Дұрыс жол тек қана Әһли сүннет уәл-жамағат жолы. Хадис шәрифте былай делінеді: "Үмбетім 73 топқа бөлінеді. Олардың ішінен 72сі тозаққа барады, тек бір топ қана құтылады. Тозақтан құтылатын сол жалғыз топ Менің және сахабарымның жолымен жүргендер болады" (Тирмизи, Ибн Мажә)

Әһли сүннет уәл жамағат - сүннет және жамағат қауымы дегенді білдіреді. Сахабалар Пайғамбарымыздың (алейһиссалам) жамағаты еді. Ал Сүннет - пайғамбарымыздың жолы дегенді білдіреді. Олай болса "Мен тек Құранмен сүннетке бағынамын" деу үлкен қате. Сүнни болу үшін Сахабаи кирамның барлығын жақсы көріп, құрметтеу және олардың жолымен жүру де шарт. Пайғамбарымыз "Тек қана менің жолыммен жүргендер жаннатқа барады" демеді. "Менің және сахабаларымның жолымен жүргендер" деді. Бұл өте маңызды нюанс!. Сахабалардың барлығын сүйіп құрметтеу тек Әһли сүннетке нәсіп болған ерекшелік. Олай болса, дұрыс жолда, дұрыс сенімде болудың өлшемі - Расулуллаһтың және сахабаларының жолымен жүру. Әр топтың, әр сектаның өздерін "сүннитпін" деп таныстырып жүргені де сыр емес. Осындай жағдайда басы қатқан адамға ақиқат дұрыс жолды табудың шарасы бар. Аллаһу та’ала Исламды дұрыс үйренгісі келгендерге оны нәсіп ететінін уәде берген. Аллаһ уәдесінен қайтпайды. Құран кәрімде:"Дұрыс жолды іздегендерді бақытқа алып баратын жолдарға қауыштырамыз." [Анкабут 69]және "Аллаһ оған қарай бет алғандарды дұрыс жолға түсіреді." [Шура 13] делінеді.

Олай болса, Аллаһу тааланың уәдесіне сену керек "Біз шәксіз дұрыс жолдамыз" десек те тағы "Уа Рабби, кімдер дұрыс жолда болса, Сенің ризаң кімдер жақта болса, маған оларды сүюді, олармен бірге болуды нәсіп ете гөр!" деп дұға ету керек. Егер дұрыс жолда жүрген болсақ, бұл дұғаның ешқандай зияны болмайды. Адасып жүрген болсақ, ықыласпен жасаған осы дұғаның арқасында дұрыс жолға қауышқан боламыз. Әрбір мұсылман осылай дұға ету керек. (Әстағфируллаһ) “бұлай дұға етсем Аллаһ мені қате жолға түсірер” деп ойламау керек.