл жерге әкеледі – деп жауап береді. Бұл сөзді естіген сол жердегілер терең ойға шомады.

Әһли сүннет ақидасында амал иманның бөлігі емес. Еріншектікпен әмірлерді орындамаған және нәпісіне еріп күнә жасаудан тыйылмағандардың иманы кетпейді, кәпір болып қалмайды. Үлкен күнә жасаған мұсылмандар бұл дүниеде тәубә етпей, ахыретте де шапағатқа қауыша алмаса, күнәлары мөлшерінде тозақта жанады, одан кейін өздерінде болған иман нұрының себебімен Аллаһу та'аланың кешіріміне қауышады.

Қорыта айтқанда, адам өлтіру, ұрлық жасау, өтірік айту секілді күнәлар адамның иманын кетірмесе де, бұлар үлкен күнә болып табылады. Кішкентай күнә жасауды тоқтатпау үлкен күнәға, үлкен күнә жасауды тоқтатпау иманға қатер алып келеді. Пайғамбарымыздың айтқанындай: «Иманы болған адам зина, ұрлық жасамайды.»