Абдуллаһ Бин Хүзафе және оның сексенге жуық жолдасы Византиялықтарға тұтқынға түседі. Оларға император тарапынан діндеріңнен қайтыңдар деп қатты қысым жасалады. Әсіресе Абдуллаһ Бин Хүзафені қатты қинайды. Бірақ  Абдуллаһ Бин Хүзафе өз дінінен қайтпайтынын айтып табан тіреп тұрып алады. Император:

- Діндеріңнен қайтпасаңдар қазанға қайнатып өлтіремін,- дейді. Мұсылмандар діндерінен қайтпайтындарын айтады.

Қазанға май құйып, астына от жағып, бір тұтқын мұсылманды әкеліп:

- Дініңнен қайт!-деп соңғы рет ескертеді. Сонда мұсылман оларға қарап күліп тұрып:

- Дәл қазір, шәһиттерге уәде етілген жұмақтағы зәулім үйлер көз алдымда тұр. Әттең жаным көп болғанда, жұмақта көп зәулім үйлерге қауышар едім– дейді.  Мұны естіген Византиялықтар ол мұсылманды қайнап тұрған қазанға тастайды.

Хазреті Абдуллаһқа да дәл солай:

- Дініңнен қайт!- деп соңғы рет ескерткенде, «жоқ» деп жауап қайырған Хазреті Абдуллаһтың да қазанға тасталуы әмір етіледі. Қазанға тастауға алып бара жатқанда Хазреті Абдуллаһ өксіп жылайды. Мұны көрген император оны алдына алып келуін бұйырады.Императордың алдына келген Хазреті Абдуллаһ былай дейді:

«Мені осындай халге түскенім үшін жылап тұр деп ойлама. Олай емес. Менің, Аллаһ жолында құрбан ететін жалғыз ғана жаным бар. Шашымның санындай көп жаным болғанда, барлығын қуана-қуана Аллаһ жолында құрбан етер едім...» - дейді.

Мұндай күшті иманнан әсерленген император, бір сылтау тауып Хазреті Абдуллаһты бостандыққа жібергісі келеді.

– Менің басымнан сүйсең, бостандыққа жіберемін.

– Жоқ!

– Дініңнен қайтып, менің қызыма үйленсең, мал-мүлкімнің жартысын саған беремін.

– Жоқ!..Жоқ!

– Басымнан сүйсең, сені қасыңдағы 80 жолдасыңмен қосып бостандыққа жіберемін.

Хазреті Абдуллаһ императордың бұл ұсынысына келісіп, импертордың басынан сүйеді де 80 жолдасын алып Мәдинаға қайтады. Оларды Мәдинадағы Сахабалар құшақ жая қарсы алады. Хазреті Омар Сахабаларға қарап: «Барлығың Абдуллаһтың басынан сүйіңдер» – дейді.

Хазреті Омар өзі бастап артынан бүкіл мұсылмандар Хазреті Абдуллаһтың басынан сүйеді....

Абдуллаһ Бин Хүзафе Хазреті Османның дәуірінде Мысырда қайтыс болады.